АҚШ-пен әріптес боламыз ба?
АҚШ-пен әріптес боламыз ба?
189
оқылды
Жуырда Қазақстан әс­керилері АҚШ-тан келген әріп­тестерімен кездесіп, 2022 жылға арналған екі­жақ­ты әскери ынтымақ­тас­тық жос­парының жобасын талқы­лады. Рас, мұндай кез­десу­лер­ді түрлі мем­лекеттік ме­кеме екі күннің бірінде өткізіп жатады. Бірақ әскери салада­ғы ынтымақ­тастықтың жөні бөлек. Оның үстіне, АҚШ-пен бақталас қос елге – Ресей мен Қытай­ға көрші отырмыз. Ал мұн­дайда әскери саладағы ын­тымақтастықты төңірек­тегілер жіті бақылайтыны сөзсіз. Өйткені ірі мемле­кет­тер Орталық Азиядағы ық­па­лын ешқашан есінен шығарған емес. Әрине, тәуелсіз мемлекет ре­тінде Қазақстан әскери салада қандай елмен байланыс орнатуды өзі шешеді. Дегенмен алпауыт державалардың қас-қабағына қарайтын сәттердің де болатыны өтірік емес. Әсіресе, теріскейдегі көршінің түрлі саяси күш, по­пулист, медиа арқылы Қазақстан­ның ішкі-сыртқы сая­сатына араласқысы келіп тұраты­нын ес­керсек, қазақ офицерлерінің амери­калық әріптестерімен ын­ты­мақтастық мәселесін талқылауы Мәскеудегілердің көңіліне жаға қоюы екіталай. Оның үстіне, Уашингтон мен Мәскеу арасы Украина мәселесіне байланысты күн өткен сайын алшақтап барады. Демек, АҚШ-пен әскери салада ынтымақтастықты тереңдетудің біреулерге ұнамауы әбден мүмкін. Бірақ Қазақстанның әскери саладағы саясаты да көпвекторлы бағытта екенін көрсетеді.

Бесжылдық жоспардың бір бөлшегі ғана

Сонымен, АҚШ офицерлері мен қазақ сардарларының ынты­мақтастық жайын талқылауына оралар болсақ, бұл кездесуде әс­кери білім беру, бітімгершілік, ма­­териалдық-техникалық қамта­масыз ету, кәсіби әскери-меди­ци­наны және инженер кадрларды даяр­лау мәселелерін шешу мәсе­лесі сөз болды. Әрі бұл кездесу екі жақ қол қоюға әзірлеп жатқан Қазақстан мен АҚШ арасындағы 2023-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың бесжылдық жоспары аясында ұйымдастырылса керек. Яғни, осы күнге дейін жү­зеге асырылып келген бесжылдық жоспарлардың келесі кезеңіне да­йын­дық қана. Әйтпесе, Қазақ­с­тан НАТО-ға мүше болайын деп жатқан жоқ. Тіпті, Қарулы Күш­терге америкалық техника мен қару-жарақ сатып алуды да көз­демеуі мүмкін. Біз ынтымақ­тас­тыққа қатысты құжаттармен толық таныс болмағандықтан, нақты қандай маман даряланады, ма­териалдық-техникалық қамта­масыз ету үшін не істеледі дегенді білмейміз. Әскерилер әдеттегідей сыр ашпайды. Алайда мұндай кездесулерде Қазақстанның сырт­қы саясаты қандай да бір блоктарға қосылу, белгілі бір елдермен ғана интеграция орнатуды көздемей­тінін аңғартады.

Қазақ сарбаздары 20 халықаралық әскери жаттығуға қатысты

Негізі, Қазақстанның өзге ел­дермен әскери саладағы ынты­мақтастықтығы біржақты емес. Рас, әскеріміздегі техниканың басым көпшілігі ресейлік немесе КСРО-дан қалғанымен, түрлі бағыт бойынша түрлі елмен әскери мақсатта байланыс орнатып келеміз. Жауынгерлерді жаттық­тыру, техника алу, тәжірибе алмасу және өзге де бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Мәселен, 2021 жылы Қорғаныс министрлігі өкілдері 450 халықаралық шараға қатысыпты. Соның ішінде сарбаздар 20 ха­лықаралық жаттығуға қатысқан. Әрине, бұл жаттығулардың көп бөлігі ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ аясында өтті. Дегенмен Қазақстан сарбаздары өзбекстандық әріп­тестерімен бірге «Қалқан-2021», «Хаморлик» жаттығуларына, Үндістан әскерлерімен бірлескен «КАЗИНД-2021», пәкістан­дық­тармен бірге «Достарым-2021» жаттығуларын өткізді. Түркияда «Андол-2021» халықаралық жат­тығуына, АҚШ және Қазақстан Қарулы Күштерінің бірлескен «Аймақтық ынтымақтастық-2021» атты командалық-штабтық ком­пьютерлік жаттығуына да қатысты. Яғни, Қазақстан Қарулы Күште­рінің түрлі бағытта тәжірибе жи­науға ұмтылатыны байқалады.

Генералдар да көп келді

2021 жылы Қазақстанға АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Кеннет Маккензи, Қытай қорғаныс ми­нистрі, генерал Вэй Фенхэ, Қыр­ғыз Республикасының қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиев, Пәкістан штаб басшыларының бірлескен комитетінің төрағасы Надим Раза, Чехия қорғаныс министрі Войтех Филип, Түркия қорғаныс министрінің орын­басары Мухсин Дере, Ұлыбритания қарулы күштері министрі Джеймс Хэппи қатарлы шенділер келіпті. Ал Қазақстан Қорғаныс ми­нистрі, вице-министрлер АҚШ, Ресей, Түркия, Үндістан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түрікменстан, Беларусь сияқты мемлекеттерге сапарлапты. Сонымен қатар әс­ке­рилердің «IDEF-2021» қатар­лы ар­наулы көрмелерге қатысқаны да бар. Бұлардан бөлек, биыл әскери ынтымақтастыққа байланысты бірнеше халықаралық келісім жасалды. Соның ішінде Қырғыз елі мен Тәжікстанға қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету жөніндегі құжаттар да бар. Ал Ресеймен Әскери ынтымақтастық туралы заң жобасы ратифи­ка­ция­лау үшін Парламентке жіберілген.

Көпвекторлы әскери ынтымақтастықтың берері қандай?

Бұрын әскери саладағы ын­ты­мақтастық блоктік сипатта бо­латын. Өйткені НАТО мен Варшава пакті елдері әскери салада, қорғаныс өнеркәсібінде кәдімігідей бөлінуге алып келгені бар. Кейін социалистік елдер блогі дырады да, әскери одақ ретінде НАТО ғана іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Ал әскери ынтымақтас­тықта көпвекторлы бағытты таңдау қа­лыпты құбылысқа айналды. Алайда Қазақстан 2000 жылдардан кейін ғана Ресейден басқа мем­лекеттермен әскери салада ынты­мақтастық орната бастады. НАТО немесе АҚШ әскерилерімен бір­лескен жаттығу өткізу де соңы жиыр­­ма жылда қалыптасқан дәс­түр. Бұрынғы офицер Мұхарбек Махамбет АҚШ-та қазақ офи­церлерін белгілі бір курстарда оқыту тек биылғы бастама емес еке­нін айтады. «Бұрын да бізді оқы­татын, қазір де оқытады. Бұл – жақсы бас­тама», – дейді запастағы офицер. Дегенмен батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға, әскери-техникалық ынтымақ­тастықтың түрлі бағытта дамуына геосаяси жағдай да әсер еткен сыңайлы. Айталық, Қазақстанда және БҰҰ деңгейінде террористік топ деп танылған «Талибан» қоз­ғалысы 1995 жылдан кейін кү­шейіп, Орталық Азия елдерінің шекарасына жақын­даған кезде еліміз НАТО күштерімен бірлескен жаттығу өткізуге мүдделі бола бастады. Сөйтіп, әскери ын­ты­мақтастықта «терриоризммен күрес тәсілдерін пысықтау» дейтін тақы­рып бірінші орынға шықты. 2001 жылдан кейін бұл бағыттағы ынты­мақтастық күшейді. Қазір де солай. Тіпті, кейде терроризм қау­пінің алдын алу үшін аймақтағы түрлі топты астыртын қолдайтын мемле­кет­термен де мәмілеге келу маңызды сияқты. Өткен тамызда «Талибан» қозғалысы белсенген кезде елімізге Пәкістан штаб бас­шыларының бірлескен комите­тінің төрағасы Надим Раза келген еді. Ал Пәкістан­ның ведомство­аралық барлау қыз­метінің (ISI) «Талибанды» жасақ­тауда рөлі зор болғанын айтады бірқатар сарап­шы. Ал мұндай жағдайда Пәкістан генералының сапарының маңызы арта түсетіні сөзсіз. Одан соң қа­зақстандық сар­баздар Ауғанстан­мен шекарада, Тәжікстанда ҰҚШҰ күштерінің әскери жаттығуына қатысты. Кейінірек Өзбекстанмен бірлескен жаттығу өткіздік. Яғни, қауіптің қай жақтан төнуі мүмкін екенін ескере отырып әрекет жа­садық. Алайда әскери саладағы ынтымақтастық да саясатпен тікелей байланысты болатынын ұмытпаған абзал. Мәселен, бірік­кен жаттығудан кейін көп өтпей-ақ Өзбекстанмен одақ­тастық бай­ланыстар құру туралы декларацияға қол қойылған еді. Ал былтыр Қа­рабақта соғыс қызып тұрған кезде Түркия қорғаныс ми­нистір Хулуси Акар да, Ресей қор­ғаныс министрі Сергей Шойгу да Қазақстанға келген. Бірінен соң бірі. Қысқасы, соңғы кездері әс­керилер тарататын әр кездесу, жат­тығу, жаңа техника мен жаб­дықтар туралы ақпараттың ас­та­рында ел қауіпсіздігі үшін маңызды мәселе­лер жатыр. Шамасы, көп­век­торлы бағыт ұстану арқылы Қазақстан әскери салада да тек біреуге жал­тақ­таудан құтылуды көздейтін сияқ­ты. Әрі тәуелсіз ел ретінде ішкі-сыртқы саясатты дер­бес жүр­гізетінін де байқататын болса керек. Бір сөзбен айтқанда, көпвекторлы әскери ынтымақ­тастықтың іс жү­зіндегі пайдасынан бөлек месседж сипаты да бар.