Қарағандыда ұлы ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай мұражай үйі ашылды. Қасым үйінде публицист пен ақынның сирек кездесетін қолжазбалары, оның кітаптары, жеке заттары мен фотосуреттері қойылған. Сондай-ақ ғимаратта облыстық Жазушылар, Журналистер одағының филиалдары, «Қасым» журналының редакциясы, сонымен қатар өңірлік коммуникациялар қызметі де орналасқан.
Ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты. Ол ұлы ақынның мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа берілуі керек екенін атап өтті.
– Қасым Аманжолов – қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. Биыл оның туғанына 110 жыл толды және жыл бойы біз 500-ге жуық түрлі іс-шара өткіздік. Біздің қаламызда ақынның ескерткіші орналасқан көшеге Қасым Аманжоловтың есімі берілді, «Қасым» журналы шығарылады, онда еліміздің танымал әдебиетшілері басылады, жыл сайын Аманжолов оқулары, ғылыми-практикалық конференциялар, айтыс-мүшәйралар, поэзия кештері өткізіледі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Біздің әртістер елордада ақынның құрметіне үлкен концерт өткізді, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының сахнасында «Рақымжанның Қасымы» қойылымының премьерасы өтті. Қасым үйінің ашылуы қарағандылықтар үшін маңызды оқиға екені сөзсіз.
Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы Қасым үйі нағыз зерттеу орталығы, шығармашыл және ойшыл жастарды тартатын орын болатынына сенім білдірді.
– Қарағандыда Қасым үйінің ашылуы ұлттық рухты, сананы жаңғыртуды айғақтайтын тарихи оқиға, – дейді ақын Серік Ақсұңқарұлы. – Бұл үй Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, оны жаңа қырынан танитын нағыз зерттеу орталығы болады деп үміттенемін.
Қарағанды облысы