Мемлекеттік субсидия «майшелпек» емес
Мемлекеттік субсидия «майшелпек»  емес
Бүгінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Әсіресе, мемлекеттік субсидияның көлемі жыл санап өсуде. Алайда қожалықтарды қолдауға бағытталған бұл қаржыдан жымқырып  қалуға ниеттілердің саны аз болмай тұр. Тіпті, субсидия алу үшін жалған құжат жасап, «балға» бармақ батырғандарға не дерсің?

Шаруаның ЭЦҚ кілтін басқа біреулер пайдаланған 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, соңғы үш жылда   бес бағыт бойынша өңір шаруаларына 65 миллиард 404 миллион теңге субсидия берілген. Алайда субсидиялауға арналған бюджетті қаржыландыруды жоспарлау кезінде деректерді жинау тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. – Талдау барысында  инвестициялық субсидиялар беру үшін 2019-2021 жылдар аралығында  5 260 қызмет көрсетілсе, соның 2 652-нің  қызмет көрсету мерзімі бұзылған. Бұдан бөлек, департамент тарапынан бөлінген бюджет қаражаты Qoldau ақпараттық жүйесінде тез арада таусылатыны зерделеніп, оның тапшылығы  жасанды түрде туындайтыны анықталды. Мысалы, осы  жылғы 3 тамызда Ауыл шаруашылығы басқармасымен №4 пас­портқа (құдық қазуға) 468 миллион теңге бөлінгенімен, 10  тамызда аталған қаражат Qoldau бағдарламасында таусылған. Осыған орай №4 паспорт бойынша берілген өтінімді іріктеп зерделеуде 7 күн ішінде бір ғана шаруа қожалығы  жалпы сомасы 249 миллион  теңгеге 81 өтінім (8 IP адрестен) берілгені белгілі болды. Ұқсас жағдай А. атты кәсіпкер 17 маусым мен  5 тамыз аралығында жалпы сомасы 248  миллион  теңгеге 61 өтінім беру кезінде де болған. Талдау нәтижесі кейбір шаруа қожалықтары басшы­ларының ЭЦҚ кілттерін пайдалана отырып, үшінші тұлғалар тарапынан іске асыратынын көрсетті, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Әділхан Әшірбаев. Бір сөзбен айтқанда, белгілі бір адам­дардың мүддесі үшін субсидия қар­жысы­ның тапшылығы қолдан жасалған.

Жайылым  жері  жоқ, алайда субсидия алады

Ауыл шаруашылығы басқармасының субсидия берілгеннен кейінгі бақылау жұмыстарында да былық көп. Мәселен, инвестициялық субсидиялау қағидаларына сәйкес, субсидия берілгеннен кейін басқарма 3 жыл ішінде инвестордың сатып алған техниканы иеліктен шығармауы және мақсатты пайдалануы, инвестиция­лық субсидиялау объектісінің жобалық қуатқа шығуына қол жеткізу мәніне мониторинг жүргізуі қажет. Алайда талдау барысында 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралықта тиісті мониторинг жұмыстары жүргізілмегені анықталып отыр. Бұдан өткен тағы бір өрескелдік – басқарма жұмысының жүйесіздігінен кейбір шаруа қожалықтарының  қате мәлімет көрсетіп, заңсыз жолмен субсидия алуына жол берілген. Атап айтсақ, Жамбыл облысы әкімдігінің Жерді пайдаланылу мен қорғалуын бақылау басқармасының ақпаратына сәйкес, субсидия алған 14 ауылшаруашылық тауар­өндірушілерде ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер учаскесі тіркелмеген. Со­ған қарамастан  шаруа қожалықтары  мал­шаруашылық  жайылымының бар екенін көрсетіп, заңсыз субсидия алған.

Бөлім басшысы 7 жылға сотталды

Субсидияға қол жеткізу үшін туыстарынан мал сатып алу мен сату фактілері де анықталып отыр. Мәселен,  Қордай ауданындағы шаруашылық басшысы 2019-2020 жылдары туған-туыстарынан ірі қара мал мен  асылтұқымды қой сатып алу және сату арқылы жалпы  91,9 миллион  теңгеге субсидия алған. Мұндай сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерінің болуын басқарманың кейбір қыз­меткерлері мен ауылшаруашылық тауар­өндірушілері бірге қылмыстық жауапқа тартылған. Оған дәлел департамент пен басқарманың мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Б.Ысқақоваға қатысты қозғалған қылмыстық іс сотпен қаралып, айыпталушы 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Департаментпен тіркелген қылмыстық іс бойынша биыл 14 қазанда Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Б.Ысқа­қоваға және басқа да тұлғаларға қатысты сот шешімі жарияланып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Іс материалдарына сәйкес алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен азаматтық некедегі жолдасы екеуі сөз байласу арқылы шаруа қожалығын үлестес тұлғаға тіркеп, басқа да жеке кәсіпкермен асылтұқымды ірі қара және ұсақ мал алу үшін, алайда оларды сатып алынбағанына қарамастан, алаяқтық жолмен субсидия алып, мемлекетке жалпы сомасы 32,9 мил­лион теңгеге залал келтірген. Қазір аталған шығын толық өтелді, – дейді Әділхан Әшірбаев. Жалпы, департамент, прокуратура және Экономикалық тергеу депар­та­ментінің  зерделеуімен соңғы 5 жылда басқарманың 3 лауазымды тұлғасына және Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің 2 қызметкеріне қатысты қыл­мыс­тық іс қозғалып, заңсыз әрекеті үшін ауылшаруашылық тауар­өндіру­шілерінің 9 өкілі жауапкершілікке тар­тылған. Бүгінде аяқталған және тергеліп жат­қан қылмыстық іс бойынша анықталған материалдық залал 1 миллиард теңгеден асып отыр.

P.S.

Міне, жамбылдық шенділердің «тәбеті» жаға ұстатып отыр. Жалған құжат жасап қоймай, ұйымдасқан түрде заңсыз субсидия­ны мемлекеттік қызметшінің өзі алып беріп жатса, не дейсің? Енді жаза басқандардың жазалануы өзгелерге сабақ болады деп сенеміз. Ең бастысы, субсидияның да сұрауы бар екенін ұмытпаған жөн.

Жамбыл облысы