1 қаңтардан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы өседі
1 қаңтардан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы өседі
© 24.kz
Үкімет азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне жалақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізу туралы қаулыны қабылдады.  Қаулыға сәйкес  аталған сала қызметкерлерінің жалақы тарифіндегі мөлшерлеме былай өзгереді: 1. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының педагогтері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады: 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 мөлшерде. 2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін қоспағанда, мемлекеттік ұйымдардың: стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының басқарушы, негізгі персоналдарының қызметкерлері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады: 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,75; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 мөлшерде. 3. Медицина және фармацевтика қызметкерлері ставкалардың белгіленген мөлшеріне түзету коэффициентін қолдана отырып айқындалады: біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандар (А блогының басқарушы персоналы, В1, В2 блогының негізгі персоналы): 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,63; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2,73 мөлшерінде белгіленеді. 4. Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне: 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2 мөлшерде. Қаулы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.