Бейжің Олимпиадасына бойкот
Бейжің Олимпиадасына бойкот
399
оқылды
Келер жылы ақпан айында өтетін Бейжіңдегі қысқы Олим­пиадаға дипломатиялық бойкот жариялаған елдер қатары күн санап өсуде. Алдымен АҚШ Қытайдағы адам құқықтарына қа­тысты алаңдаушылыққа байланысты жарысқа ресми делегация жібермейтінін хабарлаған. Олардың ізін ала Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада дипломаттарын әлемдік додаға жібермеу туралы шешім қабылдады. Бірақ аталған елдер спортшы­ларының жарысқа қатысатынын және үкіметтің  толық қолдауына ие болатынын мәлімдеді. Негізінен халықаралық ұйымдар мен демо­кратия­лық елдер Қытайды «Шың­жаң автономиясында тұратын мұсылман азшылықтарға геноцид жасады» деп айыптауда. Соңғы уақытта Бейжіңнің Гонконгтағы саяси бостандықтарды басып-жаншу әрекетіне қатысты да шиеленіс күшейді. Осы жағдайлар және одан бөлек әлемдік пандемияға байланысты шектеулер де Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға бойкот жа­рия­лауға себеп болып отыр. Неліктен мұндай қадамға бар­ғанын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки былайша түсіндірді.
– Қытай Халық Республикасы Шыңжаңда жүріп жатқан геноцид пен өзге де адам құқығын бұзу дерек­терін ескере отырып, Байден әкім­шілігі дипломатиялық және ресми делегациясын Бейжіңде 2022 жылы өтетін Олимпиада мен Паралим­пиадаға жібермейді. Олимпиада ойындарына дипло­матия­лық бойкот жариялау туралы АҚШ-та сәуір кезінде айтыла бастады. Мамыр айында осы мәселе бойынша Конгресстің өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси ресми мәлімдеме жасаған. Жазда АҚШ билігі, тіпті Олимпиаданы басқа елге ауыстыру туралы үндеу тастаған еді. АҚШ-тың бұл ұсынысын Канада, Ұлыбритания, Норвегия мен түрлі құқық қорғау ұйымы қолдады, – деді Псаки.
Өз кезегінде дипломатиялық бойкотқа қатысты пікір білдірген Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі бұл шешімді «саяси манипуляция» деп атады. Ал ҚХР сыртқы істер ми­нистр­лігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Бейжің Олимпиадасының сәтті өтуіне ештеңе әсер ете алмайтынын айтты. Ендігі кезекте Жапонияның да дипломатиялық бойкот жариялауы мүмкін екені айтылып жатыр. Ал Халықаралық Олимпиада коми­теті­нің президенті Томас Бах саяси бойкоттардың көбеюіне қарамас­тан, спортшылар Олимпиадаға қаты­сатынын хабарлады. Жалпы, бірқатар елдің Олимпиада ойындарына бойкот жариялап, дүбірлі додадан бас тартқан кездері – тарихта бір емес бірнеше рет болған. Оның басты мақсаты – Олим­пиаданы қабылдаушы мемле­кеттің ішкі және сыртқы саясатын­дағы қателіктерге немесе әлемдегі әділетсіздікке қарсылық танытып, жағдайды жақсартуға тырысу. Тарих­қа шегініс жасасақ, 1964 жылы Токио Олимпиадасынан Индонезия, Сол­түс­тік Корея және Оңтүстік Африка мемлекеті бас тартқанын байқауға болады. Ал 1976 жылғы Монреаль Олимпиадасына регбиден Жаңа Зеландия мен Оңтүстік Африка құрама­лары­ның арасындағы есепке көңілі тол­маған 26 африкалық мемлекет бойкот жариялады. 1979 жылы Ауған­станға Кеңес әскерін кіргізгені үшін 80-жылы өткен Мәс­кеу Олимпиадасына әлемнің 64 елі қа­тысқан жоқ. Соңғы рет АҚШ 1980 жылы Олимпиада ойындарына то­лық бойкот жариялаған болатын. Айта кетейік, 2022 жылғы Бей­жің­дегі қысқы Олимпиада 4-20 ақ­пан аралығында, ал қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында өтеді.