Былтыр пандемия басталғалы медицинадағы біраз былықтың беті ашылды. Атырауда жедел жәрдем қызметі науқастарды №1 облыстық ауруханаға жеткізеді. Осы ауруханадағы МРТ аппаратының істен шыққанына екі ай болған. Екі ай бойы мәселе неге шешілмеді? Адам ағзасына зияны аса көп емес МРТ технологиясының артықшылығы – басқа технологияларға қарағанда сау мен ауру ұлпалардың айырмашылығы мен қарама-қарсылығын жоғары дәрежеде анықтап, нақты диагноз қоя алады. Ал Атыраудағы ауруханада осындай керекті аппараттың әбден тозығы жеткен. 10 жылдан астам уақыт қолданылған екен. Бұған дейін жыл сайын аппаратқа сервистік қызмет көрсетіліп, қосалқы бөлшектері ауыстырылып, техникалық жөндеу жұмысы жасалатын. Облыстағы жалғыз МРТ аппараты алғашқы 6-7 жылда облыстың барлық медицина ұйымына қызмет көрсеткен. Мамандар соңғы рет диагностика жасап, сервистік қызмет көрсеткен кезде аппараттың бұзылғанын анықтады. Бір қиыны, аппараттың қосалқы бөлшектері Қазақстанда және жақын маңдағы елдерде өндірілмейді, оны тек алыс шетелден тапсырыспен алдыру керек. Оның қосалқы бөлшектері мен техникалық тексеруіне жұмсалатын қаржы жыл өткен сайын өсіп отыр. Сала басшылығы дәл қазір «құрылғыны жөндеуге қаржы бөлу тиімсіз және қымбат» деп отыр. Себебі ескі құрылғы қайта-қайта істен шыға береді. Облыстық ауруханадан бөлек кардиоорталықта 2021 жылы алынған жаңа МРТ аппараты бар. Бюджеттен қаржыландыратын осы екі ауруханадан өзге мемлекеттік ауруханаларда бұл жоқ. Құны жоғары, диагнозды дөп қоятын аппарат тек жеке емханалардан табылады. Сайып келгенде, тұрғындардың жылдар бойғы жанайқайынан соң ол жеке емханалардың бәрі «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» реестрінде тіркеліпті. Қазір жекеменшік екеніне қарамастан, қалалық және аудандық емханалардың жолдамасы бойынша халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бірақ онда да ұзын сонар кезек. Мәселен, МРТ аппаратына түсіп, елордаға емделуге барғысы келген қала тұрғыны Зылиха Емберген денсаулық сақтау саласына көңіл толмайтынын айтады. «Облыстың денсаулық саласынан әбден көңіл қалды. Енді астанамыздың емдеу орталықтарындағы тәжірибелі мамандарға бару үшін тиімдісі – тұрғылықты жерден МРТ-ға түсіп бару. Емханаға келгеніммен, алдын ала кезекке тұрғандар көп екен. Облыстық аурухананың МРТ аппаратының істемеуі өз қаражатына басқа аймақта емделуге бармақ болған біз секілді науқастарға кедергі келтіріп тұр», – дейді ол. Атырау облыстық онкология ауруханасының бас дәрігері Эльмира Сапарованың айтуынша, ауруханада тек КТ аппараты бар. Алайда МРТ аппаратына түсуі қажет науқастар INVIVO, OPION мен өзге де жеке емханаларға жолдама арқылы тегін түсуге жағдай қарастырылғанын айтады. «Бүгінде Атырау облыстық ауруханасы МРТ аппараттың бұзылуына байланысты кардиорталықпен келісімшарт жасасқан. Яғни, жедел жәрдеммен ауруханаға түскен науқасты қаланың «Еуразия» аумағындағы ауруханадан «Азия» бөлігіне қатынап, МРТ-ға түсіріп жүргелі екі ай болды. Бұл жағдай келер жылдың соңына дейін жалғасса, еш таңғалмаңыз. Аурухананың даму жоспарында 2022 жылы жаңа МРТ құрылғысын сатып алу қарастырылған», – деді ол. Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан алынған мәліметтен білгеніміздей, МРТ құрылғысын алу үшін облыстың бюджеті қалыптасуы керек. Онда денсаулық сақтау саласына қаражат бөлінеді, конкурс ұйымдастырылады, жеңімпазды анықтайды. Бұдан соң келісімшарт жасалады, кеден, сертификаттау, жабдықты тұтынушыға жеткізу – барлық процедура ҚР заңдарында белгіленген өз мерзімінде жасалады. Сайып келгенде, Денсаулық сақтау басқармасының кемшілігі көрініп тұр. Біздің емес, өңір тұрғындарының сөзі. Келіспеске амалымыз жоқ.
Атырау облысы