Михаил Ломтадзе «Достық» орденімен марапатталды
Михаил Ломтадзе «Достық» орденімен марапатталды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. «Достық» ордені - қоғамда өзара татулықты сақтау жөнiндегi жемiстi жұмысы, халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн берілетін марапат. Орденді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты марапаттау рәсімінде табыс етті. Сондай-ақ мемлекеттік наградалар еңбек ардагерлеріне, министрліктердің, ведомстволардың, ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне, іскер орта өкілдеріне берілді. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – Қазақстан тарихындағы маңызды кезең. Тәуелсіздік – мемлекеттіктің берік негізі, еркіндік, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің символы. Біздің тәуелсіздігіміз әрбір қазақстандықтың өз елі мен жерінің игілігі үшін қажырлы еңбегінен, әрқайсымыздың дамыған әрі мықты мемлекетте өмір сүруге деген ұмтылысымыздан тұрады», — деді Асқар Мамин салтанатты жиында. Михаил Ломтадзе өз сөзінде: «Kaspi.kz миссиясы — инновациялық сервистер мен өнімдерді әзірлеп, қазақстандықтардың өмірін жақсарту. Біздің команда: Қазақстандықтар үшін, Қазақстан үшін не жақсы болса, Kaspi.kz үшін де сол жақсы екеніне сенеді. Біз алдағы уақытта да сүйікті клиенттерімізді қуантып, бүкіл әлемге Қазақстанда қандай бірегей компаниялар пайда болып, технологиялар әзірленіп жатқанын көрсету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деп атап өтті. Қазақстан инновацияда, цифрландыруда және қазақстандықтардың өмірін жақсартатын финтех өнімдерін жасауда бұрын-соңды болмаған секіріс жасады. Kaspi.kz осы инновациялардың драйверіне айналып, ел ішінде ғана емес, әлемдік аренада үлгі болып отыр. Бұл туралы беделді әлемдік сарапшылар айтуда. «Мені Kaspi қолданбасы таң қалдырды. Бұл болашақтың үлгісі, бұл болашақтың көрінісі», - деді Атлантикалық кеңестің аға ғылыми қызметкері, Энергия және қауіпсіздік бағдарламасының (ITIC) директоры Ариэль Коэн «Астана клубының» алтыншы отырысында. «Біз Қазақстанның құн тізбегін көтеруге, өндірістік және біліктілік базасын және қызмет көрсету секторын дамытуға ұмтылысын қолдаймыз. Мен, мысалы, Kaspi - қаржы қызметтерін көрсетуге арналған тамаша қосымша екенін естідім», - деді Қазақстанға жуырда жасаған сапары барысында Ұлыбританияның Сауда министрі Ранил Джаявардена. Kaspi.kz-тің өткен жылғы сәтті IPO-сы елдің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Kaspi.kz-тің инвестор болып табылатын бірқатар беделді әлемдік инвестициялық қорлар бұрын-соңды Қазақстанға инвестиция салған емес. Бүгінгі таңда Қазақстандағы инновациялардың даму қарқыны көптеген елдерге қарағанда жоғары. Бұл құбылыс қазірдің өзінде шетелде зерттеліп жатыр. Гарвард бизнес мектебі Kaspi.kz тарихы туралы материал жазды. Ол бойынша магистранттар оқиды. Бұған дейін Михаил Ломтадзе пандемияның қиын кезеңінде елдің дамуына қосқан үлесі үшін «Халық алғысы» медалімен марапатталған болатын.