Сенат Төрағасы Парламентаралық Одақтың Төрағасы Дуарте Пашекумен кездесті
Сенат Төрағасы Парламентаралық Одақтың Төрағасы Дуарте Пашекумен кездесті
213
оқылды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Парламентаралық Одақтың Төрағасымен кездесті. Мәулен Әшімбаев сапар аясында қазақстандық депутаттар мен Парламентаралық Одақ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағыттарын талқылау маңызды екенін атап өтті. Палата Төрағасы еліміз Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту жөніндегі бағдарын іске асыруға, оның ішінде Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға бағытталған заң шығару жұмыстары туралы әңгімеледі. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы биылғы жылдың 8 маусымында қол қойған "Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы" Жарлыққа да тоқталды.
"Жарлықты іске асыру мақсатында Бірінші кезектегі шаралар жоспары қабылданды. Заң жобаларын, оның ішінде әйелдерді кемсітушіліктің жолын кесу, адам саудасының алдын алу және оған қарсы күрес саласында тұтастай топтама әзірлеу көзделіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша, сондай азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтендіруге бағытталған заң жобасы әзірленетін болады", - деді Палата Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев әңгіме барысында еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі тәжірибесіне егжей-тегжейлі тоқталды.
"Әлемде туындап қалатын этносаралық және конфессияаралық қақтығыстар аясында Қазақстанның ерекше тәжірибесі жаһандық деңгейде сұранысқа ие болып отыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде 18 жыл бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтіп келеді. Форумға тек дін өкілдері ғана емес, сондай-ақ әлемдік ауқымдағы белгілі саяси қайраткерлер де қатысады. Біз алдағы жылдың қыркүйегінде VII Съезді өткіземіз. Ол адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуында пандемиядан кейінгі кезеңдегі әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының рөліне арналады", - деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Тараптар сондай-ақ Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелері мен Ауғанстандағы жағдайды қозғады және коронавирус пандемиясымен күрес барысын талқылады. Мәулен Әшімбаев осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясындағы Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасына Парламентаралық Одақтың Төрағасын қолдау білдіруге шақырды.