2004 жыл: Ел тәуелсіздігіне – бір мүшел
2004 жыл: Ел тәуелсіздігіне – бір мүшел
528
оқылды

Осы жылы қазақ үшін қа­шанда қастерлі белес – ел тәуел­сіздігінің бір мүшелі аталып өтті. Бұл уақытта ұлт­тық экономика біршама алға жылжып, өмірдің қай сала­сында да атап өтерлік жетіс­тік­тердің шеті көрініп қалды. Егемендік алғандағы алғашқы жылдардағыдай емес, жұ­мыссыздар қатары кеміп, әлеу­меттік сала оңала баста­ған. Қазақстан әлеуметтік эко­но­микалық көрсеткіштер бойынша ТМД аумағындағы көршілерден оқ бойы озып кетті. Дүниежүзiлiк банктiң сараптамасына сүйенсек, ел дамуы орта деңгейден жоғары табысы бар мем­лекеттердiң қатарына жетті.

Төрт құбыламыз тең

2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы деп аталып өтіпті. Айтып-айтпай не керек, соның дақпыр­тымен екі ел арасындағы байланыс бұрынғыдан да жақындай түсті. Жыл бойына түрлі деңгейдегі ірілі-ұсақты саяси-экономика бағы­тын­да жиындар өткізіліп, терістіктің әнші-бишілері қазақ жеріне толас таппай ағылды, көптеген мәдени шара ұйымдастырылды. Дегенмен Қазақстан тек Ре­сеймен ғана емес, АҚШ және Батыс әлемімен де, түбі бір түркілік мемлекеттермен де ынтымақ­тас­тықты ұлғайтты. Көктемнің соңғы күндерінің бірінде Астанадан АҚШ елшілігі ғимаратының алғашқы іргетасы қаланды. Оған америка­лық төтенше және өкілетті елші Ларри Нэппер қатысты. Жаңа елшілік орын тепкен аумақ 10 мың шаршы метр болып, құрылыс жұмысына 90 млн АҚШ доллары жұмсалды... Шілденің шіліңгірінде елордада түркі мәдениеті мен өнерінің бірыңғай халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың ХХІ мәжілісі өтті. Оған 10-нан аса түркітілдес мем­лекет өкілдері келді.

Президент резиденциясы бой көтерді

Сәулет өнері жауһарларының бірі саналатын «Ақорда» Президент резиденциясы Арқа төсінде осы жылы бой көтерді. Ол биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстіне оқшау салынды. Сырт пошымы классикалық кубик формасына келетін Президент Әкімшілігі ор­талығының жалпы ауданы – 36 720 шаршы метр. Ғимарат ең соңғы за­манауи әдістерге және озық ин­женерлік құрылғыларға негізделіп, монолиттік бетоннан тұрғызылды. Оның көкке шаншылған үшкір төбесіне дейінгі биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бөлігі бес қабатты және жер астындағы бөлігі екі қабатты үйден тұрады.

Қазақ шойынжолына ғасыр толды

Осы жылы қазақ теміржолы бір ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осынау айтулы датаның құрметіне орай төрт мыңнан астам теміржол­шыға мерекелік медаль тапсырыл­ды. Теміржолшылар мерекені тек салтанатты жиынмен емес, то­лайым табыстармен де ерекшелен­діріп қарсы алды. Сәуір айында «Астана–Алма­ты» бағытында қатынайтын «Тұл­пар» жолаушылар жүрдек пойызы алғашқы сапарға аттанды. Қара­шаның 9 жұлдызында Ақтау пор­тынан Құлсары стансасына аса үлкен көлемді, биіктігі төрт қабат­ты үйдей жүктерді жеткізген қазақ­стандық шойынжолшылар әлемдік рекордты жаңартты. 30 қарашада Арқа стансасында Алтынсарин–Хромтау жаңа теміржол желісі ашыл­ды. Егер бұған дейін Қазақ­стан­ның орталық бөлігінен шық­қан жүкті Қазақстанның батыс өңірлеріне жеткізу үшін Ресей аума­ғын басып өту керек болса, енді жаңа желі арқылы ел аймақта­рын тікелей жалғауға мүмкіндік туды. Соның арқасында жылына 160 млн доллар көлемінде қаржы үнемделді. Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында Астана вокзалының алдында тарихи экспонат – Эш-4161 сериялы паровозы орнатылды.

Тың туралы тың деректер

2004 жылы Қазақстан тари­хында айрықша кезеңнің бірі – Тың және тыңайған жерлерді игеру оқиғасына 50 жыл толды. Қазіргі 36 млн гектар егістік жердің 25 млн гектарына алғаш рет жарты ғасыр бұрын түрен түскен еді. Айта кетейік, коммунистік есерсоқ саясаттың ұранымен дәл осы алаулатқан-жалаулатқан жыл­дары қазақ даласы аяусыз сой­қандалды. Талай құнарлы өлке аяусыз жырымдалып, шабындық пен жайылымдардың көбі іске алғысыз болып қалды. Оның зар­дап­тарын әлі күнге көріп келеміз. Қалай болғанда да, бұл – біздің ха­лықтың басынан өткен тарих, қиянатты тарих. Осыған орай тың игерудің жарты ғасырлық мерей­тойы аталып өтіпті. Оның салтант­ты шарасына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, маңызды сөз сөйледі.

«Мәдени мұра» – ұлт мұрасы

Жыл басында Президент «Мә­дени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­масы туралы Жарлыққа қол қойды. Аталған мемлекеттік бағдарлама мәдени, экономикалық және әлеу­меттік капиталға, жалпы адамзат­тық мәдениеттің құрылымдық бөлігіне, этнос, қоғам, адам дамуы­на, тарихи ескерткіштерді қорғауға арналған негізгі құжатқа айналды. Бағдарламаны қабылдағаннан кейін 2004 жылы 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставра­циялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға архео­логиялық зерттеулер жүргізілді. Республиканың 218 нысанды қамтыған тарихи-мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекет­тік тізімі жасалды. Ұлт мәдениеті үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар қазақ киносы тарихында үлкен жаңалық болды. Голливуд пен «Қазақфильм»-нің бірлескен туындысы – «Көшпен­ділер» фильмінің алғашқы түсірі­лімі аяқталды.

ҰБТ енгізілген жыл

2004 жылы Қазақстанның білім саласында жаңашылдықтар болды. Алғаш рет Ұлттық бірыңғай тесті­леу енгізілді. ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестация­ның қорытындысы ретінде есепте­лінді. Аталған тестілеу жалпы білім беру саласының сапасын сырттай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Түлектердің жоғары оқу орындарына түсу мүмкіншілігі және қорытынды аттестатының бағасы ҰБТ-да алған балының санына байланысты жүйеленді. ҰБТ «Болашақ» президенттік шә­кіртақыны алуға да мүмкіндік береді. Ұлттық бірыңғай тестілеу ке­зеңі бес лектен тұрды және 125 бал­дық шкаламен бағаланады. Оқушылар бір күннің ішінде бес пәннен тест тапсырды. Әрбір пән 25 сұрақтан тұрды. Тестің жүргі­зілуіне 3,5 сағат, яғни 210 минут беріледі.

Қытайға мұнай құбыры тартылды

Ел экспортының 60 пайызын шикізат экспорты екенін, оның басында мұнай мен газ сатылымы тұрғанын ескерсек, бұл оқиғаның экономикамыз үшін аса айрықша болғаны даусыз. Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай мәсе­лесіне қатысты ықпалдастық осы жылдары ерекше қарқын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға барған сапары кезінде екі елдің ұлттық мұнай компаниялары арасындағы мұнай құбыры құры­лысын бастау туралы келісімшартқа қол қойылды. Мұнай желісінің алғашқы құ­быры 2004 жылдың 28 қыркүйегінде жерге төселді. Бұл оқиғаны әлем­нің ақпарат құралдары жарыса жазып, «ғасыр жобасы» деген ат қойып, айдар тақты. Қазіргі күні Атасу (Қазақстан) мен Алашаңқай (Қытай) арасын жалғап жатқан осы мұнай құбырының магистралі арқылы Қазақстан жылына 20 млн тоннаға дейін көмірсутегі шикіза­тын экспорттау мүмкіндігіне ие болды.