Қазақстанда мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылар саны бір жыл ішінде 11 мыңнан астам адамға өсті. Бұл ретте азаматтарға жыл басынан бері мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы түрінде 357 млрд теңгеден астам қаражат төленді. 2020 жылғы қаңтар-қараша аралығында республикалық бюджеттен осы екі санаттағы адамдарға 334,2 миллиард теңге төленген еді. Тағы бір дерек: былтырғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектікке байланысты жәрдемақы алушылардың саны 509,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны 159,2 мың адамды құраған екен. Ал биылғы 1 желтоқсанда мүгедектік бойынша жәрдемақы алушы 520,8 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушы 161,9 мың адам бар екені анықталды. 2021 жылғы қаңтар-қараша айлары аралығында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 283,5 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты 74 млрд теңге бағытталды. Бір айда, 2021 жылдың қараша айында республикалық бюджеттен мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 25,6 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 7,6 млрд теңге жұмсалды. Мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған не қаза тапқан асыраушының асырауындағы адамдар санына, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады. Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектік жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 49 198 теңге, асыраушыдан айырылу жағдайында 46 050 теңге болды.