Жыл басынан бері елімізде жүзден астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Биылғы алты айда 50 бала өзін-өзі өлімге қиса, екі жүзге жуық жасөспірім суицидке әрекет жасаған. Айналдырған екі аптаның өзінде ғана бір Алматы қаласында үш бірдей жасөспірім биік ғимараттан секіріп, бақилық болды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы бұл әрекеттің себебін мамандардың өздерінен сұрап көрдік.
Балалар арасында суицидтің артуына не себеп? Негізгі факторларды атасаңыз.
Баланың суицидалды белгілерін қалай байқауға болады? Ата-ана неге назар аударуы тиіс?
Суицид жасауға ұмтылған оқушымен кейін қалай жұмыс істеу керек? Оны райынан қайтарудың әдістері қандай?
Балалар неше жастан суицид жасауға ұмтылады? Қай жаста өз-өзіне қол салу оқиғалары жиі кездеседі?
Балалар арасындағы суицидті азайту үшін ата-ана, мұғалімдер тарапынан қандай кешенді істер атқарылуы қажет?
Татьяна БРАУН,балалар суицидологі:
Жасөспірімдер суициді – жұқпалы ауру
– 1. Владимир Маяковскийдің Сергей Есенинге арнаған өлеңінде «бұл әлем көңілді өмір сүруге арналып жабдықталмаған, өмірден ләззат алғың келсе, алдағы күндерден қуаныш іздеу керек» деген шумағы бар. Шындығында, бұл өмір ешкімнің басынан сипамайды. Бірақ жылуды жанымыздағы адамдар береді. Өкініштісі сол, кейбір жандар жақындардың жылуын сезіне алмайды. Әсіресе, оңы мен солын танып үлгермеген балалар өмірдің алғашқы сынағынан сынып қалып жатыр. Өйткені оларды өткінші қиындықтан өткізіп жіберетін жақын жандары дер кезінде демеу бола алмай келеді. Балалардың суицидтік мінез-құлқының пайда болуына ата-анасымен және құрдастарымен қарым-қатынас жасай алмау, жалғыздықты сезіну, ата-анасының біреуін жоғалту, не болмаса олардың ажырасуы, орынсыз махаббат, қызғаныш, қорлау, тіпті өзінің бойындағы менмендік те күйзеліске түсіреді. Жасөспірімге дейінгі кезеңде суицидтік мінез-құлық отбасы мен мектептегі буллингтен, ал жасөспірімдерде махаббат пен сексуалдық қақтығыстардың салдарынан туындайды. Кейбір балаларда психобелсенді заттарды қабылдау нәтижесінде әртүрлі себеппен қорқынышқа, ашу мен қайғыға бой алдырып, суицид жасауы мүмкін.
Дені сау жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың 3 негізгі себебі бар. Біріншісі, бейімсіздік. Олар әдетте әлеуметтік ортадан өзінің талап деңгейіне сай келетін нәрсені таппауы. Екінші, қақтығыс. Бұл отбасы мен мектеп қабырғасында үлкендердің ақыл-кеңесінен бас тартуға байланысты. Үшінші – алкоголизм мен есірткіге елігу. Бұл да баланы өзін-өзі өлімге тез итермелейді және жаман ойды бірден жүзеге асыруға итермелейді. Адам неғұрлым жас болса, соғұрлым оның өмірден кету ниетінің ақиқатын анықтау қиын. Сондықтан олардың іс-әрекетіндегі албырттық ырыққа көнбейді. Ішімдік пен есірткі қабылдау балалар мен жасөспірімдердің эмоционалды жүйке-жүйесіне тез әсер етеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жұқпалы ауру секілді. Олардың суицидтік мінез-құлқындағы өзгерістерге отбасындағы тәрбиенің әсері көп. Мысалы, зорлық-зомбылық көп отбасыларда балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы мен қол жұмсауға әрекет жасауы өте жоғары. Отбасындағы үйлесімдік жоқ, бірін-бірі қадірлемейтін ортада тәрбиеленген балалар арасында 40%-ға дейін суицидтік мінез-құлықтағы балалар мен жасөспірімдер өседі. Сосын суицидтің негізгі себебі – психикалық ауру, әсіресе аффективті бұзылулардың әсері бар. Бұрын психиатриялық ауруханаларда емделіп шыққан жасөспірімдер суицидтің ерекше қатеріне шалдығады.
2. Өз-өзіне қол жұмсағысы келетін балалар мен жасөспірімдер көбіне көмек сұрай алмайды, бірақ бұл көмек қажет емес дегенді білдірмейді. Суицидтің алдын алу ескертудің алғашқы белгілерін танудан және оларға деген байыпты қарым-қатынастан басталу керек. Егер балаңыз немесе отбасы мүшеңіз өз-өзіне қол жұмсауды қарастыруда деп ойласаңыз, бұл тақырыпты көтеруден қорқуыңыз мүмкін. Бұл – дұрыс емес. Керісінше, суицидтік ой, қорқыныш сезімі туралы онымен ашық әңгімелесіп, ойындағысын білу, өз ойыңды айту оның өмірін сақтап қалуы мүмкін. «Адам өзін өлтіруге бел буса, оны ештеңе тоқтата алмайды» деген жаңсақ түсінік. Тіпті, ауыр күйзелісте жүрген адамның өмір сүруге деген құлшынысы жоғары. Сол үшін ондай адамдарда өлім мен өмір арасындағы күрес соңғы сәтке дейін болады. Олар тек өз-өзіне қол салу арқылы жанын жеген ауырсынуды тоқтатқысы келеді. Егер жақын жандар жан-жақтан демеп жіберсе, суицидтік ойдан біржола арылып, өмір сүруге деген құлшынысы артады. Мысалы, өзін-өзі өлтірген адамдардың барлығы жақындарына жан сырын ақтара алмаған, айналасындағы адамдардан дер кезінде көмек сұрамағандар. Суицид құрбандарының жартысынан көбі өзін-өзі өлімге қиғанға дейін соңғы алты айда ғана медициналық көмекке жүгінген. Таңғалатыным, кейбір адамдар күйзелісте жүрген адамдармен сөйлесу, әңгімелесу өзге адамның да ойын бұзады деп санайды. Мүлдем олай емес. Немесе баламен суицид туралы ашық сөйлессем, өзін-өзі өлтіруге итермелеймін бе деп қорқады. Керісінше, суицид туралы ашық сөйлесу мен талқылау – балаңызға жасай алатын ең пайдалы нәрселердің бірі. Өйткені өзін-өзі өлтіруге талпыныс жасаған әрбір адам қасындағыларға өзін түсіну үшін, күйзеліске түсіп жүргенін білдіретін алғашқы дабыл белгілерін байқатады. Мысалы, «Мен өлсем, сізге оңай болады ма?», «Мен жарқын болашақ көрмеймін» деген сияқты әңгімелер айта бастайды. Кейбіреулер бұл сөзді әзіл түрінде жеткізуі мүмкін. Өз-өзіне қол жұмсау ниеті бар адамдардың көпшілігі психикалық ауру немесе есі ауысқандар емес.
3. Әдетте өзіне-өзі қол жұмсаудың алдында кез келген адам өзгеріп кетеді. Сондықтан суицидтік қауіп-қатерлерге аса мән беру керек. Тіпті, ол адам әлгіндегідей әзілмен немесе сөз арасында өлім туралы айта бастаса, не болмаса суицид туралы манипулятивтік мінез-құлық танытса, бұл адамның алдағы уақытта өзін-өзі өлтіруі мүмкін жоспарының пісіп-жетіліп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан ол адамға тез арада қол ұшын беру маңызды. Суицид тақырыбында әңгімелесу мен түрлі сұрақ қою арқылы адамның бойындағы қауіп-қатерді азайтып, райынан қайтаруға болады. Өйткені күйзелісте жүрген адамға жан дүниесіне жақын адамдардың көңіл бөлуі, қызығуы жеңілдік сыйлайды. «Суицид жасағың келіп жүрген жоқ па?» деген сауалды тіке қойып, одан шығатын жол барын түсіндіріп, ондай ойға не үшін келгенін білген соң сол бойынша әрекет ету маңызды. Егер адам күтпеген жерден өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен, ниетінен немесе депрессиядан кейін эйфорияны сезінсе, онда ол екі есе қауіпті. Бұл өз-өзіне қол жұмсау туралы шешім қабылдағанын және жоспарлағанын білдіреді. Мұндай кезде ол адамды жалғыз қалдырмаңыз, тіпті «бәрі жақсы» деп сенімді түрде айтса да. Ондай адамдар суицидтік ойы мен ниеті барын жоққа шығарады.
4. Суицидтік әрекетке бес жастан асқан балалар да барады. Бірақ олар өте сирек. Он-он бір жастағы балалар да бұл әрекетке аз барады. Суицидтік іс-әрекет жасайтын балалардың 60%-ы жасы – 15-тен 17 жастағылар. Биыл төрт айда 53 бала суицид жасаса, 120 бала өзін-өзі өлтіруге әрекеттенген. Бұл –Қазақстандағы әрбір екінші күні кәмелетке толмаған бала өз-өзіне қол жұмсайды және күн сайын мұны істеуге тырысады деген сөз.
5. Балалар мен жасөспірімдердегі күйзелістің алдын алуда ата-аналар маңызды рөл атқарады. Баланың бойындағы белгілерді байқаған болсаңыз, алдымен өзіңіз сабыр сақтаңыз. Қанша жұмысбасты болсаң да, баламен байланыс жасауды ұмытпау керек. Үнемі уақыт бөліп, әңгімелесу, пікірін білу, оның өмірі туралы сұрау, оған маңызды және мағыналы болып көрінетін нәрсені құрметтеуді үйреніңіз. Қазіргі және болашақтағы перспективалар туралы сөйлесіп, баланы өмірдегі қарапайым және қолжетімді нәрселерден ләззат алуға үйрету керек. Баладан тек жетістікті ғана күту жүрегін жаралауы мүмкін. Жеңіліс тәжірибесі де жетістікке жетудің жолы екенін түсіндіре білсек деймін. Баланың дөрекілігінің артында не тұрғанын түсініңіз. Сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсетіп, баланың бостандығы мен еркіндігінің арасындағы тепе-теңдікті табыңыз. Қазіргі ата-аналар еркіндікті балаларына ерте береді. Бірақ бостандықты бала басқаша түсінуі мүмкін. Өзін-өзі басқаруды білмейді де, жүгенсіздікке жол береді. Балаға еркіндік бергенмен, өзін басқару құқығын толығымен беруге болмайды.
Отбасынан жылу таппаған жасөспірімдер жан жарасын әлем желіден іздейді. Алайда интернет қауіп-қатерге толы. Балалар зорлық-зомбылықты, порнографияны, ұлтаралық және діни алауыздықты, есірткі мен алкогольді қолдануды насихаттайтын сайттарға тап болуы мүмкін. Ата-аналар баланың желіде қандай ақпарат іздейтінін, телефоннан немесе планшеттен қандай сайттарға кіретінін білуі керек. Интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар баланың желіні қалай қолданатынын қадағалап отырғаны жөн. Веб-мазмұн сүзгілерін орнату, электронды пошта контактілерін басқару немесе баланың интернет арқылы байланысын шектеген де артық етпейді. Баланың түнгі және таңғы ұйқысына, киім киісіне де мұқият болу керек. Егер бала ашық киімнің орнына аяқастынан қол-аяғын бүркейтін киім кисе, киімнің астында жарақат жасырынуы мүмкін. Бөлмесіндегі заттарға да назар аударып қойған дұрыс. Бұрын ұстамайтын ұстара, құпия заттарын қадағалап қойған да жөн. Баланың бойындағы кішкене ғана өзгерісті байқамау мүмкін емес. Ал оқу орындарында жеке тұлғалық бұзылулары бар оқушыларды уақытылы анықтау және оларды психологиялық қолдаумен қамтамасыз ету маңызды.
Мұғалімдерге де жауапкершілік арту керек. Үлгерімі төмен оқушыларға оқуда көмек көрсету керек. Жетістігі төмен оқушыларды ата-ана ғана емес, мектепте ұстаздары да қолдап-қуаттамаса, үнемі мін іздеп, басқалардан бөлектей берсе, бұл бала үшін ауыр соққы. Мұғалімнің осы кемсітушілігі оқушылардың арасында баланың мазақ болуына, арты өз-өзіне қол жұмсауына түрткі болады. Ұстаз дер кезінде баланың сабаққа қатысуын қадағалап, сабаққа қатыспау себептерін анықтау керек. Сынып жетекшісі баланың отбасы мен өмір сүру жағдайларын зерттеуі тиіс.
Жағдайы жоқ, ақылы курсқа қатыса алмайтын балалар үшін өз қатарластарынан қалып қою күйзеліске әкелетінін ұмытпайық. Сол үшін балалардың талантын ашып, білім көкжиегін кеңейту үшін де мүмкіндік қарастырылғаны дұрыс. Өздерін қызықтыратын, көңілі қалайтын үйірмелер, спорт секциялары, өнер немесе би сыныптары, экскурсиялар мен турпоходтар, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру олардың суицидтік мінез-құлқын сейілтуге себеп болатын еді.
Әсел АЙДАРОВА,
балалар суицидологі:
Сау адам суицид туралы ойламайды
– 1. Арнайы психологиялык зерттеулер бойынша, балалар арасындағы суицидтің артуына психикалық ауытқушылық себеп. Мектеп пен отбасында баланың күйзелісте жүргенін анықтау ерте болса, суицидтің алдын алуға болады. Жасөспірімдердегі психотравматикалық мінез-құлық мәжбүрлі әлеуметтік оқшаулау, тұрғылықты жердің ауысуы, мектеп немесе сынып ауыстыруы, жалғыздық, ұят, қоршаған ортада өзін жайсыз сезіну, жақын жандардың өлімі, туысқандар мен достардың арасындағы суицид жасаған әрекеттерге байланысты өрбиді. Суицид туралы ой, өлімге деген ниет ауыр соматикалык немесе психикалык ауруларға әкеледі. Жыныстық зорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, гомосексуалдық факторлар, жоспарсыз жүктілік, қаржының жоқтығы, ішімдік пен есірткі қабылдау, өзіне көңіл толмау, шамадан тыс сезімталдық пен болашаққа деген үмітсіздік күйзеліске түсіреді.
2. Меніңше, баласының болашағын ойлайтын кез келген ата-ана баланың психикалық саулығына назар аударғаны жөн. Бәрінен бұрын ата-ана баласының көңіл күйін, сөйлеген сөзін, ой-пікірін, көзқарасын, сезімі мен эмоциясын, тіпті жүріс-тұрысын, киген киімі мен сыртқы көрінісін өзгерте бастағанын жазбай таниды. Тек балаға көңіл бөлу арқылы оның өз-өзін өлімге әркеттенгісі келіп жүргенін байқайды. Байқап қана қоймай, ақылға салып әрекет еткенде ғана жамандықтың алдын алуға болады.
3. Суицид туралы психикалық тұрғыда сау емес адам ойлайды. Суицид ойлаған баланы райынан қайтару әркімнің қолынан келе бермейді. Оған тек психиатр, психотерапевт және психолог секілді арнайы мамандардың көмегі қажет. Олар баланың бойындағы өзгешелікті зерттеп, психотерапия және психотүзету арқылы өмірін сақтап қала алады.
4. Өз тәжірибемде 12-13 жасында суицидтік ойға келіп, 14 жаста сол әрекетті жасауға бел буғандар 15-17 жасында суицид әрекетін алғаш жасағанын айтқан. Кім болса да бір жылдың ішінде өмірін қия салмайды. Бірнеше жылдың ішінде пайда болады. Кейбір жасөспірімдерге бұл ой бала күнінен бастап пісіп-жетіледі.
5. Балалар суицидінің алдын алу өте қиын болып барады. Негізі, балалар өлімнен қорқады, шын мәнінде өлгісі келмейді. Алайда айналаға деген өкпе-реніш, қорқыныш бірте-бірте арта бастағанда басындағы жаман ойлардан арылу үшін суицид жасайды. Сондықтан егер баладағы алғашқы дабыл белгілерін байқаған ата-ана мен мұғалім ауруды жасырмай, дер кезінде психикалық орталықтардың көмегіне жүгінгені дұрыс.