Шымкентте көлік айдап әкетті деген күдікке іліккен қостанайлық спортшы жігіттің полиция ғимаратында көз жұмуы көпшіліктің көңіліне алаң салды. Жай ғана тергеуге әкетілген атпал азаматтардың айдың-күннің аманында полиция қолынан қаза табуы деректері көбейіп бара жатқандай. Мұндай жағдайлар құқық қорғау органдарына деген қоғам сеніміне селкеу түсіреді. Оның үстіне, халық арасында үрей туады. Өйткені өткен ғасырда құзырлы органның көлігіне отырып кеткен «күдіктілердің» кері қайтпай қалғаны жұрттың әлі жадында.
Полицияға аяғымен барып, табытта қайтты
2020 жылғы 17 қазанда полиция Шығыс Қазақстан облысының Қаратума ауылының 33 жастағы тұрғыны Азамат Оразалыны «мал ұрлады» деген күдікпен ұстап алып кетеді. Сол күні кешке оның ағайындарына Азаматтың жантәсілім еткені туралы қаралы хабар келген. ШҚО-ның Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде Азамат Оразалының өлуіне қатысы бар деген күдікпен 3 полиция қызметкері тұтқындалып, уақытша қамау изоляторына жабылды. Қылмыстық кодекстің «Азаптаулар» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов азаматынан айырылған ауылдың ақсақалдарымен және тұрғындарымен кездесіп, марқұмның анасына, туған-туысына көңіл айтты. Аймақ басшысы бұл істің тергелуін Үкімет басшысы жеке бақылауға алғанына, айыпты тұлғалар тиісті жазасын алатынына сендірді. Ауданға өңірдің прокуроры және Полиция департаментінің бастығы бастаған арнайы топ жетті. Алайда бұл қылмыстық істің ақыры немен тынғаны сол бойы белгісіз болып қалды. Тек соған байланысты полицияның бес қызметкері – үш күдікті сыртында Үржар ауданының полиция бөлімінің екі басшысы қызметінен қуылғаны хабарланды. Бертінде zhalobi.kz порталында тәртіп сақшыларының анонимді шағымы жарияланды. Онда олар «оқиғаның қалай өрбігеніне» қатысты өз нұсқасын әңгімеледі: Мақаншы АПБ қызметкерлері мал ұрлау фактісі бойынша күдікті Азамат Оразалыны заң аясында тергеп жатыпты. «Осы кезде Үржар полициясы қызметкері келді (шағымда аты-жөні келтірілген). Бүкіл бөлім аяғынан тік тұрды. Даңғаза көтерген күйі ол тергеу жүріп жатқан кабинетке бас сұқты. Ол күдіктімен дөрекі сөйлеп, кінәсін мойындауы үшін оған қол жұмсай бастады. А.Оразалы адвокат шақыртуды және өзін ұрмауды талап етті. Мұны естіген ол тергеушілерге пакет әкеліп, күдіктінің басына кигізіп, кінәні мойнына алғанша тұншықтыруға бұйрық берді. Осы кезде бастықтардың бірі видеоқоңырау шалды, қызметкер оған: «Шеф, мына жергілікті колхозниктерді пакетті қалай кигізіп, қалай қажетті жауап алуға үйретіп жатырмын» деді. Осыдан кейін ол Азамат Оразалыны ішіне, тамақ тұсына бірнеше рет тепті: «Жағыңды айырам, мал!» деп балағаттады. Күдіктіні ұрып-соғудың дүмпуі бүкіл бөлімде естіліп тұрды», – деп жазылған арызда. Кейін күдіктінің дүние салғаны белгілі болды. Шағымданушылар тұтқындалған қызметкерлердің А.Оразалыны өлтірмегенін айтады. Ал «соған тікелей қатысы барлар жасырынып қалды» деп байлам жасайды: «Үржар полициясының басшыларын жай ғана лауазымынан босатты. Негізгі айыпты тұлға жазадан жалтарып кетті. Қазір оның тұрып жатқан орны белгісіз», – делінген шағымда. Арыз анонимді болғандықтан, әрине ол куәлік ретінде тіркелмейді. Сол арызға пікір білдірген жергілікті полицейлер «ондағы айтылғандар шындыққа жанаспайды», – дейді. Істі қарау жалғасып жатқаны хабарланды.Полиция бөлімінде бүйрегінен айырылды
2020 жылы ақпарат құралдары полицейлердің кесірінен Ақтау тұрғыны бүйрегінен айырылғанын жариялады. AstanaTV мәліметінше, Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері оның ағзасына зақым келтірген, өлтіретіндерін айтып қорқытқан. Ерасыл Қарашолақовтың соққыға жығылғанын полицейдің бірінің кеудесіндегі камераның жазбасы дәлелдеді. Тәртіп сақшылары оны шамамен 300 қойды ұрлауға талаптанды деп айыптаған көрінеді. Бірақ олардың қолында соны дәлелдейтін дәйектемелер болмаған. Содан өздеріне қажетті куәлікке жұдырықтың күшімен қол жеткізуді ұйғарыпты. «Полицейлер қара күштің көмегімен айыпты мойындауыма мәжбүр етті, менде басқа таңдау қалмады. Тек кейін адвокатымның қатысуымен қайта тергелгенде олардың өзімді азаптағанын және қойларды ұрлағанымды мойындауға күштеп көндіргенін айтып бердім. Бұл қылмысқа қатысым жоқ», – дейді Ерасыл. Айтқандай, тағы бір видеожазбада Мұнайлы ауданының полиция ғимаратына кірген күдіктінің ізінше одан ауруы жанына батқан бүйрек тұсын қолымен басып, ақсап шығып бара жатқаны бейнеленген. Қос бейнежазбаның шынайылығын сараптама растады. Полиция қызметкерлерімен «әңгімелескеннен» кейін ертесіне дәрігерлер Ерасылдың бүйрегін алып тастады. Қатты соққыдан ағзаның парша-паршасы шығыпты. Осыған қатысы бар тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олар қызметінен шеттетілді. Бұған қоса, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қылмыстық іс қозғап, тергеуде. Құқық қорғаушылар коррупция мәселелерін және жергілікті шенеуніктердің басқа да заңбұзушылықтарын көтерген қоғам белсендісі, Қарағанды облысының Жаңарқа ауданының тұрғыны Ғалы Бақтыбаевтың өліміне назар аудартады. 2019 жылғы мамырда Қарағанды облысының Атасу ауылында винтовкадан атылған Ғ.Бақтыбаевтың мәйіті табылды. Ішкі істер министрі құрған арнайы тергеу тобы бұрынғы полиция қызметкерін және тағы үш күдіктіні тұтқындады. Тергеу материалдары сотқа дейін жетті. Арада екі жылдай уақыт өткенде, 2021 жылғы 1 маусымда сот үкім шығарды. Резонансты істі Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қараған. Он алқаби Бақтыбаевты өлтіруді ұйымдастырды деп айыпталған А.Букенаевты, Ғ.Ахмеджановты және И.Мияшовты ақтап шықты. Негізгі бап бойынша ақталғанымен, Иман Мияшов шабуыл жасау кезінде Бақтыбаевтың денсаулығына орташа дәрежелі зақым келтіргені үшін айыпты деп танылды және 5 жылға сотталды. Алқабилер сондай-ақ Эльдар Жакеннің Бақтыбаевтың денсаулығына орташа дәрежедегі зиян келтірген айыбы дәлелденді деп санап, оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Дегенмен белсендіні кімнің өлтіргені белгісіз қалып отыр. Ұсталғандардың өлтіруге қатысы бары дәлелденбеді. Ол қылмысқа еш қатысы жоғын экс-полицей Ахмеджанов бірнеше рет мәлімдеді. Оның байламынша, қоғам белсендісіне тісін қайрағандар көп болыпты: Ғ.Бақтыбаевтың үйінен әртүрлі мемлекеттік инстансаларға жолданған 600-ден аса арыз-өтініш табылды.Биыл азапқұмар 7 полицей сотталды
Жалпы, Amnesty International ұйымының 2020/21 жылдарға арналған баяндамасында басқа да деректер келтіріледі. Өз кезегінде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі 2019 жылдан бері азаптауларға және басқа да қатыгездік көріністеріне қатысты шағымдар күрт артқанын мәлім етті. Былтыр омбудсменге осындай 125-тен көп шағым түскен. 2019 жылы 84 шағым болған. Олардың негізінде 121 қылмыстық іс қозғалып, 23 адам азаптауы үшін сотталыпты. 2021 жылғы қарашада Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа 1 614 өтініш келіп түскен. Адамдар көбіне прокуратура мен полициядағы лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымданады (298 өтініш). 163 өтініш абақтыда адам құқын бұзу, қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты болды. «Биылғы 11 айда Қылмыстық кодекстің «Азаптау» 146-бабы бойынша 655 қылмыстық іс қозғалды. Алайда 495-і тоқтатылды», – дейді омбудсмен Эльвира Әзімова. 2021 жылы «азаптау» бабы бойынша ІІМ-нің 7 қызметкері сотталды, оның 1-еуі ғана түрме қызметкері. Дәлелсіз тұтқындауға заңмен тыйым салынған, алайда тәжірибеде мұндай кесірлі құбылыс жойылар емес. Бас прокуратура бұдан біраз бұрын ақпарат құралдарына 500-дей заңсыз ұсталған тұлғаны босатқанын жария етті. Қазір Ішкі істер министрлігі салада реформа жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде құқық қорғау органдары күдіктілерді азаптау секілді арға жат, беделге дақ құбылысты жойса, қылмысты қара күшке салмай, ақылға салып, дәйекті ашуға көшсе жөн.