Ақмолада иттерді жаппай ату заңды ма?
Ақмолада иттерді жаппай ату заңды ма?
493
оқылды
Ақмола облысында ит­тер­­ді аулау және ату ісінде  үлкен дау туындады. Жан­уар­­ларды қорғайтын қо­ғам­дық қор өкілдері ит аулау­дың тым жиілеп кеткенін ай­­тып, дабыл қақты. Олар­дың айтуынша, бейкүнә жа­нуар­­ларды кімдердің атып жатқа­ны белгісіз. Ал таудай бо­лып үйіліп,  далада жата­тын иттер­дің өлекселері жыл сайын шамадан тыс көбею­де. Қоғамдық қор өкілдері атал­ған мәселе бойынша бұ­ған дейін де облыс әкім­дігіне шағым­данғанымен, еш нәтиже бол­мағанын айтады. Ал жергілікті билік иттерді аула­маса, олардың адамдарға шабуылы көбейіп кеткенін алға тартты. Жануарларды қорғайтын қо­ғамдық қорлар бұл үшін мем­ле­кеттен еш тиын көмек болмай­ты­нын айтады. Атбасар қала­сын­да үйілген ит­тердің өлекселерін көрген қоғам­дық қор басшылығы арыз-шағым­дарын құқық қорғау органдары мен жануарларды қор­ғау ұйым­дарына жолдай бас­таған. Бірақ әлі ешкімнен нақты жауап ала алмағанын айтты.

Иттердің өлекселерін үйіп тастаған...

«Біздің қоғамдық қор 2016 жыл­дан бері жұмыс істеп келеді. Мемлекеттен жануарларды қор­ғауға ешқашан бір тиын көмек болған емес. Біз  өз күшімізбен қараусыз қалған жа­нуарларды панамызға алып, бағып-қағып жатырмыз. Қазір 200 мысық пен 90 итті асырап отырмыз. Ал жа­нуарларды жаппай атудың бұл алғашқы оқиғасы емес. Бізге бел­гілі болғаны, осы жылы дәл 9 ма­­мыр Жеңіс күнінде Көкшетау қаласында таудай болып үйіліп жатқан иттердің өлекселерін біз­дің студент волонтерлеріміз түсі­ріп алып, облыс әкімдігіне бар­лық тиісті органдарға хабар­ла­дық. Бірақ еш нәтиже болмады. Бұл жолы Атбасар қаласында өлі  ит­терді далада үйіп тастапты. Халықаралық конвен­цияға сәй­кес жануарларды атуға тыйым салынды. Бірақ өлген ит­терді сол күйі далаға тастап кет­ке­нін көріп, қатты қапаландық», – дейді «Переведи взгляд» қоғамдық қо­рының құрылтайшысы Эльмира Әділова. Қоғамдық қор жануарларды қорғау ұйымдары аудан және об­лыс әкімдігіне, Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіне, елдің Бас прокуратурасына дейін арыз-ша­ғымдарын таратып, «Ветери­нария туралы» заң мен Қылмыс­тық ко­декс бойынша заңдардың бұзып жатқанын жеткізді. «Қазақстан Президентінен, Үкіметінен біздің жанай­қайы­мызды естуін сұраймыз. Бұл ха­лық­ты әбден қинау деп ойлай­мын. Жануарларды өлтіруді тоқ­тату керек! Мұның бәрін ер­тең елдің тұтқасын ұстайтын ба­ла­лары­мыз­дың да көріп жат­қа­нын қалай түсінбейді? Бұл жал­ғыз бізде емес, еліміздің бар­лық ай­мағында болып жатыр», – деп толықтырды Эльмира Әділова. Ал жергілікті әкімдік пен об­лыстық Ветеринария басқармасы қарсы уәждерін айтып, заң жү­зінде өздерінің жасағандары дұрыс екенін жет­кізді. «Атбасар ауданы әкімдігі осы жылы қаңғыбас иттерді ау­лауға 500 мың теңге қаражат бөлген. Есепке сәйкес, әрбір итке 2 500 тең­геден бөлінеді. Ау­ланған иттер суретке түсіріліп, ар­найы акт жасалып, жануарларды кө­метін арнайы орындарға апарып жой­ған. Ветеринариялық заңға сәй­кес, иттерді аулау арнайы заңмен тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Түскен өтініш­терге байланысты ветеринарлар иттерді таңғы жетіге дейінгі ұйық­тататын дәрілі мылтықпен атады. Барлығы заңға сәйкес жүзеге асы­рылып жатыр», – дей­ді Ақмола облысы Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.

72 адамды қаңғыбас иттер талап тастады

Ал жергілікті Атбасар ауданы әкімдігі қала тұрғындарынан иттердің шабуыл жасау оқи­ға­лары көбейіп, полицияға арыз-шағымдар толассыз түскендіктен осындай қадамға мәжбүр бол­ғанын мәлімдеді. «Тек биылғы жылдың өзінде көшеде жүрген бұралқы иттер 72 адамды талап тастады. Иттердің көбеюіне негізгі себеп 2014 жылы көктемде болған су тасқынынан 218 жер үй, 2017 жылғы су тас­қы­нының зардабы­нан 479 үй құлап, тұрғындар иттерін қа­раусыз тастап кеткен. Қазір сол иттер одан сайын кө­бейіп, күнде ба­ла­ларды, тіпті ересектерді қауып алған оқиғалар тіркеліп жатыр. Әзірдің өзінде көшеде иттер  10-15-тен топталып жүр­еді. Полиция бөлімінде иттер қауып алуы бойынша 42 арыз жатыр. Сондай-ақ ауруханада жатқан адамдардан 79 арыз түсті. Жануар­ларды қор­ғайтын осы ұйымдардың арызда­нуынан әб­ден шаршадық. Тіпті, олар ха­лық­аралық Еуропа­лық ұйым­дар­ға да шағымданыпты. Бұл – қара­шаның 20-23-і күндері болған жағдай. Иттерді жерлеу орнына апарар тұста біреулер суретке түсіріп алған. Міне, соны жария­лап, сорымызды қайнатты. Ит­тердің барлығы қазір ол жерде жоқ. Жерлеу орнына жеткізіліп, толығымен жойылды. Про­кура­ту­ра мен полиция органдары бар­­лы­ғын толықтай тексерді. Олар біз­ден жануарларға қаржы бөлуімізді сұрайды. Қыста далада қалып, үсіп жатқан қаң­ғыбас адамдарға па­налайтын орын болмай жат­қан­да, оған қандай ақша таба­мыз?», – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.

P.S.

Сонымен, арадағы даулы жағ­дай әлі тыншыған жоқ. Жануар­ларды қорғайтын қоғамдық қор өкілдері соңына дейін күреспек ниетте. Ал жергілікті билік пен әлеу­меттік желілерде жазба қалды­рып жатқан тұрғындар қаңғыбас иттерді ауламаса, одан сайын қауіп­тің молаятынын айтады. Мәселенің түйіні қалай тарқатылатыны әзірге белгісіз...

Ақмола облысы