Шымкент қаласындағы полиция ғимаратында күдікті деп ұсталған атпалдай азаматтың қайтыс болуы қоғамда үлкен пікірталас туғызып отыр. Алғашында «өзін нашар сезініп, өз-өзінен қайтыс болып кетті» деп мәлімет таратқан Полиция департаментінің ақпараты енді жалған болып шықты. Айдың күннің аманында денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ 31 жастағы сотқалдай жігіттің ешнәрсе болмай құлап, қайтыс бола салуы мүмкін емесін әлеуметтік желі белсенділерінен бастап оның әкесі мен бауырлары, туыстары да айтты. Баласының мезгілсіз көз жұмғанын Қырғыз елінде жүріп естіген әкесі Ерғара Жұмабаев құстай ұшып, Шымкентке жетеді. Мәйітханадағы ұлын көзбен көргенде жүрегі қарс айырылады. «Денесінде сау тамтығы жоқ. Екі құлағының асты, мойны, желкесі арқа белі түгел, бүйрек тұстары түгел қарайып кеткен ғой. Бұлар қолдан өлтіріп отыр. Сот-медициналық сараптамаға баламды тіпті кеспей-ақ қоюын сұраған едім. Себебі әбден ұрғаны, барлығы да айдан-анық көрініп тұр. Денесін кесті. Видеоға, суретке түсіре алмадым. Өзімізде бар, қорғаушыға береміз деп сендірді мені», – деп көзіне жас алды марқұмның әкесі Ерғара Жұмабаев. Осылайша, Шымкентке қалыңдығын алып кетуге келген қостанайлық Нұрболаттың денесі еліне ақ матаға оралған күйде жеткізілді. Жүрегі қан жылап тұрған марқұмның әкесі қалай болғанда да баланы сақшылардың тепкілеп ұрғанына жүз пайыз сенімді. «Нұрболат спортпен шұғылданатын, денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ сотқалдай азамат еді», – дейді әкесі. Қостанайда шағын бизнесі де бар екен. Көпбалалы отбасында өсіпті. Шымкенттегі сот-медициналық сараптаманың қорытындысында баланың өліміне «шок» болғаны және «ұйқы безіне қан кету», «ішінен алған жарақат» себеп болған деп көрсетілген. «Баламды қолдан өлтіріп отыр» деп еңіреген әке сараптама қорытындысында бәрі жазылғанын, дәлелденіп тұрғанын айтады. «Біз министрлікпен байланысып отырмыз. Сараптама қорытындысының өзі полицейлердің баламды тепкілеп қолдан өлтіргенін дәлелдей алады. Соның өзі жеткілікті деп отыр. Одан бөлек, баланың денесіндегі, бетіндегі қанталаған дақтары бар сурет те бар болып шықты. Тергеу әрекеттерін, сот шешімін күтіп отырмыз. Егер кінәлілер лайықты жазаланбаса, одан да жоғары тұрған орындарға арызданамыз», – дейді Е.Жұмабаев. Марқұмның отбасына Шымкент қаласындағы осы салаға жауапты және кінәлі деп танылған 6 полицейдің жұмыстан кеткені және 3-еуінің қамауға алынғаны жөнінде ақпарат беріліпті. Бұл ақпаратты қалалық Полиция департаменті растап отыр. Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов полиция қызметкерлерінің Жұмабаевқа күш қолданғанын растады. «Полицияның лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалды, объективтілік мақсатта оларды арнайы прокурорлар тергеп жатыр. Осы факті бойынша жүргізілген қызметтік тергеу нәтижесінде ұстауға қатысқан қызметкерлер және олардың іс-әрекеттеріне бақылауды қамтамасыз етпеген басшылары ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар олардың қылмыстық істі тергеу шеңберіндегі іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады» деген Шымкенттің бас полицейі өзінің мәлімдемесінде. Істі прокуратура мен Өзіндік қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр. Шымкент қалалық Полиция департаментінде көз жұмған Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша ұсталған үш лауазымды полицейге сот қаулысы шықты. Олар Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу изоляторына қамауға алыныпты. Қаулыны Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты шығарды. Олар бұған дейін уақытша ұстау изоляторында болған. Енді тергеуде екі ай бойы тергеліп жатады. Оның екеуі подполковник болса, біреуі полковник шеніндегі лауазымды тұлға. Олар негізінен Криминалдық полиция басқармасында қызмет атқаратын. Шулы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеліп соғу) қылмыстық ісі қозғалған. Адвокат Есімов іске қатысты басқа адамдар әлі де анықталып жатқанын айтады. Ал оқиғаның басы-қасында болған марқұм Нұрболат Жұмабаевтың жолдасы қостанайлық Сергей Петровты қорғап жүру үшін арнайы күзет бекітілген. Бұл туралы марқұмның әкесі айтып өтті. Себебі Сергей полицейлердің өзін де, жолдасы Нұрболатты да теуіп, бастарын күртешемен жауып, бірнеше мәрте соққы бергенін көрген бірден-бір куәгер. Таяу күндері Полиция департаменті көлік ұрлығы бойынша брифинг өткізбекші. Айтуларынша, марқұмның көлігінен айғақты заттар тәркіленген. Ал бұл бойынша марқұмның әкесі көлік жуу тұрағында тұрған көлікке әлдебіреулердің темір-терсек салып қойғанын айтып өтті. Адвокат болса, айғақты зат тәркіленгенде тергеуші қатысуы тиіс екенін айтады. Тіпті, жауап алу кезінде де тергеуші болмаған. Қалай болғанда да, қылмыскер болсын, болмасын жас жігіттің өлімі шымкенттік полицейлер үшін үлкен сын болды. Еліміздегі ең басты байлық адам және оның өмірі мен қауіпсіздігі болуы тиіс. Қазір әлеуметтік желіде «кінәлілер қатаң жазаланбаса, Нұрболаттың басына түскен жағдай кез келгеніміздің басымызға түсуі ғажап емес» деген сөздер желдей есіп тұр.
Шымкент қаласы