90-жылдары Қазақстанда дорба көтеріп сауда жасайтындар, арба итеріп, нәпақа табатындар аз болған жоқ. Бұқараның әлеуметтік жағдайы нашар еді. Арада 30 жыл өтті. Бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды, тұрмысы түзелді. Бұл да азаттықтың арқасында жеткен бір белес. Осыдан 30 жыл бұрын әлеуметтік хал-ахуал расында да қиын еді. Ұлттық валюта айналымға енгенге дейінгі алғашқы кездері тіптен мүшкіл болды. Ақша құнсызданды. Гиперинфляция экономикаға оңай соққы болған жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайы тіптен нашарлай түсті. Елдің көпшілігі күнкөрістің жолына түсіп кетті. Мұғалімдер мен дәрігерлер жұмысын тастап, базар жағалап, табыс табуға кірісті. «Ала дорба арқалаған» аналардың вокзалда түнеп, вагоннан-вагон кезген кездері де сол кезең еді. Бұл тәуелсіздік алған елең-алаң тұс. ХХ ғасырдың 90-жылдардың басы. Бұл жылдар – тоқырау кезеңі еді. Өйткені халықтың жаңа қоғамдық-саяси-экономикалық жүйеге бейімделуі оңай болған жоқ. Еңбек нарығы дейтін заңдылықтар сақтала қоймады. Жұртшылық та бас-көзсіз түрлі салаға ұмтылып, нәпақа табудың жолына кірісті. Сондықтан кей салаларда тепе-теңдік бұзылып, дисбаланс жүрді. Байқасаңыз, алғашқы жылдары көпшілікте қаржы-қаражат экономика мен заңгер мамандықтарда көп болады деген ұғым қалыптасты. Сондай «қажетті» мамандықтарды оқуға тырысты. Бірақ олар қоғамда бұл мамандықтарға он мыңдап сұраныс болмайтынын түсіне қойған жоқ. Сол үшін мұғалімдік, дәрігерлік мамандықтардың алаңы бос қалды. Мұның бәрі елдің әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізбей қоймады.
Жол картасы қалай іске асты?
Әлеуметтік-экономикалық үрдіс бірнеше жылда қайта қалпына келді. 2000 жылдардың басында мұнай және басқа да шикізат бағалары қымбаттап, экономикамызда ілгерілеу басталды. Осы жылдары ептеп халықтың әлеуметтік жағдайы да көтерілді. Дүниежүзілік қаржы дағдарысы алқымнан алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жол картасы» бағдарламасын қолға алып, оның тиімді орындалуын қадағалау үшін Үкіметке айрықша тапсырма берді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2009 жылы 191 миллиард теңгеден астам, ал 2010 жылы 151 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Алғашқы екі жылда 8 871 жоба іске асып, 392 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды. Сол жылдардағы статистикалық деректерге сүйенсек, 2009 жылдары жұмыссыздар саны 557,8 мың адам болса, 2011 жылы жұмыссыздық деңгейі қысқарып, 481,7 мыңға жетті. Сөйтіп, «Жұмыспен қамту Жол картасы» бағдарламасының жүзеге асуы елге жаңа серпін берді. Бағдарлама аясында 123 000 адам кәсіби оқуға жіберілген. 2011 жылдың өзінде шағын несие алғандар саны 1 411 болса, 2016 жылы бұл сан үш-төрт есе көбейіп, 8 231-ге жеткен. Жұртшылық нарықты да игере бастады. Еңбек нарығының тұрақтануына «Жол картасы» бағдарламасының аясында салынған әрбір құрылыстың да, кез келген жолдың да жауапкершілігі айтарлықтай жоғары. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру нысандары бойынша да осыны айтуға болады. Елбасы бастамасымен қаншама жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген әлеуметтік нысандар жаңартылып, дағдарыс салдарынан жұмыссыз қалғандар жаңа мамандықтарды игеріп, отбасын асырады. Аталмыш бағдарлама аясында 100 мыңнан аса адам мемлекет есебінен тегін екінші мамандық алды. Түрлі қайта даярлау курстарынан өтті. Слесарь, электромонтер, сырлаушы, сылақшы, тас қалаушы, монтаждау, құрылыс машиналарын жүргізуші, ағаш шебері, сонымен қатар шаштараз, аспаз сияқты қосымша мамандықтарды игеріп, 75 мыңнан аса жұмыссыз адам жұмысқа орналасып, 400 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Жол картасының арқасында ауылдағы тозығы жеткен ғимараттарға қайта қан жүгірді.Отандық медицина дамып келеді
Отандық медицинаны дамыту бағытында да кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Республика бойынша көптеген емдеу нысаны бой көтерді. Алғашқы жылдары денсаулық сақтау саласында да қиын кезеңдер болған еді. Ұлттық статистикалық бюроның дерегі бойынша, 1993 жылы елімізде 64 мың дәрігер, 189 мың орта буын медицина қызметкері жұмыс істеді. Ал 1994 жылы ауруханалар саны 1 651-ге азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қызметкерлері 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны 54 мыңға жетті. Көрсеткіштерге қарасақ, бес жыл ішінде 12 мың дәрігер мен 67 мың қызметкерге азайған. Оған себеп: дәрігерлердің қаржы табу үшін мамандығын тастап, базарға, сауда-саттыққа кеткені. Тек 1996 жылдан бастап қана денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың бюджеттік-сақтандыру моделі енгізілді. Сөйтіп, ХХІ ғасыр басында медицина саласына да оң өзгерістер ене бастады. 2000 жылы дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын қызметкерлер саны көбейіп, 106 мыңға жетті. Ал арада екі жыл өткенде төрт мыңға көбейді. Осылайша, жыл сайын дәрігерлер саны арта берді. «Тәуелсіздік жылдары отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Елбасы Денсаулық жылы деп жарияланған 2002 жылды санау нүктесін атады. 2002 жылы елімізде халықты алғашқы жаппай зерттеу жүргізілді. Оның нәтижелері жақын болашақта әйелдер мен балалардың денсаулығына ерекше назар аудару керектігін көрсетті», – дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Министрдің айтуынша, жалпы негізгі демографиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалады, ана мен бала өлімі азайды, 20-дан астам инфекцияға қарсы вакциналарды тегін енгізумен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық қамтамасыз етіледі, көлік медицинасын жетілдіру, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Медициналық білім беру саласында гранттар санын ұлғайту мақсатында мемлекеттік тапсырысты орналастыру, медициналық кадрларды оқуға қабылдау және даярлау қағидалары бекітілді. 2025 жылға қарай гранттар саны 5 мыңнан аспақ. «30 жыл ішінде республикада 1 827 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде: 205 аурухана; 1 530 емхана мен дәрігерлік амбулатория; 40 ғылыми орталық; түрлі бейіндегі 52 денсаулық сақтау нысаны. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, 2025 жылға дейін біз 137 АМСК нысанын, МЖӘ аясында 20 заманауи аурухана салуды және 20 қолданыстағы медициналық нысанды қайта құруды қарастырдық», – дейді министр.Мұғалім мәртебесі артты
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Бұл заңның қабылдануына елдегі мұғалімдердің құқығы жиі бұзылып, беделіне нұқсан келуі, жалақысының төмендігі себеп болған еді. Аталған заң ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталған. Мұғалімдер маңызды үш жеңілдікке қол жеткізді. Педагог мәртебесі туралы заңның 12-бабы бойынша оларға баспана, жатақхана, жеке үй құрылысы үшін жер учаскелеріне ие болу мүмкіндігі пайда болды. Тағы бір жеңілдік – барлық санаттағы қызметкерлер 56 күндік еңбек демалысына шыға алады. Одан бөлек, педагогтердің жалақысын екі өсеге өсіру мәселесі де жоспарда тұр. Министр Әсет Ерғалиев: «2025 жылға қарай мектепке дейінгі мекемелерде балалар 100 пайыз қамтылады. Барлық білім беру ұйымында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалатын болады. 2025 жылға дейін білім беруге қолайлы жағдай туғызу үшін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты және үш ауысымды мектеп, орын тапшылығы проблемаларын шешуге мүмкіндік береді» деген еді.Бақытты ана мен бала
Тұңғыш Президент: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуымыз тиіс. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмауы керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс», – деген еді. Әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салынып, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға көмекті аямау керек екені баса айтылды. Бұл үшін жалғызбасты аналарға икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс істеуіне жағдай туғызу керек. Мемлекет пен заң аналардың емін-еркін еңбек етіп, бала тәрбиесімен айналысуына барлық жағдай жасауы тиіс. Ата-ана үшін ең үлкен инвестиция – бала тәрбиесі. Бала жақсы білім алып, озық оқу орнына түсуіне жағдай жасау маңызды. Бұл тұрғыда «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, зияткерлік мектептер, Назарбаев университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Ана мен баланы қорғау, отбасы және неке саласындағы заңнамаларға да түзетулер енгізілді.Бұған қатысты да алға қойылған міндеттер жалғасын таба бермек. Бұдан бөлек, көпбалалы аналарға жағдай жасау, көпбалалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауға да басымдық беріліп келеді. Сондай-ақ бүгінде «Аңсаған сәби» жобасы да сәтті жұмыс істей бастады. Былтыр Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндеті қойылды. Жақында осы жоба өзінің алғашқы жемісін берді. Сәби сүйе алмай жүрген отбасы нәрестелі болды. Алғашқы қуанышы – тұңғыш перзенті. Лайым, мұндай қуаныш әр отбасында жалғаса бергей!Айым БЕКТҰР