Қарағанды облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар толассыз өтіп жатыр. Жақында ғана «Өнер барысы» мәреге жетіп, «Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Өнер барысы» анықталды
Қарағанды қаласындағы С.Сәпиев атындағы спорт сарайында тұңғыш рет өнерпаздар арасында қазақ күресінен облыстық «Өнер барысы» мега жобасы өтті. Облыстық турнир ел Тәуелсіздігінің 30 һәм күш атасы Қажымұхан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналды. Шараға 46 өнерлі балуан қатысып, бақ сынасты. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде – 25, 70-тен жоғары салмақта – 21 балуан боз кілемнің шаңын қақты. Олардың арасында ақын, асаба, әнші, актер және басқа да өнер иелері бар.
Спорт додасын белгілі шоумэн Айбат Никулин мен дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абылайхан Шаратов облыстық қазақ күресі федерациясымен бірлесе ұйымдастырған.
– Өнерде жүріп, екінші қырынан көрініп жатқан жігіттерге ризамыз. Осы жобаны ұйымдастырған азаматтарға, бапкерлерге, қазақ күресі федерациясының мамандарына үлкен алғыс айтамын. Ұлттық спортты насихаттау ұлттық рухты көтереді. Осылай жастардың жарқылдап жүруі Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздігіміз баянды болсын, – деді өз құттықтау сөзінде Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Жиынды Айтуған Рсалдин мен Нұрхан Нұрмұхан тізгіндеп, шырайын кіргізді. Алдымен, шараның мақсат-міндеті таныстырылып, демеушілер мен құрметті қонақтардың есім-сойы аталды. Олардың арасында дзюда күресінен әлем чемпионы Максим Раков, «Қазақстан барысы» мега жобасының күміс жүлдегері Асыл Барменов, 2018 «Қазақстан барысы» жобасының чемпионы Ержан Шынкеев сынды атақты спортшылар бар.
Жарысқа Абай Үмітбаев бастаған халықаралық және жоғары деңгейдегі төрешілер төрелік етті.
Алдымен балуандар таныстырылып, жеребе тартылды. Төрешілер балуандардың қарсыласын анықтағанша, күміскөмей әнші Қуандық Рахым ән шырқады. Бұдан бөлек, «Арлан» күй тобы мен «Сүйінші» би ансамблі өз өнерлерімен елдің рухын көтерді.
Әр жұп 4 минут күресіп, жеңімпаздар анықталды. Жеңілгендерге де естелік сыйлықтар тарту етілді. Жеңімпаз балуандарға жүлдені облыстық қазақ күресі федерациясы директорының орынбасары Айдос Ақшонтаев тапсырды.
«Көңілді балуан» аталымы жаңаарқалық асаба Аңсаған Тоқсанбаев (лақап аты – «Гадзыла») пен Ернұр Ахметовке (лақап аты – «Тайсон»), «Үздік әдіс» номинациясы Аян Аманбаевқа (лақап аты – «Шал»), «Көрермен көзайымы» аталымы теміртаулық Дархан Оразәлиевке (лақап аты – «Тамды баласы»), «Ең жылдам әдіс» номинациясы жаңаарқалық Медет Жамановқа (лақап аты – «Алсай») бұйырды.
Ал, жүлделі орын иелеріне диплом, кубок және медаль тапсырылды.
Сонымен, 70 келіге дейінгі салмақта III орын Алмаз Құттыбай пен Нұржан Бейісбековке бұйырды. II орын биігіне ақадырлық Рахым Бекжол көтерілсе, I орын тұғырына көтеріліп, осы салмақта «Өнер барысы» атағына Бауыржан Нұрмағамбетов лайық деп танылды.
70 келіден жоғары салмақта III орынды Данияр Дүйсенбаев пен Қуаныш Дәуіржан иеленді. II орынға Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылынан қатысқан Ерік Тезекбаев ие болса, I орынды иемденіп, осы салмақта «Өнер барысы» атағын Жайрем қаласынан келген асаба Айтуған Охан жеңіп алды. Беліне арнайы белдік тағылып, иығына қасқыр терісі жабылды.
Осылайша Арқа даласын дүбірге бөлеген айтулы мегажоба мәресіне жетті.
«Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Қарағандыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік: Сөз бен сурет» атты республикалық ақындар мен суретшілер байқауының жеңімпаздары марапатталып, кітап альбомы таныстырылды.
4 айға созылған мега жобаға 101 суретші қатысып, 300-ден астам картина келіп түскен. Сондай-ақ, 100-ге жуық ақындар бақтарын сынады. Солардың ішінде 8 суретші мен 8 ақын үздіктер қатарынан табылды.
Салтанатты марапаттау рәсімі Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында өтті. Онлайн-байқаудың жалпы жүлде қоры - 7 600 000 теңге.
Бұл байқау республикадағы суретшілер мен ақындардың шығармаларын тоғыстыра отырып, кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ, бірлескен шығарма арқылы Қарағанды облысындағы мәдени ескерткіштердің, табиғатының, Тәуелсіздік кезеңінде өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін асқақтату. Ең бастысы оқырман жұртшылықтың жаңашыл ортасын қалыптастыру.
– Бұл елімізде тұңғыш рет болып жатқан жоба. Ақындар мен суретшілер жұптасып сайысқа түсті. Ең алдымен біз суретшілердің арасынан жеңімпаздарды іріктедік. Содан кейін ақындар әр суретке өлең жазды. Соның арасынан үздік шыққан өлеңдерді таңдап алдық. Бұл байқау тек сурет салу мен өлең жаузмен шектелген жоқ. Жеңімпаздарға арнайы бейнероликтер мен кітап альбомы дайындалды, – дейді ақын Бауыржан Қарағызұлы.
«Көсем» картинасымен бас жүлдені жеңіп алған Толқын Табысбек ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның суретін салуды байқауға дейін жоспарлаған. Кейін осы байқау арқылы ойындағысын жүзеге асыруға мүмкін туған.
– Мен бұл суретте қиын-қыстау заманда ел үшін тер төккен, бостандық үшін күрескен зиялы тұлғаны насихаттағым келді. Осы туынды арқылы кейінгі ұрпаққа тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін сезіндіру үшін кішкентай болса да өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Мұндағы мақсатым – бабаларымыздың рухының мәңгі екенін көрсету болды, – дейді қылқалам шебері.
«Көсем» картинасы бойынша сайысқа түскен ақындардың ішінде Мұрат Шаймаранның өлеңі үздік деп танылды. Ол «1937 жыл немесе Әлиханның соңғы монологын» жазған болатын.
– Мен өлеңді сурет қолыма түспей тұрып жазған едім. Өйткені Әлиханның бейнесі кез келген қазақтың санасында, жүрегінде бұрыннан қалыптасып қалған. Оның кешкен азабы – ұлттың трагедиясы. Поэзия сөзбен салынатын сурет қой. Сондықтан маған бұл қиынға соқпады, – дейді ақын.
Сонымен қатар, жеңімпаз ақындардың өлеңдері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, суретшілердің картиналарымен бірге арнайы альбом дайындалды. Альбом сапалы, түрлі-түсті суреттермен безендіріліп, арнайы түсірілген бейне роликтерге сілтеме берілген QR-кодтармен жарық көрді. Айта кетейік, аталмыш альбом ағылшын және орыс тілді мемлекеттердің ұлттық кітапханаларына жолданатын болады.