Balapan телеарнасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бірнеше жоба әзірледі
Balapan телеарнасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бірнеше жоба әзірледі
267
оқылды

Balapan телеарнасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына түрлі жанрдағы 10 жаңа туынды әзірледі. Жобалар егемен елдің тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен білімі, белестері және табыстары туралы қызық әрі бала пайымына лайықталған. Олардың 8-і анимациялық жоба болса, 2-і танымдық бағдарлама.

Balapan-ның көрермендері «Сұлтан Бейбарыс» (3D) мультхикаясы арқылы баһадүр Бейбарыстың балалық шағынан Мысыр Сұлтаны болғанға дейінгі өмірімен танысса, «Қаһарманнан» (3D) түркілер дәуіріне саяхаттап, бабаларымыздың жанкешті ерлігін көреді. Басты құндылығымыз –Тәуелсіздігімізді келер ұрпаққа табыстауды негізгі өзек еткен «Алтын кілт» (2D) анимациялық сериалы бүлдіршіндерді отансүйгіштікке баулыса, «Ғарышкер бала Жігер» (2D) арқылы жас жеткіншектер Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктері мен Байқоңыр ғарыш айлағы туралы қызық деректерді біледі. Ал «Сен білесің бе?» танымдық бағдарламасы Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі елеулі оқиғаларды, тұғырлы тұлғаларды тани түсуге ықпал етеді. Balapan Мереке күндері телеарнадан ойын-сауық, оқу-танымдық мультхикаяларды да тамашалауға болады. «Тәп тәтті хикаяда» (3D) Конфи мен Алуа қоршаған ортаны таныстырса, «Томпидегі» (2D) Әли мен Айша заттардың пішіні мен қасиеттерін ұғындырып, мәнін ашып береді. Телеарна биыл әлемдік трендке айналған комикс жанрын да назардан тыс қалдырмады. Осылайша тұңғыш ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілген, «Ержүрек сақшылар» (2D) атты комикс әзірлеп жатыр. Батырлар жырын арқау еткен шытырман оқиғалы «Ер Тарғын» (3D) мультсериалы көрерменге ұсынылды. Сонымен қатар, кішкентай көрермендер танымдық «Бірге ойнайық!» бағдарламасын тамашалай алады. Оның жүргізуші – танымал тик-токер Самал Смахан. Бағдарламада балалар сурет салады, армандаған маман иесі болады және әлемді шарлап, қызық мағлұматтармен танысады. Айта кетелік, жыл басынан бері Balapan телеарнасы жалпы 42 жоба өндірді. Телеарна сонымен қатар, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 тарту!» шығармашылық байқауын ұйымдастырды. Жыл бойы өткен бұл байқауда кішкентай көрермендер азаттық туралы пайым-түсінігі мен келешек армандары жайлы айтып, түрлі өнерлерімен бөлісті. Байқау телеарна эфирі мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қатар жүргізілді. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.