Иттердің өлекселерін үйіп тастаған...
«Біздің қоғамдық қор 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мемлекеттен жануарларды қорғауға ешқашан бір тиын көмек болған емес. Біз өз күшімізбен қараусыз қалған жануарларды панамызға алып, бағып-қағып жатырмыз. Қазір 200 мысық пен 90 итті асырап отырмыз. Ал жануарларды жаппай атудың бұл алғашқы оқиғасы емес. Бізге белгілі болғаны, осы жылы дәл 9 мамыр Жеңіс күнінде Көкшетау қаласында таудай болып үйіліп жатқан иттердің өлекселерін біздің студент волонтерлеріміз түсіріп алып, облыс әкімдігіне барлық тиісті органдарға хабарладық. Бірақ еш нәтиже болмады. Бұл жолы Атбасар қаласында өлі иттерді далада үйіп тастапты. Халықаралық конвенцияға сәйкес жануарларды атуға тыйым салынды. Бірақ өлген иттерді сол күйі далаға тастап кеткенін көріп, қатты қапаландық», – дейді «Переведи взгляд» қоғамдық қорының құрылтайшысы Эльмира Әділова. Қоғамдық қор жануарларды қорғау ұйымдары аудан және облыс әкімдігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, елдің Бас прокуратурасына дейін арыз-шағымдарын таратып, «Ветеринария туралы» заң мен Қылмыстық кодекс бойынша заңдардың бұзып жатқанын жеткізді. «Қазақстан Президентінен, Үкіметінен біздің жанайқайымызды естуін сұраймыз. Бұл халықты әбден қинау деп ойлаймын. Жануарларды өлтіруді тоқтату керек! Мұның бәрін ертең елдің тұтқасын ұстайтын балаларымыздың да көріп жатқанын қалай түсінбейді? Бұл жалғыз бізде емес, еліміздің барлық аймағында болып жатыр», – деп толықтырды Эльмира Әділова. Ал жергілікті әкімдік пен облыстық Ветеринария басқармасы қарсы уәждерін айтып, заң жүзінде өздерінің жасағандары дұрыс екенін жеткізді. «Атбасар ауданы әкімдігі осы жылы қаңғыбас иттерді аулауға 500 мың теңге қаражат бөлген. Есепке сәйкес, әрбір итке 2 500 теңгеден бөлінеді. Ауланған иттер суретке түсіріліп, арнайы акт жасалып, жануарларды көметін арнайы орындарға апарып жойған. Ветеринариялық заңға сәйкес, иттерді аулау арнайы заңмен тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Түскен өтініштерге байланысты ветеринарлар иттерді таңғы жетіге дейінгі ұйықтататын дәрілі мылтықпен атады. Барлығы заңға сәйкес жүзеге асырылып жатыр», – дейді Ақмола облысы Ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.72 адамды қаңғыбас иттер талап тастады
Ал жергілікті Атбасар ауданы әкімдігі қала тұрғындарынан иттердің шабуыл жасау оқиғалары көбейіп, полицияға арыз-шағымдар толассыз түскендіктен осындай қадамға мәжбүр болғанын мәлімдеді. «Тек биылғы жылдың өзінде көшеде жүрген бұралқы иттер 72 адамды талап тастады. Иттердің көбеюіне негізгі себеп 2014 жылы көктемде болған су тасқынынан 218 жер үй, 2017 жылғы су тасқынының зардабынан 479 үй құлап, тұрғындар иттерін қараусыз тастап кеткен. Қазір сол иттер одан сайын көбейіп, күнде балаларды, тіпті ересектерді қауып алған оқиғалар тіркеліп жатыр. Әзірдің өзінде көшеде иттер 10-15-тен топталып жүреді. Полиция бөлімінде иттер қауып алуы бойынша 42 арыз жатыр. Сондай-ақ ауруханада жатқан адамдардан 79 арыз түсті. Жануарларды қорғайтын осы ұйымдардың арыздануынан әбден шаршадық. Тіпті, олар халықаралық Еуропалық ұйымдарға да шағымданыпты. Бұл – қарашаның 20-23-і күндері болған жағдай. Иттерді жерлеу орнына апарар тұста біреулер суретке түсіріп алған. Міне, соны жариялап, сорымызды қайнатты. Иттердің барлығы қазір ол жерде жоқ. Жерлеу орнына жеткізіліп, толығымен жойылды. Прокуратура мен полиция органдары барлығын толықтай тексерді. Олар бізден жануарларға қаржы бөлуімізді сұрайды. Қыста далада қалып, үсіп жатқан қаңғыбас адамдарға паналайтын орын болмай жатқанда, оған қандай ақша табамыз?», – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.P.S.
Сонымен, арадағы даулы жағдай әлі тыншыған жоқ. Жануарларды қорғайтын қоғамдық қор өкілдері соңына дейін күреспек ниетте. Ал жергілікті билік пен әлеуметтік желілерде жазба қалдырып жатқан тұрғындар қаңғыбас иттерді ауламаса, одан сайын қауіптің молаятынын айтады. Мәселенің түйіні қалай тарқатылатыны әзірге белгісіз...
Ақмола облысы