Елімізде трансплантология саласы дамыған десек те, оның қоғамдық құрамдас бөлігі тым өткір проблема ретінде қалып тұр. Негізгі мәселенің бірі – қайтқан адамның мүрдесінен ағзаны алуға рұқсат беру. Нақтырақ айтқанда, қазақстандықтар арасында бұл пікір моральдық тұрғыда пісіп жетілмеген. Бір жағы менталитетіміз бен діни көзқарасымыз жібермесе, екінші ұшы пайдакүнемдік пиғылда жатқан болуы мүмкін. Дегенмен елімізде ағзаны сатуға да, сатып алуға да тыйым салынған. Операция жасау, дәрі-дәрмекпен медикаментоздық қолдау – барлығы тегін жүргізіледі. Ендеше проблема неде?
Репициент кім, донор қайда?
Биылғы 10 желтоқсанға дейінгі мәлімет бойынша, елімізде 3 369 адам, соның ішінде 105 бала донорлық органға тәуелді екен. Оның 3 044-і бүйрекке, 156-сы бауырға, 151-і жүрекке, 15-і өкпеге мұқтаж. Ал жыл басынан бері 1 қарашаға дейін небәрі 161 операция жасалып, 122 бүйрек, 37 бауыр, 2 жүрек ауыстырылыпты. Онда да 5 бүйрек, 3 бауыр ғана және 2 жүрек мәйіттен алынған. Бұл елімізде мүрде трансплантологиясы өте өткір тұрғанын көрсетеді. Жас ерекшеліктеріне келер болсақ, ересек репициенттер 18 бен 52 жас аралығында. Ал балалар, өкінішке қарай мұндай жағдайға туғаннан шалдығып жатады екен. Көп ретте туғаннан өт жолы дамымай туатындары кездеседі. «Күту парағында ұзақ уақыт кезек күтіп, өмірден өткен отандастарымыздың саны жыл басынан бері 327 адамды құрайды. Бұл 3 369 адамның – 10%-ы. Соның ішінде бүйрек күтіп, оған жете алмағандар – 260, бауырдан кеткендер – 25, жүрегі мәңгіге тоқтағандар – 37, өкпесі істемей қалған – 5 адам. Бұлардың арасында біреудің әкесі, біреудің жалғыз баласы, біреудің жақын бауырлары бар. Егер мүрде трансплантологиясы елімізде жолға қойылған болса, оларды аман алып қалуға болар еді. Мәселен, шетелде бұл бағыт өте жоғары дәрежеде жолға қойылған. Айталық, Испанияда ағзалар 90% мәйіттен ауыстырылады», – дейді медицина ғылымының докторы, профессор, МҒА академигі Жақсылық Досқалиев.Менталитетті өзгерту қажет
Адам өмірі – баға жетпес ең құнды қазынамыз. Бірақ сонда да оны трансплантология құдіретімен сақтап қалу шешімі күрделі мәселе болып тұр. Өйткені елімізде адамның келісімінсіз оның ағзасын алуға тыйым салынған. «Келісім презумпциясының» ең бірінші көздейтіні – адам құқының (тірі кезінде де, өлі күйінде де) тапталмағаны, оның адам саудасының құрбанына айналмағаны және трансплантология ғылымын заңсыз бизнеске айналдырмау. Біздің қоғам осындай шетін мәселелер топтасқан жағдайдың алдында тұр. Сондықтан да елімізде медицинаның осы бағытының гүлденуіне зор еңбек сіңірген хирург ғалымдар қазақстандықтарды мүрде доноры болуға шақырады. «Елімізде мүрде трансплантологиясының тығырыққа тірелуі ең бірінші кезекте менталитетіміздегі теріс қалыптасқан пікірден болып тұр. Бізде адамдардың көпшілігі «адам қайтқаннан кейін оны он екі мүшесімен бүтін жерлеу керек» деп ойлайды. Бірақ мәйітке органдар қажет емес қой. Олар әрі кетсе 5-6 жылда дымы қалмай еріп кетеді. Сондықтан да адам қайтқаннан кейін оның ағзасын мұқтаж болып отырған адамдарға берген дұрыс. Егер қазақстандықтар осыған түсіністікпен қарар болса, бір мәйіт кем дегенде 5 адамның өмірін әрі қарай жалғастыра алар еді. Ол ешқандай заңға да қайшы емес. Діни жағынан да мұнда көзқарас сондай. Тіпті, дін қызметкерлері: «Егер адам тірі кезінде біреуге көмектесе алса, тіпті өліп бара жатқанда да көмектесетін болса, оның жаны жәннатта болады», – дейді. Міне, діни жағынан да осындай ұғыммен қарау керек. Мен айтып отырған 3 369 адам – қоғамға пайда келтіретін, еңбекке қабілетті жас адамдар. Сондықтан да оларға көмек бергеніміз жөн», – дейді профессор Жақсылық Досқалиев. Белгілі хирург-трансплантологтің ойынша, егер біз мәйіттен еш кедергісіз ағза алсақ, күту парағында тұрған науқастардың проблемасын 1-2 жылда шеше алғандай екенбіз. Өйткені Қазақстанда трансплантологияға толық жағдай жасалған. 5-6 жерде операция жасау орталығы, 40 донорлық стационар бар, мамандар жеткілікті. Егер донорлық ағза үзілмей жеткізілетін болса, елімізде бұл проблеманы түбегейлі шешуге болады. Тіпті, шетелдіктерді де емдеп, медициналық туризмді өте жоғары деңгейге көтеруге болады екен. «Біз тірі адамға донор болма деп айта алмаймыз. Бірақ олар біздің елімізде мұндай қадамға көп жағдайда пайдакүнемдіктен бұрын, жаны ашығаннан барады. Олардан тек қана бүйрек сияқты жұп органдар немесе бауырдың жартысы алынады. Ал жүрек, өкпені тек мүрдеден ғана ала аламыз. Әйтсе де, бізді тірі донорлардың одан кейінгі денсаулығы алаңдатады. Өйткені ағзасын бергеннен кейін олардың өздері біраз уақыт өткен соң оған мұқтаж болып қалуы мүмкін. Сондықтан да донорлар да біз үшін тәуекелдер тобына жатады. Себебі операция жасағаннан кейін репициент те, донор да оны көтере алмай қайтыс болып кетуі мүмкін. Бұл мәселеде екі адамның өміріне қауіп бар. Ал мүрдеден алынған жағдайда, бір адам ғана қатер санатында болар еді», – дейді Жақсылық Ақмырзаұлы.«Қара трансплантология» жоқ деуге негіз бар ма?
«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, ағза ауыстырудың «заңсыз бизнеске» оңай айналып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені ресейлік сайттарда «донор іздейміз» деген хабарландырудан көз сүрінеді. Көпшілігі ТМД елдерінің барлығынан тілек білдіргендер болса, өздеріне шақырып отыр. Трансплантологияның бүкіл шығынын өз мойнымызға аламыз деп хабарлайтын олар, мәселен бір бүйректі 35 миллионға бағалап отыр екен. Бұл теңгеге шаққанда 175-180 миллион ақша. Тіпті, бауырдың құны доллармен бағаланатын боп шықты. Қай жарнамадан да 450 000 АҚШ долларынан арзан бауыр көрмедік. Енді оны теңгеге шаққаннан бұрын, ақиқатына көз жеткізбекке он шақты донор іздеушіге хабарласып көргенбіз, қай-қайсысы да салмағымыз бен бойымызды сұрағаннан арыға аспады. Бұдан түйгеніміз: тірі донордың жарнамасы мынау болса, мүрдесі тоналып жатқандар аз емес-ау деп шошындық! Абырой болғанда Қазақстанда орган саудасына тыйым салынған. «Қазақстанда ешқандай да «қара трансплантология» жоқ, болған да емес! Ағза сату қылмыс! Ол қатал жазалану тиіс!», – дейді белгілі хирург-трансплантолог Болатбек Баймаханов. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы кез келген дәрігер органның сауда арқылы алынғанын білсе, операция жасамайды екен. Өйткені 5-6 жыл бұрын Алматыда сондай жағдай болған. Донор ешкімге, тіпті туысқандарына да айтпай, репициентпен келісіп, нотариус арқылы тегін беремін деп қол қойып, операциядан кейін қайтыс болып кеткен. Осыдан соң туған-туыстары шу көтеріп, қылмыстық іс қозғалғанда, репициент сотталып кетіпті. Осыдан соң заңға өзгерістер енгізілген. Сол кездегі дәрігерлердің де, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында сотты болып, ақталып шыққан қос дәрігер Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбайдың да еш кінәсі жоқ. Олар құжаттардың барлығы жасанды екенін білмеген.Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз!
Иә, әрине елімізде өзгенің ағзасын салып, қалыпты өмірге қайта оралғандар да аз емес. Солардың бірі – Жазира Сейсенбаева Қызылорда өңірінің 1984 жылғы тумасы. Кейіннен Түркістанда мектеп бітіріп, Шымкентте тұрған. Сол кезде, яғни 2011 жылы сәуір айында бауыр церрозы деген ауруға шалдығып, оның диагнозын жарты жылдан кейін ғана Ташкентте тапқан екен. Асқынғаны сондай 2016 жылға дейін бауыр жасаушаларын ауыстыру үшін мезгіл-мезгіл Шымкент және Астана қалаларында ауруханада жатуға мәжбүр болған. Ұдайы дене қызуы көтеріліп, бойының бәрін ісік басып, су толып кеткен. Осы жылдан бастап бауыр ауыстырмаса болмайтыны белгілі болып, донор іздейтіндердің күту парақшасына тізімге енгізілген. «2016 жылы наурыздың 9-ында мен ес-түссіз ауруханада жатқанымда дәрігерлер «болды енді қоштаса беріңдер, донор табылмауына байланысты сіздерді үйге қайтарамыз» деп, ата-анам 10 наурызға сағат 10.00-ге билет алған болатын. Сол күні таңертең жиналып жатқанда, донор табылды деген хабар келді. Бір есімді жинасам, ата-анам солай деп қуанып отыр. Бірақ бұған дейін екі рет туысқандары рұқсат бермей, бас тартқандықтан, екі операция жасалмай қалған болатын. Сондықтан да мен бұл хабарға ол жолы да қатты сенген жоқпын. Үмітімді үзіп, талықсып кеттім. Бір көзімді ашсам, операциялық блок деген жазудан өтіп барамын екен. Одан соң бір аптадан кейін ғана жаңа бауырмен бір-ақ ояндым. Аллаға алғысым шексіз! Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз! Трансплантолог-хирург Мәрлен Ақмырзаұлына, емдеуші дәрігерлерім Мылтықбай Сағынбекұлы, Ахмет Машрапұлдарына зор алғыс!», – дейді репициент Жазира Сейсенбаева. Естуінше, оған Қостанайда бас ауруынан қайтыс болған 1979 жылғы жігіттің бауырын салған екен. Есімін, басқа да мәліметтерін білмейді. Туыстарын да танымайды. Өйткені бәрі де дәрігерлік құпия. Жазира өзіне екінші өмір сыйлаған азаматтың рухына бағыштап, 10 наурызда Құран оқытады екен. Осылайша, оған да шексіз алғысын жеткізгісі келеді. Ағза ауыстырғаннан кейін Шымкенттің ыстығы жақпайтын болған соң, астанаға көшіп келген ол содан бері осында. Қазір ел қатарлы жұмысына барып, жалғыз ұлы Дарханды тәрбиелеп отыр.Донор болу – ерлік
Расында да, доноры уақытында табылып, жаны қалғанның бір мінәжаты – марқұмның рухына мият болса керек. Ал көзі тірі ағзаласыңмен әркез хабарласып жүргеніңнің өзі ғанибет. Сондай жанның бірі – біздің әріптесіміз Әдебиет Жұманұлы өз жиеніне бір бүйрегін бергені туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. «Үш жыл бұрын жиенім қатты ауырып, соған бір бүйрегімді бердім. Оның екі бүйрегі де жұмыс істемей қалып, донор іздеген болатын. Мен «көрейін, егер дәлдік болып жатса, беремін» дедім. Сол 2018 жылғы 1 сәуір күні бүйрегімді алып, жиенге салу операциясы жақсы өтті. Бізде донорға қандай да болсын көмек бар ма, жоқ па, білмеймін. Екі жыл ішінде екі-үш рет толық тексерістен өттім. Бәрі де ақылы. Бір жыл бұрын мемлекеттік емханаға барып, тексеруден өткен едім. Бір анализ нәтижесін төрт-бес күн күттім. Басқа да тексерістер ұзақ уақыт алады. Ал жекеменшікке барсаңыз, бір күнде дайын болады. Содан қазір жекеменшік ауруханаларға жүгінемін. Шыны керек, донорларға көмек немесе басқа да жағдай жасала ма, ол жағын сұрастырмаппын», – дейді журналист Әдебиет Жұманұлы. Әріптесіміздің сөзінің жаны бар. Басын қатерге тігіп, тәуекел тобына енуге саналы түрде қадам басқан донорлар елімізде аз емес екенін білеміз. Ендеше бүгінгі көтерген мәселеміздің төңірегінде донорлардың да әлеуметтік-медициналық жағдайын тыс қалдырмасақ керек. Бұл осы саланың гүлденуіне тілектес функционерлердің құлағына алтын сырға. Ал қазақстандықтарға ой салсақ: «Тірі донор болу – ерлік, мүрде донор болу – парыз», ағайын!