Жәрдемақы мәселесі шешіледі
Жәрдемақы мәселесі шешіледі
378
оқылды

Парламент пен Үкімет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше қолдау көрсетеді. Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығы­мен өткен отырыста сенаторлар халықты әлеу­­меттік қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасын қарады.

Сенаторлар  «Кейбір заңнамалық актілерге азамат­тардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды ІІ оқылымда қарап, құптады. «Қабылданған заң мүмкіндіктері шектеулі азамат­тардың, балалардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздікті жоюға, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге арналған. Заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың және ерекше қажеттілігі бар балалы отбасылардың құқығын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді», – деді М.Әшімбаев. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің түсіндіруінше, бұл құжат мүгедек болуының себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адам­дарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәр­демақы­ны енгізуді қарастырады. «I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшімен де қамтылмаған. Жаңа заң арқасында бөгде адамның күтіміне мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдем­ақы­мен қосымша қамтылады. Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтарына бөлу көзделеді», – деп хабарлады ведомство. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады екен. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады. Сондай-ақ заң азаматтарға мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша қос жәрдемақыны қатар алуға мүмкіндік береді. Осы норма енгізілген соң 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақыны да (мөлшері 41 163-тен 48 023 тең­геге дейін) және асыраушысынан айырылу жағ­дайы бойынша жәрдемақыны да (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін) ала алады. Бұған қоса құжатта мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың ол бала кәмелетке толса да тұрғын үй кезегінде қалу құқығын сақтау көзделеді. Іс жүзінде мұндай отбасылар 10 жылға дейін үй кезегінде тұрады. Бала 18 жасқа толған соң отбасы кезектен шығарылады, ал жарымжан адам жеке өзі кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасыға тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді деп болжанып отыр. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиім­ділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді. Заң шамамен 400 мың қазақстандықтың құқығын қорғауды жақсартуы тиіс. Бұл мақсатта 55 млрд теңге қаржы қажет етіледі.  

Елдос СЕНБАЙ