Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы оқ тиіп, көз жұмған Серік Мәженов рейдте болғанын хабарлады. Аумақтық инспекцияның басшысы Қайрат Кадешевтың айтуынша, оның қол астындағы қызметкері тапсырманы орындау үшін рейдке шыққан.
"Серік Мәженов рейдке шықты. Оның қолында қызметтік қару – "Сайга" карабині болған. Бударин қорықшасына аң аулауға тыйым салынған. Серік онда аң аулауы мүмкін емес. Оның іші мен кеудесіне оқ тиген. Аурухана қызметкерлері оны кеш әкелгенін хабарлады. Біздің болжамымызша, браконьерлерге кедергі келтірген болуы мүмкін. Оқиғаның мән-жайын тергеу анықтайды", – деді Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Кадешев.Серік Мәженовтің артында әйелі мен екі баласы қалған. Қызы мен ұлы бар. Олар студент. Инспекторды 16 желтоқсанда жерлейді. Облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 104-бабы («Абайсызда қазаға ұшырату») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
"Оқиғаның мән-жайын айта алмаймыз. Мәженовтің қасында таныстары болған. Бізде күдікті мен куәгерлер бар", – деді БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.Бұған дейін инспектор Серік Мәженовтің екі танысымен Теректі ауданы Ақжайық ауылынан 15 шақырым жерде Бударин қорықшасында аң аулауға шыққаны туралы мәлімет тараған болатын.