Әскер – ер-азамат үшін өмір мектебі. Алайда әр тәуліктің әр сағаты күні бұрын жоспарланатын нарық заманында көпшілік бұл пікірді аса қуаттай қоймайды. Сондықтан да болса керек, тепсе темір үзетін жігіттердің дені жердің шетінде, желдің өтінде Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастырып жатады. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары да құптап, балаларын әскерге жібермеуге барын салады. Әрине, оның себебі де түсінікті.
Әскери қызмет кімге міндетті емес?
Жалпы, жыл сайын елімізде Қарулы Күштердің қатарын 35 мыңдай жас сарбаз толықтырады. Олардың жартысы көктемгі, ал қалғаны күзгі шақыртуда сапқа тұрады екен. Алайда бізде қолына шақырту түскеннен қорғаныс істері жөніндегі бөлімге асығатындардан гөрі таныс-тамырды жағалап, әскерге бармауға барын салады. Неге десеңіз, бейбіт күннің өзінде он екі мүшесі сау күйінде сапқа тұрғандардың табытпен оралу дерегі азаймай тұр. Казарма кереуетінен аурухана төсегіне танылғандар туралы да мысал көп. Осыдан кейін әскерге шақырту келгеннен төбе шашы тік тұратындар мен олардың ата-анасының жағдайын түсіне беріңіз. Әрі әр нәрсеге есеппен қаратуды үйреткен біздің қоғамда әскери борышты өтеуді бір жылды текке өткізу деп қабылдайтындардың саны артпаса, кеміген жоқ. Мәселен, бүгінге дейін тек «Электронды үкімет» порталы арқылы ғана 11 мың азамат әскерге шақырудан босату немесе шақыруды уақытша кейінге қалдыру бойынша өтінім беріпті. Қорғаныс министрлігі олардың 10 мыңға жуығының әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдырды. Ал қалған 1,5 мыңы шақырудан мүлдем босатылған. – Заңда азаматтарды әскерге шақырту қандай жағдайда кейінге қалдырылатыны немесе мүлдем босатылатыны жазылған. Мәселен, биыл көктемгі шақырту науқанында 85 мың азамат медициналық тексеруден өтті. Нәтижесінде, олардың 10 пайызы денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақыртудан мүлдем босатылды. Тағы 10 пайызын емдеу үшін шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға тура келді. Шақырудан негізінен жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитындар уақытша босатылады. Сонымен қатар заң жүзінде діни қызметкерлер де әскери борышын өтемейді. Бұл қатарға әуекөліктері экипаждарының мүшелерін де жатқызуға болады, – дейді Қарулы Күштер Бас штабының Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов. Қарулы Күштер Бас штабының өкілі айтқан заңға сай, әскерден шақыртудан босатылатындар мен уақытша кейінге қалдырылатындар түрлі санатқа жіктеледі. Атап айтқанда, әскери оқу орындарының түлектері, ғылыми атағы барлар, жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған немесе бірінші, екінші топтағы мүгедек болып қалғандарға да әскери қызмет міндетті емес. Отбасын құрып, бала сүйгендер де Отан алдындағы қастерлі борышын өтеуден босатылады. Мүгедектігі бар әрі кісі көмегімен жүріп-тұратын туыстарын қамқорлығына алғандар, отбасындағы жалғыз асыраушылар да әскерге шақыртылмайды. Бұдан бөлек, педагогика, медицина салаларының өкілдері, Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттары да әскерге шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға құқылы. Сондай-ақ 2013 жылдан бастап түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алмағандарға әскери қызметтен өтудің баламалы түрі ұсынылды. Бұл тетікті 24-27 жас аралығындағы әскери міндетті азаматтарды ақылы негізде пайдаланады. Ел арасында «40 күндік әскер» аталатын әскери қызметтің баламалы түрін өткеру үшін азаматтар өз қалтасынан 263 мың 318 теңге ақы төлеуі керек.Айыппұл 8 миллион теңгеге жетеді
Сәйкесінше, жоғарыда аталған санаттың ешбіріне жатпайтын 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер әскери борышын міндетті түрде өтеуі керек. Әйтсе де, бізде әскерге шақырту алса да, оған немқұрайды қарайтындар көп. Олар заңның Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздардың басынан сипамайтынын ескермейтін сияқты ма? Әлде хабарсыз. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сай әскерге шақырту қағазы қолына тиген азамат межелі мерзімде қорғаныс істері жөніндегі бөлімге бармаса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Мұндай айыппұл тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұрмайтын әскери міндеттілерді жұмысқа, оқуға қабылдағанын хабарламаған заңды тұлғаларға да салынуы мүмкін. Әскери міндетті қызметкерлерінің әскери есеп заңдылығын сақтамағанын біле тұра тиісті орындарға хабар бермеген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлеміндегі айыппұлды арқалайды. Ал әскери борышын өтеуден қасқана қашқандар Қылмыстық кодекс негізінде жазаланады. Аталған кодексте әскерге барудан бас тартқандарға 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 917 000 теңге) көлемінде айыппұл салынатыны немесе бір жылға бас бостандығынан айырылатыны айтылған. Әскерге бармау үшін қасақана денсаулығына зиян келтіргендер мен денсаулығында кінәрат бар екенін көрсететін жалған құжат жасағандардың қылмыстық жауапкершілігі тіптен қатаң. Оларға 3 000 айлық есептік көрсеткіш (8 751 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігіндегілер елімізде әскери борышын өтеуден қашатындардың қарасы қалың емес екенін айтады. Сөйте тұра, ведомство өкілдерінен есепті кезеңде жоғары да аталған заң талаптарын бұзғаны үшін жазаланғандар туралы жедел ақпаратты алу мүмкін болмады. Әйтсе де, соңғы бір жыл ішінде көпшіліктің қызу талқысына түскен бірер жағдай жастардың әскерге баруға анау айтарлықтай құлықты емесін көрсетіп берді. Мәселен, осыдан 1 жыл бұрын Ақтау қаласындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен әскерге шақырылғандардың бірі қашып кетті. Әскерге аттанушыларды жинақтау пунктінен автобусқа отырғызу кезінде ұрымтал сәтті пайдаланып, сытылып шыққан жас жігітті көп ұзамай полиция қызметкерлері қолға түсірді. Осы жылдың мамыр айында Павлодар қаласында да екі жас жігіт жинақтау пунктінің 3-қабатынан секіріп, қашып кетуге әрекет жасады. Кейінірек олардың бірінің тобығының сынғаны анықталды. Құқық қорғау органдары қашқындардың үстінен әскерден жалтару бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Осылайша, 1 жыл өмірін қолға қару алып, қастерлі борышын өтеуге арнаудан жалтарғысы келгендер дәл сол уақытын темір тордың арғы жағында өткізуі бек мүмкін. Демек, дені сау, заң жүзінде әскерге аттануына ешқандай кедергі жоқ бола тұра азаматтық парызына атүсті қараған әрбір жігіттің дәл осылай жазалануы ғажап емес.Клубтан казармаға...
Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскерден жалтарушыларды анықтауға бар күшін салып-ақ жатыр. Жергілікті Қорғаныс департаменттерінің қызметкерлері әскери міндеттілерді үй-үйді аралап іздеп тұрады. Ара-тұра ірі сауда орталықтары мен базарларды да әскерилер мен полиция қызметкерлері сүзіп шығады. Бірер жыл бұрын Жамбыл облысында әскери борышын өтемегендерді базардан ұстап әкетіп, соңы ата-аналардың шуына ұласқаны есте. Бұл орайда солтүстікқазақстандық қорғаныс жөніндегі бөлімінің қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының тапқырлығы көпшіліктің таңданысын туғызды. Олар кезекті рейд кезінде әскери қызметтен қашып, түнгі клубта сайран салып жүргендерді тәубесіне келтіріпті. Алайда клубта жүріп, қолына әскерге шақырту алған теріскей жастарының қаншасы казармаға аттанғаны белгісіз. Әскерден жалтарушылардың жолын кесуде Қорғаныс министрлігінің бастамасымен онлайн платформа да іске қосылды. Бұл платформаға елдегі түрлі ведомствоның мәліметтері жинақталған. Сол арқылы заңды тұлғаларға әскери міндеттілер, әскери қызметтен қашып жүргендер жайында мәліметтер ұсынылады.Отанды қорғау да отбасынан басталады
Әрине, мәселенің салдарымен күрескеннен бұрын алдын алудың тиімділігі жоғары болады. Сол секілді әскерден жалтарушылардың ізін кесіп, жауапкершілікке тартудан бұрын болашақ сарбазға Отан алдындағы қастерлі борышты өтеудің маңыздылығын ес білгеннен сезіндіру нәтижелі болмақ. Отставкадағы полковник Ербол Смағұлов ұлын елді қорғауға бала күнінен баулу ата-ананың міндеті деген пікірде. – Мен әскери борышымды 2 жыл сонау Чехословакияда өтедім. Ал қазір бар болғаны 1 жыл. Оның үстіне, жағдай да басқаша. Бір жыл бұрын кезекті оқу жаттығу жиыны кезінде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы әскери бөлімнің асханасынан тамақтанудың сәті түсті. Шыны керек, сарбаздардың кейбірі үйінде әскердегідей тамақтанбайды. Оған қоса, соңғы 10 жылдықта әскердегі әлімжеттікті азайту бағытында көптеген нәтижелі жұмыс жүргізілді. Қазір әр солдаттың қолында телефон. Демалыс күндері үйіне хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрады. Сөйте тұра, жастардың әскерден жалтаруы ұл баланың тым ерке болып өсуінен деп ойлаймын. Әр ата-ана ұлына Отан алдындағы қастерлі борышы екенін ұғындыра алса, мұндай мәселе туындамас еді, – дейді Е.Смағұлов. Әскери өмірдің ыстық-суығына қатар төзген отставкадағы полковниктің бұл уәжімен келіспеске болмайды. Дегенмен ата-аналардың қазақстандық әскерге көзқарасын жоғарыда мысал еттік. Дәл осындай жағдайда олардың ұлдарын әскери борышын өтеуге баулып өсіреді дегенге сену қиын. Ата-анасы Отан алдындағы қастерлі борышын атқару азаматтыққа сын екенін насихаттағанымен, нарықтың қатаң заңы жастардың көзқарасының қалыптасуында өз әмірін жүргізеді. Яғни, олардың мектепті бітіргені жоғары білім алуға, ал диплом алғаны қолдан келген кәсіппен айналысуға тырысып бағады. Бұл орайда өткен жылы әскери борышын өтеуге аттанғандардың 95 пайызында орта және арнаулы орта білім ғана болғанын мысал етсек жеткілікті. Ал былтыр Қарулы Күштердің қатарын толықтырғандардың небәрі 4 пайызын жоғары білімділер құрайды. Осыдан-ақ жастардың әскери қызметті өткеруден бұрын табыс тауып, өзін-өзі қамтамасыз етуге көңіл бөлетінін аңғару қиын емес. Қалай десек те, бұл да олардың өз таңдауы. Елімізде соңғы жылдары мемлекет тарапынан әскердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірталай жұмыс жүргізілгені мәлім. Министрлік өкілдері де әскерге шақырушылардың қорқынышты түсіне айналған казармадағы әлімжеттік мәселесі бірте-бірте шешіліп жатқанын қайталап айтудан жалықпайды. Сонда да болса, әскерге баруға ниеттілердің көбейгенін байқамадық. Әрі миллиондаған айыппұл салу, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі де әскерден жалтару мәселесінің түпкілікті шешімі бола алмай тұр. Басқаны былай қойғанда, таразының бір басында тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы, елдің тыныштығы мен бейбітшілігі тұрғанда әскерден жалтарудың алдын алуға мықтап көңіл бөлуі қажет.