Шығыс Қазақстан облысының ең үлкен аудандарының бірі – Аягөз. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерейтойы қарсаңында Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақовпен аз-кем сұхбат құрған едік. – Сейілбек Абұйырұлы, аңыздар мен абыздар елі Аягөз ауданы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қалай қарсы алып жатыр? – Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесі – ел тарихындағы маңызды кезең. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, 30 жыл мұғдарында ойдағымыз болып, ортамыз толып, мемлекетіміз биік белестерді бағындырды. Шекарамыз шегенделіп, жоғымыз түгенделіп, еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын қалыптастырды. Ал Шығыс Қазақстанның ең іргелі аудандарының бірі саналатын Аягөзде азаттықтың алтын күрек желі ескен жылдарда халық игілігі үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. Ең іргелі аудан деп бекерге айтып отырғаным жоқ, себебі бүгінде өңірімізде 73 мыңға жуық адам тұрады. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Аягөзде ауыл шаруашылығы да, өндіріс те өркен жайған. – Аягөз деген аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді? Аягөз болып ғасырлар алға көшеді, Аягөз ая арулар елі кешегі, – деп қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев жырға қосатын Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың кесенесі де біздің ауданда орналасқанын мақтанышпен айтқым келеді. Тәуелсіздік жылдары аймақта көптеген әлеуметтік нысан бой көтерді. Бір ғана білім саласына тоқталсақ, 9 мектеп, 11 балабақша мен 25 мектепке дейінгі балаларды дайындау орталығы ашылды. Қазір ауданда 55 мектеп бар, онда 15 мыңға жуық оқушы білім алады. Барлық білім ордасы компьютерлендірілген. – Осыдан үш жыл бұрын Аягөз қаласында екінші деңгейлі инсульттік орталық ашылғанын білеміз. Сол кезде бұл орталық Үржар, Тарбағатай мен Жарма аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді деп еді. – 2018 жылы осындай орталық біздің Аягөзбен қатар Алтай қаласында да ашылған еді. Мұндағы мақсат облыс орталығынан шалғайдағы аудандардың сырқаттанған тұрғындарын Өскемен мен Семей секілді үлкен қалаларға салпақтатпай шұғыл медициналық көмек көрсету болатын. Сол үшін орталыққа компьютерлік томограф сияқты қымбат құрылғылар сатып алынды. Мәселен, Аягөздегі инсульттік орталықтың құрылысына аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен «Парыз» қорынан 637 миллион теңге қаражат бөлінді. Орталық дәрігерлері шетелдің үздік клиникаларында біліктілігін арттырып, білімін шыңдап қайтты. Аудандық аурухана жанынан 3 деңгейдегі перзентхана бөлімі ашылды. Жалпы, тәуелсіздік жылдары аудандағы 19 ауылдық округтің дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу жүргізілді. Тарбағатай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қазір аймақта 5 аурухана, 20 дәрігерлік амбулатория, 17 фельдшерлік акушерлік пункт тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. – Қазір Аягөзде құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан секілді. – Иә, ауданымыздағы құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Баспаналы болу әр азаматтың арманы ғой. Осы мақсатта 2010-2011 жылдары «Бастау баспана» бағдарламасы бойынша Аягөз қаласында 80 пәтерлі үйге күрделі жөңдеу жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Талай мемлекеттік қызметші баспаналы болды. Сол жылдары шаһарда 12 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынды. 2017 жылы Аягөз қаласының «Солтүстік» ықшамауданында «Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 50 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, жас отбасылар қоныстойын тойлады. 2018 жылы Аягөз гарнизонының «Оңтүстік» әскери қалашығында 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті әскерилерге табыс етілді. 2020 жылы өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде екі пәтерлі 10 тұрғын үй (20 пәтер) салынып, 20 көпбалалы отбасы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жақында Тұңғыш Президент күніне орай Аягөз қаласында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен бірнеше отбасына пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша 31 отбасы 1 000 000 теңгенің сертификатын алды. Аягөз ауданында тұрғын үйді пайдалануға берудің көлемі 2021 жылдың соңына дейін 73 736 шаршы метр болады деп күтілуде. Жалпы, жыл соңына дейін қалада 186 адамды баспанамен қамту ойымызда бар. – Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – ауызсу. Бір жылдары бюджеттен тиісті қаржы бөлінсе де, бірнеше ауылдың ауызсуға қосылмағаны айтылған еді. Қазір қалай? Мәселе шешімін тапты ма? – Осы жылы құрылысы толық аяқталмаған Ай және Қопа ауылдарында су бөгеті мен су құбыры желілерін салу жұмыстарын жалғастыру мақсатында қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Соның нәтижесінде Ай, Қопа ауылдары бойынша қайталама мемлекеттік сатып алу қорытындысына келісімшарттар жасалды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Ақтүбек, Аққілет, Қопа, Қарабұлақ және Желдіқара елді мекендеріне блокты-модульді стансалар орнатылды. «Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы Мамырсу ауылдық округінің Батпақ елді мекенінде, Ақши, Айғыз, Баршатас, Емелтау, Нарын, Сарыарқа, Тарбағатай, Бидайық, Қосағаш, Мәдениет ауылдарындағы орталықтандырылған су жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауызсу беріліп жатыр. 2021 жылы 50 елді мекенің 45-і ауызсумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған, бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Демек, елді мекендердегі 30 099 адам орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді. 2020 жылы аудандағы 50 ауылдың 39-ы ауызсумен қамтылған болатын. Ай, Ақтас, Биесимас, Ортаарал, Ақшоқы және Ескене бұлағы елді мекендеріне блокты-модульді стансалар орнату ойымызда бар. Бұған облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған. Байқошқар мен Қорық ауылдарына ауызсу келесі жылы келеді. Облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар Аягөз қаласының «Солтүстік» ықшамауданындағы 167 тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен жабдықтау мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба іске асырылуда. Осы жоба шеңберінде аудан орталығындағы 37 көшенің 79 шақырымына ауызсу құбырын тарту көзделген. Қазір мердігер мекеме анықталған, жұмыстар биыл басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. – Облыста бұрын аудан орталығы болған ауылдарды дамыту мақсатында арнайы бағдарлама қабылданғанын білеміз. Бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы Баршатас ауылында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? – Баршатас ауылдық округіне жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 2021 жылы Қойтан би көшесін жарықтандыру үшін 17 баған орнатылды. Ауылдағы шағын футбол алаңы жөңделді. Облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың басында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен ауданымызға іссапармен келіп, Баршатас ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауылдағы аурухананы жөндеу, заман талабына сәйкес медициналық құралдармен жабдықтау, білікті мамандармен қамтамасыз ету, жолдарға асфальт төсеу, саябақ жасау, балалар ойын алаңын орнату, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлікті дамытуға жеңілдетілген несие беру, жаңадан коммуналдық мекемелер ашу, өрт сөндіру көлігін жаңарту, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты мәселелер айтылды. Алдағы 4 жыл көлемінде ауылдың жолдары жөнделеді, елді мекендегі ауруханаға қосымша қаражат бөлінеді. – Аягөз – спортшылар мекені. Жақында футзалдан өткен әлем чемпионатында Аягөздің 5 бірдей жігіті шаршы алаңда ойынның көрігін қыздырды. Жалпы, өңірде спорттың дамуы қалай? – Иә, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жомарт Тоқаев, Болат Сарбасов, Нарун Серіков сияқты жерлестеріміздің әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткені үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстанның бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов та біздің ауданның тумасы. Осыдан біраз жыл бұрын Әлем чемпионы болған Мерей Ақшалов, Рүстем Іргебаев, қазір кәсіпқой бокста жүрген Мейірім Нұрсұлтанов та Аягөздің өрендері. Әрине, осындай даңқты спортшыларды тәрбиелеп шығару үшін әуелі оларға тиісті жағдай жасалуы керек. Спортпен алаңсыз шұғылданатын спорт залдары болуы қажет. Осыны жақсы түсініп, туған жердің туы биікте болсын деп үлкен спорт кешенін салып берген атымтай жомарт азаматтар бар. Көрнекті қоғам қайраткері, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Аягөз қаласында 64 миллион теңгеге бокс кешенін тұрғызды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» саябағына Street workout спорттық алаңын орнатуға да көмектесті. Біздің ауданда негізінен футбол, волейбол, гір спорты, армрестлинг, балалар хоккейі, бокс, қазақша күрес сияқты спорт түрлері жақсы дамыған. Бүгінде өңірімізде 180-нен астам түрлі спорт нысаны халыққа қолжетімді, тегін қызмет атқарады. 2021 жылдың басында ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін жергілікті бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 15-ке жуық футбол және стрит воркаут алаңдары салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Аягөз ауданы жылдан-жылға абаттанып, көркейіп келеді. Бұл, әрине бізді қуантады. – Әңгімеңізге алғыс білдіреміз!
Шығыс Қазақстан облысы