Мәмбет Қойгелді: Тарихқа жаңа көзқарас қалыптасты
Мәмбет Қойгелді:  Тарихқа жаңа көзқарас қалыптасты
709
оқылды
Қазақ тарихында талай-талай зұлмат болғаны көпке мәлім. Ол зұлматтың бәрі – тәуелсіздікке жету жолындағы үлкен бастау болатын. Қазақ хандығы кезеңінен басталған ел күресі 1991 жылғы Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған күнге дейін жалғасты. Азаттыққа жету жолындағы халықтың басынан кешкен тағдыры айтылмай қалмауы тиіс. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біз тарихшы Мәмбет Қойгелдімен аз-кем тілдескен едік. Алаш арыстары мен репрессия тарихын кеңінен зерттеп, тарих ғылымының докторы атанған тұлғаның азаттыққа дейінгі кезеңдер жайлы айтары көп. Азаттық алғанға дейін қазақ халқы өткерген нәубет жылдардың тарихи салдарына, қазіргі бейбіт күннің жай-жапсарына үңілген тарихшымен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз. – Ең алдымен, сіз қоғамға тарихшы ретінде танылдыңыз. Сол себепті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарих тұрғысынан тоқталсақ. 1991 жылдан басталған айтулы уақытта тарихтың жаңа кезеңі қалыптасты ма? Қандай баға берер едіңіз? – Жеке саналы адамға да, өзіндік өмірі бар, өзіндік келбеті бар ұлтқа да ең керек нәрсе – тәуелсіздік. Өйткені қандай халық, қандай ұлт мәңгілік болғысы келмейді. Бірақ олардың бәріне бірдей мемлекет болуды тағдыр жаза бермейді екен. Сондай азаттықты аңсаған халықтың бірі – қазақ халқы. Тәуелсіздік халық үшін үлкен жетістік екені еш дау тудырмайды. Азаттыққа жеткен кез – өте маңызды оқиға, халқы­мыз­дың сан ғасырлық күресінің нәтижесі. Ең негіз­гісі, қазақ жерінде мемлекеттілік қалыптасты. Сол мемлекеттіліктің арқасында шекарамыз анықталды, ресми бекітілді, өзге жұрт мойындады. Жақсы істерге тоқталар болсам, біріншіден тәуелсіздік жылдарында демографиялық тұрғыдан оң өзгеріс болды. Халық саны біршама өсті. Мысалы, 1991 жылы мемлекеттегі қазақ ұлтының саны 40 пайыздан әрең асқанын білеміз. Соңғы халық санағының нәтижесіне қарасақ, бүгінде 70 пайызға жетті. Дамудың бірден-бір көрінісі – осы. Екіншіден, шетелдермен қарым-қатынас нығай­ды. Экономикалық, ғылыми, мәдени не сауда қатынасы бола ма, байланыс орнады, теңдей сөйлей алар дәрежеге жеттік. Шындығы сол, мұндай қарым-қатынас тәуелсіздікке дейінгі халық өмірінде болған жоқ. Қалай дегенмен де, ақиқаты – сол. Жәнібек пен Керей сұлтандардың, Қасым хан мен Тәуке ханның, Абылай ханның тұсындағы хандық мемлекеттік құ­рылымдардың қазақ ұлты мен оның территориясының, мәдениеті мен ұлттық санасының қалыптасу проце­сінде үлкен рөл атқарғаны рас. Әйткенмен, билік жү­йелерінің қазақ қоғамының үдемелі экономикалық дамуын, территориялық тұтастығы мен саяси тәуел­сіздігін одан әрі қамтамасыз ете алмағанын, соның нәтижесінде Қазақстанның екі жарым ғасырдан астам уақыт отарлық кіріптарлыққа ұшырағанын мойын­дауға тура келеді. Кейінгі ұрпақ 1991 жылдан бергі еліміздегі тарихи өзгерістерді талдауға алғанда, қоғамның экономикалық базасындағы, әлеуметтік құрылымындағы, рухани өміріндегі түбегейлі бетбұ­рыс­тарға үңіле қарайтын болады. Үшіншіден, жастарға жол ашылды. Әлемдегі ең мықты, жетекші оқу орындарына барып, білім алды. Тәжірибе жинап, ел көрді. Ойына түйгенін өз жұртына келіп бөлісті. «Болашақ» бағдарламасы көп мүмкіндік тудырды. Бір сөзбен айтсақ, халық ретінде, ұлт ретінде қарыштап, жемісті дамуға жағдай жасалды. – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы артта қалды, мемле­кет қалыптасты. Енді ел алдында қандай міндеттер тұр? – Қоғамдық дамуда бұрын жіберген есемізді қайтара аламыз ба? Сауал осыдан тууы керек шығар. Бұл кезең – біз үшін үлкен сын. Жалпы, еліміз мемле­кеттік ұлтқа айналды. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, іздеген жоғы – мемлекеттілік. Мем­лекеттілік ғана халыққа болашақты қамтамасыз ете алады. Мемлекеттілігі жоқ халық, шын мәнінде Әли­хан Бөкейхан айтқандай, жетім халық, біреудің же­тегінде кететін халық. Әлемде ұлттар екіге бөлінеді – мем­лекеттік ұлт және мемлекеттігі жоқ ұлт. Құдайға шүкір, біз осының алғашқысы болдық. Шыны сол, әлемде ірі ел болса да, мемлекеттігі жоқ ұлттар көп. Енді осындай қонған бақты өз мүддеміз үшін пай­далану – өзімізге байланысты. Әйтпесе сонау пат­ша­лық кезеңде, берідегі Кеңес Одағы тұсында халықтың белсенділігі бірталай төмендеп кеткені рас. Түрлі идеологияның кесірінен илеуде отырдық, имендік, мүжілдік. Мемлекеттік алғаннан кейін еңсе көтерілуі тиіс, дамуға бағытталған кез келген мүмкіндікті құр жібермеген абзал. Етек-жеңімізді жинап, іштегі емес, әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке ұмтылғанымыз жөн. Іштегі бәселекелестік онсыз да тоқтаусыз жүре береді. Қиын күннің бәрінде өз мәселемізді шеше алатын халге жетуіміз қажет. Сайып келгенде, сыртқы күштерге төтеп бере алсақ. Алдымызда тұрған ендігі міндет осы дүниелер ғой деп ойлаймын. – Азаттықтың алғашқы жылдарында «тарих ғы­лымы – ұлттық сананы қалыптастыра алмай отыр» де­ген пікір көп айтылды. Ал қазір тарихты оқытуда, на­си­хаттауда осы олқылықтың орнын толтыра алдық па? – Азаттыққа жеткелі тарих ғылымында көптеген оң өзгеріс болды. Оны жасыруға болмайды. Қоғамдық санада дамуға бет алған құбылыстар болып жатса, онда сөзсіз тарихшылардың еңбегі жатыр. Тарихты жазу, қайта қарау деген жеңіл нәрсе емес. Ауыр нәрсе. Ол үшін тіптен керек десеңіз, ұрпақ ауысады. Тарихты қайта жазып, қайта қорытатын жаңа ұстанымдағы жетекші мамандар қалыптасуы керек. Оған мемлекет тарапынан тапсырыс болуы қажет. Әрине, ештеңе жазылған жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Ұлт тарихының түрлі кезеңі мен тақырыбына арналған монографиялық еңбектер жарық көрді, деректі фильмдер даярланды. Тәубе, тарихшылардан кенде емеспіз. Көптеген жабық қордан «Құпия» деген гриф алынып тасталды. Олардың материалдары зерттеушілерге берілді. Мемлекеттік мұрағат қорлары жақын және алыс елдерден жеткізілген маңызды құжат-материалдармен толықтырылды. Мұрағаттар тарихымыздың өзекті тақырыптары бойынша құжат-материалдар жинағын шығару ісін жолға қойды. Тәуелсіздік үшін күрес бүгіннен емес, әуелден басталған. Оның әрбірі жеке-жеке тарих. Тарихымыз трагедияға толы болды деп айтуға болады. Бір халықтың маңдайына қаншама көп қайғы-қасірет жазылған болса, сондай халықтың бірі – тағы да қазақ халқы. Қазақ хандығы кезеңі, Кенесарының тарихы, Махамбет пен Исатай тарихы, одан бергі ұлт-азаттық көтеріліс тарихы бар. Совет-герман соғысының тарихы да елеусіз емес. Талай саяси шешімдер кезеңі өтті. Бұлардың бәрін тізе беруге болады. Бұл тұста ХХ ғасырдағы Алаш арыстарының қозғалысын айтпай кету мүмкін емес. Қазақ еліне оның төл мемлекеттілігін, онымен бірге мемлекетшілдік санасын жаңғырту ісін Алаш зиялылары қолға алды. Сол жолды жалғаған талай мықтылардың тарихы бар. Халық Алаш идеясымен қауышты. – Бірақ сол Алаш идеясын халықтың санасына жеткізе алдық па? – Тәуелсіздікке жеткен тұста алдымызда көптеген міндет тұрды. Барлық саланы ілгерілету қажеттігі бар еді. Қайшылықтар жолымызды кесті. Тарихтағы ұлттық идеяны халықтың санасына сіңіру, ең алдымен тарихшыларға байланысты. Осылай айтқанымыз дұрыс. Мемлекет осы жолда жұмыстанбады деуге болмайды. Белгілі бір дәрежеде іс атқарылды. Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында Алаш арыстары жайлы оқытылды. Өзім де оқулық жазуға қатыстым. Кезінде 10-11-сыныптың Қазақстан тари­хын жазуға қатысып, 11-сынып оқулығының авторлар тобын басқардық. Соның ішінде жаңа, бұрын осы уақытқа дейін айтылмай жүрген мәселелерді айтуға тырыстық. Алашорда туралы дүниелерді бердік. Әлде де жүргізілер насихат пен жұмыс жетерлік. Мысалы, Алаш арыстарына қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірленгенін құптар едім. Сол бағдарлама арқылы жан-жақты насихат болып, әлем елдері тарихшы­ларының осы дүние назарын аударып, бүгінгі ақпарат заманында кеңінен таныта алуымыз қажет. Әдеттегі форум өткізе салмай, қазіргі адам санасындағы сұраныс мол заманда лайықты деңгейге көтеруіміз тиіс. Сондықтан бәрін лезде тындырып тастау мүмкін емес, алдағы уақытта істелетін жұмыс өте көп. – Әңгімеңізге рақмет!