Адам етінен жасалған бәліш. Қыздарды зорлап, денесін өртеп жіберетін мүсәпір кейіптегі қаcкөйлер. Жолында кезіккеннің жанын жаһаннамға жіберетін адамжегіштер. Мұның бәрі бір кездері қазақ қоғамын дүр сілкіндірген шынайы қылмыстық оқиғалар. Бұрынғы «КВН-щик», қазіргі режиссер, сценарист Әлішер Утев сол жайттарды экранға әкелді. Неге «5:32» сериалы көрерменнің сұранысына ие болды? Елде YouTube сериалдар «дәуірі» басталды ма? Бұл сұрақтарды сериал авторына қойдық.
Өзіме ұнаса, өзгеге де ұнайды
– Қазақстанда кейінгі кезде уеб-cериал көбейіп келеді. YouTube сериалдардың сұранысқа ие болуына не себеп? – Менің ойымша, YouTube-та жасандылық жоқ. Бірақ кез келген сериал сұранысқа ие емес. YouTube-тың да сүзгісі бар, көрермен көзайымына айналып жатқандары санаулы. – Уеб-cериалдардың қаржыландыру көзі қандай? Оны түсіруге кім мүдделі? – Көбі өз қаражатына түсіреді. Мен Salem Social Media тапсырысымен түсіремін. Медиа компанияға идея ұсынасың. Олар тыңдап көріп, «иә» немесе «жоқ» дейді. Бірақ мен көбіне телесериал түсіргім келеді. Себебі уеб-сериалдардың сапасы нашар болады. Бірақ «5:32», «Сержан братан» туындыларын уеб-сериал емес, телесериал деп айта аламын. – Интернет аудиторияның сұранысына ие болатын тақырыпты қалай табасыз? Қазіргі көрермен нені көргісі келеді? – Мен сценарий жазарда, идея іздеген кезде «көрерменді не қызықтырады?» деп арнайы сараптама жасап отырмаймын. Кинотеатрлардан көрсетіле ме, әлде YouTube-та тарай ма, әуелі өзіме ұнауы керек. – Сіз түсірген сериалдардың кейіпкерлері рэкетир, нашақор, қанішерлер. Бір-біріне ұқсамайтын тақырыптар. Кейіпкерді, сериалға арқау болар тақырыпты қалай таңдайсыз? – Осы тақырыптарға айтарым бар. Арнайы рэкет, маньяктар мәселелері сияқты «хайповый» тақырыптарды іздемеймін. «Сержан братан» сериалын түсірер алдын 100 адамның 99 пайызы «рэкет тақырыбы қызық емес, оны түсірсең, ешкім қарамайды» деп қарсы пікірін білдірді. «5:32» сериалын түсіретін кезде де «тақырыбы ауыр», «түсіру қиын, адамдар қарамайды» деп айтқандар көп болды. Бірақ мен ешкімді тыңдамаймын, бағытым бөлек. Өзіме не ұнайды, түйсігім қалай дейді, соны түсіремін.50 пайызы Ресейдің ақылы контентін көреді
– Шетелдерде стриминг қызмет көбейді. Мәселен, Premier, Netflix. Голливудтың танымал актерлері Netflix сериалдарына түсе бастады. Бұрын ол мүмкін емес көрінетін. Осы стриминг қызмет, ақылы арна бізге де келе ме? Біздің көрермен отандық сериалдарды көру үшін ақша төлеуге дайын ба? – Иә, әрине. 2-3 жылда Ресейдің стриминг платформалары елімізді жаулайды. Менің ойымша, халықтың 50 пайызы Ресейдің ақылы жобаларын ақша төлеп көретін болады. Тағы 5 жылда қазақтар Еуропа, АҚШ-тың стриминг платформаларында жұмыс істейтін деңгейге жетіп қалады. – Отандық телесериалдардан театр актерлерін жиі байқаймыз. Алайда жасандылық байқалып тұрады. Театр образдарын телеарнаға алып келеді. Ал YouTube сериалдарда шынайылық сезіледі. Шынайы актерлерді қалай табасыз және YouTube сериалдарды анайы сөз, эпизодтарсыз көрерменге жеткізу мүмкін бе? – Негізі, YouTube сериалдардың бәрінде актерлер рөлін шынайы сомдап шығады деп айта алмаймын. Жасандылық болады. Менің ойымша, актердің образды ашуы режиссер мен сценарийге байланысты. Өйткені «5:32», «Сержан братан» сериалдарындағы актерлер басқа да сериалдарға түскен ғой. Тура сондай камералар, сол операторлар, түсірілім алаңы да бір. Бірақ ол сериалдардың қаралымы көп болған жоқ. Сондықтан жасанды актер болмайды, шикі сценарий мен біліксіз режиссер болады. – Қазақ қоғамына жат, жабық тақырыптарды көтерген дұрыс па? Мәселен, «Эскорт» сериалында Шымкенттен Алматыға көшіп келіп, отбасынан жасырын түрде эскорт қызметімен айналысып жүрген қыздың өмірі суреттеледі. Қоғамда бар нәрсені көрсетеміз деп, жасырын дүниелерді насихаттап жатқан жоқпыз ба? – Иә, мұндай мәселелерді қоғам талқылау қажет. Бірақ сценарий мен режиссер мықты болса ғана, кино түсіруге болады. Бұрыс жағын көрсетіп, «олай істеуге болмайды» деген ой тастаса, құба-құп. – Сериалдағы оқиғалар ойдан шығарылған деп жатыр. Кейбір қылмыстар шынайы фактілерге негізделген секілді. Мәселен, Талдықорғандағы қанішер, 5-сериядағы университеттегі қыздарды зорлаған қаскөй де 1992 жылы болған Алматыдағы оқиғаға ұқсайды. Сериал шынайы оқиғалар ізімен түсірілді ме? – «5:32» сериалы шынайы оқиғалар негізінде түсірілген. Яғни, елімізде 90-жылдарда адам етін жейтін қаскөйлердің болғаны рас. Бірақ қалғаны ойдан шығарылған. – Өртенген адам, бөлшектелген дене мүшелерді көрсетуде қандай қиындықтар болды? – Түсіру қиын болғаны рас. Себебі Ресей киноиндустриясында көп қолданыла бермейтін қымбат гримдер қолданылды. Екіншіден, қанды оқиғаларды, жанып кеткен мәйітті шынайы жеткізу үшін түсірілім тобы шебер болуы керек. Сериалды көрген адамға үрей тудырғанмен, түсірілім барысы көңілді өтті. Кинотуындының түсіріліміне 1,5 жыл уақыт кетті. Режиссер, продюсер, сценарист ретінде айтарым, Қазақстанға жаңа жанрларды алып келудегі мақсатым болашақта «Оскар» сыйлығын аламыз деп ойлаймын. Біздің қолымыз жетпей жатса, бізден кейінгі ұрпақ алады. – Әңгімеңізге рақмет!