Көркейген Көкпекті
Көркейген Көкпекті
260
оқылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Көк­пекті ауданында бірқатар тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, бірнеше нысан ел игілігіне берілді.

25 жылдан кейін қайта ашылған мәдениет үйі

Үлгілі малшы ауылында елді мекен тұрғындары көптен күткен мәдениет үйі күрделі жөндеуден кейін есігін қайтадан айқара ашты. Көптен күткен деп отыр­ғанымыз бекер емес, мәдениет ошағы ұзақ жылдар қараусыз қалып, қаңырап бос тұрған еді. Бұл күні мәдениет үйі ашылып қана қоймай, жаңарып-жаңғырған ғима­ратқа осы ауылдың өнерін өрлетіп, мәде­ниетін көркейтуге өлшеусіз үлес қосқан Төкен-Елеусіз Асылхановтың есімі берілді. «Бұл кісінің бізге қымбаттығы – осы өңірдегі алғашқы кәсіби режиссер. Алматыда оқу бітірген. Әйгілі Асқар Тоқпанов­тан тәлім алып, алдынан өткен шәкірттері­нің бірі. Елеусіз ауылдан табан аудармай елге қызмет етті. Халық театрын ашуға, ор­кес­тр құруға мол еңбек сіңірді. 1978 жылы сол кездегі аудан басшысы Мең­діғали Зәкіровтің бастамасымен бой көтер­ген Үлгілі малшы мәдениет үйі Көкпекті ауданындағы үлкен өнер ошақтарының бірі болды. Елеусізді ауылдастары Төки дейді. Оның бір басына жететін ақындығы да бар еді. Өзі режиссер, өзі актер еді», – дейді жергілікті өлкетанушы, ақын Қайрат Мәлікаждар. Елеусіз Асылхановтың ауылдасы, жақын досы, Үлгілі малшы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахан Тұрсын­ханов мәдениет үйіне өнерпаздың есімін беру елді мекен тұрғындарының тілегі екенін айтады. «Тұрғындардың тілегін ес­керу­сіз қалдырмаған азаматтарға алғысы­мыз зор. Негізгі мамандығым – мал дәрі­гері. Бірақ ауылдың мәдени өмірінен тыс қалған кезіміз жоқ. Термеші, әнші ретінде Төкимен бірге жүрдік. Мәдениет үйі ашылғаннан кейін Алматыдан келген жалынды жас жұмысты шырқ үйіріп әкетті. Үйірмелердің бәрін ашты. Ұйымдастыру қабілеті жоғары еді. Сол кездері мұнда қаншама қойылым көрермен назарына ұсынылды. Осы кісінің іскерлігінің арқа­сында 1984 жылы «Үлгілі малшы халық театры» атағын алдық. «Қыз Жібек» операсы осы сахнада қойылды. Алматыдан ар­найы комиссия келді. Мен Базарбайдың, Елеусіз Бекежанның рөлін сомдадым. Мәдениет үйінің өз хоры да болды. 150 адамға дейін жиналды. Семейге барып, Абай театрында өнер көрсеткен кездеріміз де болды. Ұлттық аспаптар оркестрі де сол кезде құрылды. Сансызбай Ересенов оркестрге жетекшілік етті. Үлгілі малшының көркемөнерпаздары жыл сайын облыстық байқауларда жүлдегер атанып жүрдік», – деп еске алады ақсақал. Бірнеше жыл қараусыз қалған ғи­ма­ратты қайта түлетуге былтыр  облыстық бюд­жеттен 59 миллион теңге бөлініпті. Мәдениет үйінің жабдықтарын алуға ау­дан­дық бюджеттен қаражат қарастыры­лыпты. «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын Көкпекті ауданы жарқын жетістіктермен қарсы алуда. Бүгін, міне тарихы тереңнен бастау алатын, өнер мен мәдениет дәстүрі нық қалыптасқан, ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі де бірегейі Үлгілі малшыда Тәуелсіздік тойына тамаша тарту жасалды. 1984 жылы бұрынғы Семей облысында Абай театры, атақты «Қаламқас» театрларымен бір қа­тар­да Үлгілі малшы халық театры халықтық атағын алды. Үлгілі малшы халық театры сахналаған «Қыз Жібек» қойылымы әлі күнге дейін өнерсүйер жұрттың жадында. Сол кезде тамаша өнерімен халықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленген аға-апайларымыз бүгін де ортамызда. Ұзақ уақыт қаңырап бос тұрған мәдениет үйінің қайта жөндеуден өтіп, жерлес ақын Елеусіз Асылханов есімі берілгені баршамыз үшін шынайы қуаныш», – деді Көкпекті ау­даны­ның әкімі Раджан Сейітқанов мәде­ниет үйінің ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде. Саналы ғұмырын ауыл өнерінің өркендеуіне бағыштаған жанның есімін ұлықтаған шараға жақын-жуықтары да қатысты. «Әкем Зайсанда дүниеге келгенімен бойындағы бар қажыр-қайратын, қабілет-қарымын Көкпекті ауданы мәдениетінің мәйекті болуына арнады. Үлгілі малшы ауылында тұрып, сан жыл табан аудармай мәдениет үйінде қызмет етті. Өнер шаңырағының қайта жаңғырып, оған ауылдастарының тілегімен әкеміздің есімі берілгеніне өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта бұл жерде түрлі шара өткізіліп, талантты жастардың қанаттанып шығатынына кәміл сенемін», – дейді ақынның қызы, журналист Жанар Асылханова. Мәдениет үйінің ашылу салтанаты құрметіне және Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына орай облыстық ақындар айтысы өтті. Аян Қалымбек, Әлібек Мұратұлы, Фархат Маратұлы, Қуаныш Еркінұлы, Жасұлан Мақаев, Баян Бағдатұлы, Гүлжан Ықы­ласқызы, Әлішер Қыдырбек секілді айтыскер ақындар сөз сайысына түсті. Орайы келгенде айта кетелік, тәуелсіз­дік жылдары Көкпекті ауданының Көк­пекті, Самар ауылдарының мәдениет үйлеріне, Преображенка, Көкжайық, Тассай ауылдарының клубтарына күрделі жөндеу жүргізілген. Өңірдегі мәдени мұраларды, тарихи жәдігерлерді жинау, сақтау, зерттеу мақсатында Самар және Көкпекті ауылдарында тарихи-өлкетану музейлері ашылған.

Көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Бүгінде Көкпекті ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында Самар мен Көкпекті ауылдарының бірнеше тұрғыны баспаналы болды. Самар ауылында өңірлік «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 8 көпбалалы отбасыға  пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді. 2020 жылғы мамыр айында құрылысы басталған үйлердің жалпы ауданы 960 шаршы метрді құрайды. Ал Көкпекті ауылында 18 көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлады. Ерекше атап өтерлігі, аудан орталығының «Элеватор» ықшамауданы аумағында орналасқан үйлер бірыңғай үлгіде, бір көшенің бойына қаз-қатар салынған. Алыстан менмұндалап көз тартатын жаңа баспаналар инфрақұрылыммен қамтама­сыз етілген, асфальт төселген. «Ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығында ерекше қуаныш­қа кенеліп, көптен күткен баспанаға қол жеткіздік. Өзім Көкпекті ауылының тумасымын, 5 баланың анасымын. Соңғы 4-5 жылда пәтер жалдап, күйіміздің кеткені рас. Біздің үйлі болуымызға жағдай жасаған аудан басшылығына алғысым зор», – дейді көпбалалы ана Динара Қалкенова. Жалпы, Көкпекті ауданында тәуелсіз­дік жылдары 104 тұрғын үй салынып, 134 отбасы баспаналы болған екен. «Еліміздің бас мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында көкпектілік 26 көпбалалы отбасы пәтер кілтін қолдарына алды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Самар мен Құлынжон ауылдарында 14 тұрғын үйдің құрылысы басталып, жақын арада қолданысқа берілетін болады», – дейді аудан әкімі. Сонымен қатар 14 желтоқсанда Самар ауылында жүзу бассейні ашылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған спорт нысанында алдағы уақытта балалардың ғана емес, ересектердің де жүзумен шұғылдануына мүмкіндік берілмек. Жалпы, биыл аталған бағдарлама шеңберінде Самар ауылында ұзындығы 8 шақырым болатын 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығы Көкпекті ауылының барлық көшелеріне қиыршық тас төгіліпті. «Қазір облысымызда бұрынғы аудан орталық­тарын дамытуға, ондағы әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға жақсы көңіл бөлініп жатыр. Арнайы бағдарлама да қабылданған. Осы бағдарламаның шапағаты біздің Самарға да тиіп, бассейннің ашылып, басқа да нысандардың жаңарып, қайта түлеп жатқаны қуантады. Спорт ғимарат­тарынан пайда көрмесек, зиян шекпейміз деп ойлаймын», – дейді еңбек ардагері, Самар ауылының тұрғыны Аманғазы Қалиев. Көкпекті ауданында спорт саласы жақсы дамыған. Тәуелсіздік жылдары Самар ауылында спорт модулі, Көкпекті ауылында заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені, Көкжота ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық ат спорты мектебі ашылып, жасанды жабыны бар 12 шағын футбол алаңы салынған. Еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы, Токио Олимпиадасының қатысушысы Данияр Қайсановтың да Толағай бауырынан түлеп ұшқанын және осы ауданнан 4 жылдықтың басты додасына жолдама алған тұңғыш спортшы екенін де айта кетейік. Көкпекті ауданындағы Тәуелсіздік күніне арналған шаралар 16 желтоқсанда «Егемен елім еңселі» атты облыстық айтыспен түйінделді. Аудандық әкімдіктің мұрындық болуымен өткен сөз сайысына 8 ақын қатысып, бас жүлдені бүгінде Түркістан қаласында білім алып жүрген Гүлжан Ықыласқызы иеленді. Көкпектілік Фархат Маратұлы бірінші орын, аягөздік Әлішер Қыдырбек екінші орын, өскемендік Аян Қалымбек үшінші орынды қанжы­ғалады. Жарма ауданынан келген жас ақын Тамаша Рахатқызына Қалихан Алтынбаев атындағы арнайы жүлде берілді.

Шығыс Қазақстан облысы