Жаңа жыл қарсаңында жұрттың көбі жалақысын тиімді жұмсаудың жоспарына кірісе бастайды. Өйткені мереке жақындаған сайын азық-түліктен бастап кез келген саланың қызмет ақысы көтеріледі. Осы орайда біз де жаңа жыл қарсаңында қандай саланың қызметі өтімді екенін байқап көрдік. Басында айтып кеткендей, жаңа жылға санаулы күндер қалғанда тәттілер және корпоративті сыйлықтарды ораумен айналысатындардың айы оңынан туатын секілді. Қазір дүкендер мен сауда орталықтарының сөрелерінде ғана емес, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда сыйлық ораумен айналысатындардың жарнамасынан көз сүрінеді. Алматылық Айманның негізгі мамандығы – оқытушы. Бірақ мереке уақытында өз мамандығынан бөлек қосымша табыс көзі ретінде сыйлық орап, сатумен айналысады екен. Айтуынша, соңғы жылдары себетке салынып, әдемілеп орап берілген сыйлықтарға тапсырыс берушілер көбейген. «Мысалы, базардан түрлі тәттілер мен тұрмыстық бұйымдарды, косметикаларды көтерме бағада сатып алып, әртүрлі бағаға сай етіп орап беремін. Менің тәтті толы себеттерім 15 мыңнан басталып, 25-30 мыңға дейін барады. Ал косметикаларымның бағалары әртүрлі. Сол себепті олардың да бағасы сан алуан. Ең арзаны – 20 мың. Ал жемістер салынған себетім 10 мыңнан басталады. Жеткізу ақысына қосымша 1 000 теңге аламын», – дейді.
Бір миллионға бағаланатын безендіру жұмысы
Сондай-ақ мереке жақындаған сайын кеңсе, витрина мен қоғамдық орынды безендірушілердің қызметіне де сұраныс артады. Себебі көптеген жұмыс орны жаңажылдық безендіруге басқа мерекелерге қарағанда өзгеше дайындалатыны жасырын емес. Мәселен, ғимараттың қасбеттерін жарықтандырудың өзі ғана 10 мыңнан басталып, 40 мыңға дейін барады екен. «Декоративті қызметтерді ұсыну үшін міндетті түрде жоғары білімі бар дизайнер болу міндетті емес. Тапсырыс берушілерге безендіру жұмысы мейлінше арзан және тез аяқталуы маңызды. Ең бастысы, жарнамаң өтімді болса, қызметіңе жүгінушілер де көп. Біздің безендірулеріміз әртүрлі бағада. Шағын дүкендерден бастап, мемлекеттік тапсырысқа дейін ала береміз. Тапсырыс берушілердің бюджетіне байланысты баға да өсіп отырады. Мысалы, бастапқы баға 10 мың болса, ең қымбат тапсырыстар 1 миллионға дейін баруы мүмкін. Әлеуетті клиенттердің көбі сауда орталықтары, мейрамханалар, кафелер және кеңсе компаниялары, қала сыртындағы үйлердің иелері, демалыс орталықтарының иелері», – дейді безендіру жұмыстарымен айналысатын елорда тұрғыны Арман Сүйіндіков.Бет әрлеушілерге жазылу жүріп жатыр
Жыл соңында сұлулық салондарының да қызметін алушылардың қатары екі есе артады екен. Әдетте клиенттер шаш қидырып, бет әрлеу үшін 2-3 күн алдында ғана хабарласса, мереке қарсаңында бір-екі апта бұрын жазылып қоймаса, орын шектеулі. Sunny сұлулық салонының иесі Бақытгүл Нұртәлипова шаштараздар мен бет әрлеушілердің бір минут демалатын уақыты жоқ екенін айтады. Мереке қарсаңында қыз-келіншектер шаш қидырып, шаштарын боятумен бірге қас-кірпіктері мен тырнақтарын жасатуға жазылатын көрінеді. «Басқа кездері күніне бір шаштараз ары кетсе 7 адамды қабылдауы мүмкін. Ал осындай мереке кездерінде оннан аса адамға қызмет көрсетеді. Кератинді шашты түзетуге келетіндер көп. Шашқа ботокс жасату мен кератинді түзету де шаштың ұзындығына байланысты әртүрлі бағада. Шамамен 10 мыңнан жоғары. Қазір қыз-келіншектердің біразы қас-кірпіктерін жасатады. Оның бағалары да әртүрлі. Қас қидыру 2 000 теңгеден басталады. Ал тұрақты қас бояуы 17 мыңнан басталады. Кірпік жалғату да 7 000 теңгеден жоғары. Бізге тек қана әйелдер келмейді. Ерлер де түрлі қызметке жазылады. Олар көбіне беттерін тазалату мен шаш қидыруға келеді. Кейбір кездері тырнақ жасатуға жазылатындары бар. Бізде қолдың тырнағын жасату 5 000 теңгеден басталады. Ал аяқтың тырнақтарын жасату үшін 7 000 теңгеден аламыз», – дейді сұлулық салонының иесі. Оның айтуынша, қазірден бастап корпоративтерге қатысатындар бет әрлеушілерге жазылып жатыр. Оның бағасы да мереке қарсаңында қымбаттайтыны анық. Қазір кешкі макияж – 8 000 теңгеден, күндізгі макияж 6 000 теңгеден басталады.Қалтаға салмақ салса да, косметологке баратындар көп
Сонымен қатар соңғы жылдары косметологтердің қызметін алушылардың қатары артқан. Әсіресе, мереке жақындағанда әйелдер косметологияның қызметіне жүгінеді. Әрине, әдемілік әркімге керек. Дегенмен өз атында жекеменшік кәсіп тіркелген кез келген сұлулық салоны өзін сұлулық салондарының қауымдастығын құрып, сертификат тарата беретінін ескерсек, косметолог қызметіне жүгінерде абай болу керек екенін де құлаққағыс еткен дұрыс болар. Өйткені қазір медициналық білімсіз үш айлық курстан соң косметологтің қызметін ұсынатындар көбейген. Мәселен, бүгінде бұл сала мамандарының қызметін алушылар кем дегенде бір курс үшін қалтасынан кем дегенде 100 мыңнан аса ақша шығындайды. «Косметологиялық қызметтің түрі өте көп. Бізге тек қана әйелдер келмейді, ерлер де көп келеді. Соңғы жылдары бет тазарту, бет тартқызуға жүгінетіндер көп. Аппараттық және инъекциялық, эстетикалық косметология деп бөлінеді. Оның бағалары да әртүрлі. Мысалы, біреуін ғана айтайын. Бетті тазартудың өзі бес процедурадан тұрады. Бір процедура – 15 мың. Бет тазартудан кейін клиенттің өтініші бойынша бетті ағарту немесе жасарту курстары жасалады. Олар да 5-6 процедура болуы керек. Бір мезотерапия 23 мыңнан басталады. Сосын біздің мамандар ерінге татуаж, қабақ жасайды. Қазір көбі табиғи сұлулығына көңілі толмайды. Кішкентай еріндерін үлкейткісі келетіндер мен көзінің қыртысы жоқтарға қабақ жасап береміз. Оның да бағасы әртүрлі. Шамамен 40 мыңнан басталады. Кейде бірнеше процедураға келуі керек болады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы косметология орталығының маманы Шолпан.Жалға киім алу – 20 мың
Жаңа жылда жоғары бәсекеге қабілетті қызмет түрінің бірі – фотосалондар. Отбасылық суретке түскісі келетіндер мен корпоративтік кештерді фотоға түсіріп беруге тапсырыс жасайтындар көп. Өйткені мұндай тақырыптық суреттерге деген сұраныс әрқашан жоғары. Мысалы, отбасылық фотоға түсудің бір сағаты 20 мың теңгедан басталады, оған қоса жалға отбасылық киім алу үшін қосымша тағы 20 мың теңгең болуы керек. Сонымен бірге кафелер мен мейрамханалар жаңажылдық кешке тапсырысты бір ай бұрын ала бастайды. Неғұрлым ертерек тапсырыс жасасаң, соғұрлым ақша үнемдейсің. Өйткені қазір түрлі шоу өткізетін корпоративтік отырыстар үшін елорданың сол жағалауындағы мейрамханалар адам басына 15 мыңнан, оң жағалауда бір адамға 13 мың теңгеден аса ақы сұрап отыр.Қылқанжапырақ саудасы қызып тұр
Қылқанжапырақтың да саудасы қыза түскен. Қазір қаланың кез келген жерінде шыршалардың жасанды және жасанды емесі де емін-еркін саудаланып жатыр. Саудагерлердің айтуынша, шыршалар Ресейден заңды жолмен әкелінген. Сатып алушылардың біразы жасанды емесін сатып алады. Олардың бағасы 5 мыңнан 15 мың теңгеге бағаланады. Ал шыршаны безендіруге арналған гирляндалар сауда орталықтарында толып тұр. Бірақ қауіптілігі жоғары салюттар мен отшашуларды сауда орталықтарынан табу қиын. Себебі соңғы уақытта сапасыз отшашулардың салдарынан болатын оқыс оқиғалар көбейген. Сол үшін құқық қорғау қызметкерлері жыл сайын заңсыз отшашуларды сатушылардың жолын кесуге жұмыс істейтін көрінеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысовтың айтуынша, былтыр 3 мыңнан астам рейдтік шара жүргізіліп, 352 құқықбұзушылық анықталған. «Ператехникалық заттарды сату мен қолданудың заңмен белгіленген ережесі бар. Сол үшін біз жыл сайын ператехникаларды заңсыз сатудың алдын алу жұмысын жүргіземіз. 15-30 желтоқсан аралығында отшашуларды сатып алу, сақтау, пайдалану, елімізге әкелу, әкету, кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу бойынша түсіндіру жұмыстары жүреді. Заңды түрде сауда жасайтындардың қолында аумақтық ішкі істер департаменттері берген лицензиясы, екі тілде жазылған сәйкестік сертификаттары, қолдану шаралары жазылған нұсқаулығы болуы керек», – дейді ол. Оның сөзінше, тұтынушылардың өтініші бойынша Kaspi қосымшасындағы ператехникаларды сату бойынша тексеріс жүргізілген. Сондай-ақ интернет арқылы заңсыз отшашу сататындарға да айыппұл салынады. Өткен жылы Қарағанды қаласында интернет арқылы ператехникалар сатқан адамға 60 мың теңгеден астам айыппұл салынып, тауарлары жойылуға жіберіліпті. Дегенмен интернет арқылы іздесең, ператехникалардың кез келген түрін көтерме және бөлшек бағада сатып алуға мүмкіндік көп. Біз де елордадағы 4-5 дүкенге хабарласып көрдік. Көбісінде ператехникалар 16 желтоқсанға дейін сатылып кеткені белгілі болды.