Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтің өліміне қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлады Sputnik Қазақстан. Полиция департаментінің мәліметінше, 14 желтоқсан күні сағат 7.30-да 1977, 1977 және 1976 жылы туған үш азамат Теректі ауданы Ақжайық ауылынан 15 шақырым жерде Бударин қорықшасына аң аулауға шыққан.
"Қаруды қайта оқтау кезінде 1977 жылы туған азамат абайсызда оқ атып, ол 1977 жылы туған екінші азаматқа тиді. Артынша олар зардап шеккен азаматты Ақжайық ауылының орталық ауруханасына жеткізген", – делінген хабарламада.Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 104-бабы ("Абайсызда қазаға ұшырату") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Серік Мәженовтің қаруды дұрыс қолданбау салдарынан қайтыс болғанын хабарлаған болатын.