Биыл Қазақстан халқы біраз сынақты бастан кешірді. Пандемияның салдары жойылған жоқ. Нарықтағы баға шарықтады. Осы себепті көптің көкейінде Үкіметке біраз сауал жинақталып қалды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әлеуметтік салада қордаланған сұрақтарды Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа қойдық. – Ералы Лұқпанұлы, пандемия отандық экономикаға оңай соқпады. Талай үлкенді-кішілі бизнес ошақтары жабылды, шетелден тауар жетпей, біраз кәсіпорын тұралап қалды. Биыл 11 айда қанша жұмыс орындары ашылды? – Иә, пандемия тек біздің халқымыз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін күтпеген жағдай болды. Жаңа вирус тез арада ғаламдық қатерге айналды. Тарихта әлемді шарпыған қаншама індеттің болғанын білеміз. Алайда адамзат дәл осындай қатермен бірінші рет кездесіп отыр. Алғаш рет мемлекеттер арасындағы барлық көлік қатынастары тоқтап, адамдар әлеуметтік қашықтық сақтауға мәжбүр болды. Тұтас елдер, қалалар, мегаполистер «локдаунға» жабылды. Дамыл таппайтын өндірістер, орта және шағын бизнес қарқынын төмендетті. Алпауыт елдердің өзі абдырап қалғанына куә болдық. Осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавируспен күрес жұмыстарын ұйымдастыруды тікелей өз бақылауында ұстап, кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешуге ерекше мән беріп, басқаруды талап етті. Міне, осының арқасында пандемия кезеңінде денсаулық сақтау жүйесінде атқарылған шаралардан басқа халыққа әлеуметтік қолдау көрсетілді және мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалды. Біріншіден, төтенше жағдай, сондай-ақ шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,3 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды. Екіншіден, көмекке мұқтаж 1 миллионнан аса адам ай сайын азық-түлікпен, сонымен қатар аз қамтылған отбасындағы 217 мың бала мектепке қажетті киім және құралдармен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатта 24,6 млрд теңге жұмсалды. Үшіншіден, қабылданған жұмыспен қамту шаралары жұмыссыздықты 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Пандемияның жалпы экономикаға әсеріне келер болсақ. Экономиканы қалпына келтіру мақсатында 2020 жылы 700 мың кәсіпкер 1 трлн теңге көлемінде салықтан босатылды. 40 мың бизнес-жоба 2,6 трлн теңгеге қаржыландырылды. Несие алушылардың 80%-ының төлем мерзімдері кейінге шегерілді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, 1,2 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 684 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгінде ұлттық экономиканың көрсеткіштері пандемияға дейінгі деңгейге жетті және сенімді түрде қалпына келтіру динамикасын көрсетуді жалғастыруда. Осы жылғы 11 ай қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8%-ға көтерілді. – Биыл жалақысының төмендігіне налып, айлығымыз шайлығымызға жетпейді деп біршама кәсіпорын қызметкері наразылық танытты. Әсіресе, аймақтарда. Олардың арызы Үкіметке жетті ме, сұранысы орындалды ма? Жалпы, республика бойынша жалақы көлемінің өсімі байқалды ма? – Негізінен мұнай сервистік компанияларда (31 еңбек дауының 27-і) еңбек даулары болды. Осыған байланысты Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы мен мүдделі мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар бірлесе жұмыскерлердің наразылығын тудырған мәселелер анықталып, мұнай сервистік компаниялардағы мәселелерді реттеу бойынша іс-қимыл жоспары бекітілді. Сондай-ақ кәсіпорындарда туындаған еңбек саласындағы мәселелер Үкімет жанындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың 3 отырысында, ал әкімдіктер тарапынан 224 облыстық (қалалық) және 1 145 аудандық комиссияның отырысында қаралды. Осы жылдың 10 айында жұмысшылар үшін қосымша жеңілдіктер мен өтемақыларды көздейтін 8,5 мыңнан астам жаңа ұжымдық шарттар жасалды. Жыл басынан бері еліміздің 911 кәсіпорнында 600 мыңнан астам жұмысшының жалақысы орта есеппен 25%-ға артты. 1 000-ға жуық кәсіпорындағы 23 мың қызметкердің 5,2 млрд теңге жалақысы өтелді. Бұл жыл басынан бері болған барлық еңбек дауларының толығымен (31 еңбек дауы толығымен шешілді) шешілуіне өз септігін тигізді. Жалпы алғанда, жыл басымен салыстырғанда орташа жалақы мөлшері 4 пайызға немесе 233 мың теңгеден 243 мың теңгеге өсті. Бюджет саласының 883 мың қызметкерінің жалақысы 25%-тен 50%-ға дейін көтерілді. Сондай-ақ 591 мың азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 2022-2025 жылдар аралығында орташа есеппен жыл сайын 20%-ға өседі. – Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесінің айтылып келе жатқанына сан жылдың жүзі болды. Соңғы жылдары жекеменшік, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында мектептер ашылды. Аталған қос мәселе толық шешімін табуы үшін әлі қанша уақыт керек? – Жаңа мектептер құрылысы – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы 1 000 мектеп салу туралы тапсырма берді. Қазір елімізде 168 үш ауысымды және 35 апатты мектеп бар. Елімізде 266 мың оқу орны тапшы. Демографиялық өсімді ескерсек, нақты шаралар қабылданбаса, 2025 жылы 1 млн-ға дейін оқушы орны аз болуы мүмкін. Бұл бағытта жаңа мектептерді салуда мемлекеттік жеке әріптестік арқылы салу, жеке мектептер құрылысы және мемлекет есебінен шешу тәсілдері қолданылады. Жаңа 2 000 орындық мектеп салуға басымдық беріледі. Бұл – мәселені шешудің тиімді тәсілі. Нұр-Сұлтан қаласында бұл жоба басталып кетті. Жыл соңына дейін барлығы 311 мектеп пайдалануға беріледі, оның ішінде 145 мектеп мемлекеттік бюджет есебінен, 4 мектеп мемлекеттік жеке әріптестік есебінен, 162 – жекеменшік мектеп. 1 000 мектептің құрылысы шеңберінде мемлекеттік жеке әріптестік тетігін қолдану арқылы 101 мектептің құрылысы қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселелерін шешу, сондай-ақ оқушылар орнының тапшылығын жою мақсатында министрлік облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, 2021-2025 жылдарға арналған мектеп салу жоспары әзірленді. Сол жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында оқушылар орнының жетіспеушілігін жабу және үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін 1 080 мектеп салу жоспарланған. – Пандемия өрши бастағанда дәрі тапшылығын қатты сезіндік. Дәрінің аймақтарға жеткізілуі қиындады. Осы салаға жауаптылар «адалмыз, бәрі экспортқа байланысты» деп ақталды. Бүгінде шетелдік өнімге тәуелді болмас үшін отандық фармацевтиканы дамыту қолға алынды ма? – Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жеке өндірісін дамыту – Үкімет үшін маңызды басымдылық. Бүгінде біз өзімізді дәрі-дәрмекпен 17% ғана қамтамасыз етіп отырмыз. 2025 жылға қарай 50% деңгейіне жетеміз. Ол үшін Үкімет деңгейінде арнайы фармацевтика индустриясын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Жамбыл облысында «Отарбиофарм» биофармацефтикалық зауыты салынды. Бүгінде отандық вакцинаның 2 млн дозасы шығарылды. Қазақстан бүгін әлем бойынша коронавирусқа қарсы вакцина шығарған алты мемлекеттің – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Израиль, Швеция, Қытай қатарына енді. Фармацевтикалық өндіріс саласын дамыту функциясы Индустрия министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілуде. Осы салада өндірісті дамыту үшін BigPharma қатарына жататын ірі өндірушілерді елімізге алып келу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылға қарай дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтуға, 2 мыңнан астам жоғары білікті маманды даярлап, олар үшін тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өнеркәсіп іске қосылады. Ең бастысы, пандемия еліміздің қазіргі заманғы биологиялық қауіптерге қарсы тұруға дайын болудың маңызын көрсетті. Сондықтан Қазақстан тарихында бірінші рет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы әзірленді. Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжамдаудың Ұлттық жүйесі құрылады. Бұл биологиялық қатерден қорғау бойынша жұмыстарды өткізуге жүйелік негіз болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, санитарлық-эпидемиологиялық жүйе қалпына келтірілді. Жалпы, санитарлық-эпидемиологиялық лабораториялардың жабдықталуы қазіргі 61%-дан 90%-ға дейін артты. – Карантин, пандемия бүгін біздің тұрмысымыздың бір бөлігіне айналғандай. Елді енді ревакцинация күтіп тұр. Айтыңызшы, коронавируспен күресудің келешектегі жалпы стратегиясы анықталды ма? Әлде күрес әдісі инфекцияның таралу деңгейіне байланысты өзгеріп отыра ма? Мүмкін бетперде режимі, ірі шараларды өткізбеу, арақашықтық сақтау біздің қоғамға қалыпты жағдайға айналып кете ме? – Иә, пандемия кезеңіндегі әлемдегі өзгерістер халықтың көңіл күйіне, тұрмысына, тағдырына оңай тимеді. Кенеттен туған жағдайды түсіну де, қабылдау да қиын болды. Алғашқы локдаун жарияланған кезде біздің қоғам тығылып қонаққа барып, мейрамхананың артқы есігінен кіріп, той жасап, бетперде тағуды қажет деп санамай, талаптарды орындамады. Соның кесірінен қаншама адам қайтыс болып кетті. 2020 жылғы 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын тежеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды. Жалпы, коронавирусқа қарсы шараларды тұрақты түрде қабылдап, іске асыру жолдарын және орындалу тәртібін анықтап отырған, міне – осы комиссия. Бүгінде Үкімет тарапынан ревакцинациялау, сонымен қоса балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен вакциналау туралы шешім қабылданып, іске асырылып жатыр. Pfizer вакцинасын коммерциялық сегментке ақылы түрде алуға мүмкіндік берілді. Қазақстанда биыл 22 қарашада ревакцинация басталды, ол екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдар егіледі. Биыл жыл соңына дейін медициналық-әлеуметтік мекемелердің, жабық балалар ұйымдарының, әлеуетті құрылымдардың медицина қызметкерлері, педагогтері, персоналы мен контингенті қайта вакцина алуы керек. Сондай-ақ ревакцинацияға тексеруден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар 60 жастан асқан адамдар жіберіледі. Ревакцинацияның екінші кезеңі 2022 жылдың 1 қаңтарында басталады. Екінші кезеңде алғашқы вакцинацияны аяқтаған республиканың барлық тұрғындары вакцинацияның толық курсынан кейін 6-9 айдан кейін қайта вакцина салғызды. Бірінші кезеңде 1 миллионға жуық адамды, екінші кезеңде 6,2 миллион адамды ревакцинациямен қамту жоспарланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы жылдың сәуір айында СOVID-19-ға қарсы күрес стратегиясын жаңартты. Біздің елімізде инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, эпидемияға қарсы шаралар анықталды және Қазақстан Үкіметі коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған жедел іс-қимыл жоспарын бекітті. Сөз жоқ, пандемия бүкіл әлемде сананың өзгеруіне ықпал етті. Біздің қоғам да уақыт өте өзгере бастады. Мысалы, пандемияға дейін бетперде киетін адам өте сирек еді. Қазір бетпердемен жүру күнделікті талапқа, тіпті дағдыға айналды. Бұрындары халқымыз 300-500 адам жинап, ұлан-асыр той өткізетін. Қазір 30-50 адам жинап қана өткізе беретін болдық. Бәріміз де онлайн және офлайн деген сөзді жиі қолданатын болдық. Жұмысты қашықтан істеуге, мемлекеттік қызметті онлайн алуға, сауданы онлайн жасауға да бейімделдік. Мұның барлығы бас-аяғы 2 жылдың ішінде пандемияның нәтижесінде қалыптасқан жаңа мәдениет, жаңа қарым-қатынас. Бұдан бөлек, адамдардың жауапкершілігі артып келеді, ең әуелі өз денсаулығына деген көзқарас өзгерді. Енді науқас адамның жұмысқа келуі және жұмыс істеуі «батырлық» болып саналмайды, керісінше басқаларға қауіп төндіретін жауапсыз әрекет болып саналады. Саналы қоғамға қарай қадам басып келеміз. «Вакцина алу немесе алмау» деген тақырыптағы пікірталастың өзі адамдардың ғылымға назарын аудартты, көзқарасын өзгертті деп ойлаймын. Бұл Елбасының «интеллектуалды ұлт» қалыптастыру туралы ойының іске аса бастағанының дәлелі, дағдарысты даму үшін қолданудың бір көрінісі. Саналы қоғам қалыптастыруға әр азамат өз үлесін адал әрекетпен қосуы керек деп ойлаймын. – Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елінде білім мен ғылым саласын бөліп, екі мекеме ету үрдісі байқалады. Еуропа елдері, Ресей осы тәжірибеге көшті. Бізде әзірге балабақша, мектеп, бала құқығы, колледж, ЖОО, ғылым, тіл салаларына бір министрлік жауапты. Бізге де әлемдік тәжірибеге көшетін уақыт жетпеді ме? – Ғылымды дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып келді және болып қала береді. Бүгінде «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ» QazVac коронавирусқа қарсы отандық вакцинасы – қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғайтын құрал ғана емес, экономиканы дамытудың тетігі, қазақстандық ғалымдарымыздың әлеуеті мен жетістігінің дәлелі. Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда екі есе өсті және 2021 жылы 83,1 млрд теңгені құрады, 2016 жылмен салыстырғанда 20 млрд-қа жуық артып, олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,13%-ға жетті. Қазір 1 300-ден астам ғылыми-зерттеулер іске асырылуда, оның ішінде 315 жобаны жас ғалымдар орындап жатыр. Әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант бөлінді. Жыл сайын жас ғалымдарға ғылыми-зерттеулер жүргізуге 1 000 грант бөлінеді. Сонымен қатар қазіргі проблемалар шын мәнінде елеулі реформаларды талап етеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Жинақталған проблемаларды шешу үшін жыл соңына дейін Ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді» тапсырды. Бұл тапсырманы Үкімет қысқа мерзімде Парламентпен өзара іс-қимыл жасай отырып орындады. Биыл 15 қарашада Президент Қ.Тоқаев заңға қол қойды, онда «Ғылым туралы» заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жетекші ғалымдардың жалақысы 2022 жылдан бастап базалық қаржыландыруға қосылады. Іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттар тікелей қаржыландырылатын болады. Гранттық қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылады. Ғылыми кеңестердің шешімдерін қарайтын апелляция институты құрылады. Бұл – ғалымдарымыз көптен күткен өзгерістер. Бұдан басқа да ғылымды реформалау бойынша жүйелі шаралар әлі де қабылданады. – Биыл – тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл мерзімде атқарылған іс аз емес. Қазақстан азаматы ретінде тәуелсіздігіміздің ең басты жетістіктері деп нені атар едіңіз? – Тәуелсіздік – бұл жеңіс! Ащы термен келген тәтті жеңіс. Ұрпаққа өсиет етілген ұлы мақсаттың, қайтпас жігердің отымен келген ұлы күн. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық. Елбасының осы тұрақтылық стратегиясы біздің бүгінгі жетістіктеріміздің, мемлекет дамуының негізіне айналды. Тұрақтылықты, халқымыздың бейбіт өмір сүруге мүмкіндігін арттыруды қамтамасыз ету үшін атқарылған ең үлкен жұмыс – шекарамызды бекітіп алғанымыз. Бұл тарихи деректің ар жағында Елбасының мықты саяси жігері, ұлтқа адалдығы, терең дипломатиясы жатыр. Бұл – бірінші. Тұрақтылықтың негізінде қоғамымыздың келісімі, халқымыздың ауызбіршілігі, ұлтымыздың ұлылығы жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен конституциялық институт ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Назарбаевтың келісім моделі ретінде әлем елдеріне таратылды. Бұл – екінші. Біздің жарасымды бірлігіміздің арқасында елімізге деген сенім артты. Сол сенім Отанымызға ірі инвесторлардың келуіне жол ашты, экономикамызды дамытуға сеп болды. Бұл – үшінші. 30 жылдың ішінде әлем бізге «достық елі» деген ат беріп, «келісім көпіріне» айналдық. Әлемді ядролық қарудан арылтуды да Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Бұл планетарлық мәселе адамзаттың тағдырына әсер етті. Бізді әлем таныды, мойындады. Бұл – төртінші. 30 жылда Қазақстан тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Баға жетпес байлығымыз – тәуелсіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! – Сұхбатыңызға рақмет!