Әрбір жұмырбасты пенде маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырын кешеді. Тағдырдың жазуымен жалған дүниедегі соңғы демін аурухана төсегінде жатып, дауасыз дертпен күресу сәтінде алатындар да бар. Аты жаман аурудан жан мен тән қатар қиналған шақта науқастың отбасы, ағайын-туысы азапты өлімді жеңілдетер амал таппай әлекке түседі. Таразының бір басында науқастың тән азабы, енді келесі бір басында сәл де болса өмір сүруге құқылы кісінің обал-сауабы тұрғанда батыл әрекет етіп, кесімді шешім қабылдау да оңай емес. Дамыған елдерде мұндай дертке шалдыққандар эвтаназияның көмегіне жүгініп, бақилық сапарға өзін де, өзгені де қинамай аттанып кете барады. Алайда елімізде жан мен тәнді азапты аурудан арашалап, сын сағатын тездететін тың тәсілді қолдануға заң жүзінде тыйым салынған.
Жазмыштан озмыш жоқ
Мемлекет үшін әр азаматтың бас амандығы мен денінің саулығы маңызды. Денсаулық саласындағы түрлі реформалар мен мемлекеттік бағдарламалардың түпкі мақсаты – осы. Алғашқы бабында адам және адамның өмірін мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айғақтаған Конституция да әр қазақстандықтың лайықты өмір сүруіне кепілдік береді. Дегенмен мұның бірі де тағдырдың жазуына қарсы тұра алмайды. Мәселен, елімізде жыл сайын 15 мың адам онкологиялық аурудан көз жұмады. Тағы 35 мың отандасымызға дәрігерлер обыр (рак) диагнозын қояды. Ең өкініштісі, олардың бұл дертке шалдыққаны көбіне аурудың соңғы кезеңінде белгілі болып жатады. Мұндайда ақ халаттыларға науқастарды ажалдан арашалап қалу оңай емес. Ондай бейбақтардың дені буын-буынға түскен дерт жанын азапқа салғанда пәни жалғаннан ертерек көшуді қалайтын да шығар. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 110 мыңға жуық ауыр және дауасыз дертке шалдыққан науқас паллиативті медициналық көмекке зәру. Демек, біраз науқас аурудан айығудан бұрын оның тәнді азапқа салмауын тілеп, тіршілік сағатының соңғы секунды соққанын күтеді. Дауасыз дерт дендегендердің арасында жан тапсырғанға дейін өзі қиналып, өзгені де әлекке салатындары бар. Қазақстандықтар арасында жүргізілген түрлі сауалнаманың нәтижесі белгілі факторды ескере отырып, эвтаназияны енгізуді құп көретіндердің көптігін көрсетті. Әйтсе де, заң шығарушы органдар мен мүдделі мекемелер тарапынан мұқтаждарға азапсыз өлім әдісін қолдану мәселесі әлі көтерілмеді. Көтерілуі де екіталай. Сондықтан біздің қоғамда эвтаназияны өзін-өзі өлтіру деп қабылдайды. Ал жаны азапқа түскен науқасқа өлім «екпесін» еккендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Дін де қандай жағдай да болмасын эвтаназияны қолданушылардың әрекетін құптамайды. Осы факторларды есепке алсаңыз, Қазақстанда таяу арада өлім алдындағы ауруды жеңілдетудің амалын қарастыру жайында сөз қозғау қиын. Ал медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабековтің пікірінше, эвтаназия жасауға рұқсат ету-етпеу – уақыт еншісіндегі дүние. – Қазір бұл мәселеге үрке қарағанымызбен, болашақта ол тиімді әдістің біріне айналуы бек мүмкін. Мәселен, елімізде онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші жоғары. Кейбір науқастар өлім алдында ұзақ уақыт бойы қиналады. Сол аралықта олардың жан азабын көру отбасы мүшелеріне оңайға соқпайды. Осы жағынан алып қарағанда эвтаназияны енгізуді құптауға болады. Бұл әдісті енгізу туралы сөз болғанда кейбіреулер оның донорлық ағза тапшылығын жоюдағы тиімділігін алға тартады. Меніңше, бұл – жаңсақ пікір. Әсіресе, обыр (рак) ауруынан қайтыс болғандардың ағзасының қайта іске жарауы екіталай. Обыр (рак) жасушалары науқастың барлық ағзасында жүреді. Сондықтан оны келесі біреуге салу опа бере қоймайды, – дейді дәрігер.Бақилыққа «билет» 4 мың еуро тұрады
Ең қызығы, адам құқығы дегенде өре түрегелетін дамыған елдердің кейбірі эвтаназияны қолдануды гуманизмнің салтанат құруы деп қабылдайды. Қазір бұл әдіске заң жүзінде рұқсат берген мемлекеттердің саны онға жуықтап қалды. Биылғы маусымда өлім «екпесін» егуді қолдайтын гуманды мемлекеттердің қатарына Испания қосылды. Айтуға ауыз бармайтын суицидтік туризмдегі Щвейцарияның үлгісі ерекше. Мұнда тек өткен жылдың өзінде 1 300 адам жанын қинамай, тәнін азапқа салмай, мәңгілік сапарға аттануға шешім қабылдапты. Елдің кейбір тұрғындары бұл әдіске 1941 жылдан бастап жүгініп келгенімен, билік эвтаназия жасауға 2006 жылы рұқсат берді. Ал 2011 жылдан бастап бұл «мүмкіндік» шетелдіктерге де қолжетімді болды. Дауасыз дерттен қажып, Швейцарияда мәңгілікке аттануға бел буғандар 4 000 еуро көлемінде ақы төлеп, эвтаназияның көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар Канада, Германия, Бельгия, Нидерланд сияқты елдермен бірге АҚШ-тың, Аустралияның бірқатар штатында «өлім» екпесіне рұқсат етілген. Олардың кейбірінде балаларды азапқа салмай о дүниеге шығарып салудың жолы қарастырылған. Мәселен, Бельгияда арнайы мамандар 17 жастағы науқастың өмірімен ерте қоштасуына көмектескен. Сол секілді Нидерландта 12 жастан асқан балаларға да эвтаназия жасалады. Жалпы, құқықтық негізі әр елде, әрқилы болғанымен, эвтаназия тек дауасыз дерттен жаны мен тәні азапқа түскендерге ерікті түрде жасалады. Дегенмен Швейцарияда «өлім екпесін» ектірген ағайынды етікшілердің шешімі күллі әлем назарын аудартты. Бар болғаны көзінің жанары тая бастаған бауырлар бірін-бір көрмей қалудан қауіптеніп, осындай байлам жасаған екен. Өмірінің соңғы нүктесін эвтаназиямен қойғандардың қатарында әлемге әйгілі адамдар да бар. Мәселен, ауыз қуысының обырына (рак) шалдыққан танымал психолог Зигмунд Фрейд «өлім екпесін» егіп, жантәсілім еткен. Ал аустралиялық ғалым Дэвид Гудолл 104 жасында ақтық демін алуға асығып, эвтаназияның көмегіне жүгінді. Бірер жыл бұрын бұлшық еті айықпас дертіне шалдыққан паралимпиадашы Марике Верворт 40 жасында Жаратқанның аманатын жасанды жолмен кері қайтарыпты. Негізі, эвтаназия көптеген елде «өлім екпесін» егу арқылы жүргізіледі. Бұл істе өзгелерден оқ бойы озық келе жатқан Швейцарияда келесі жылдан бастап «өлім капсуласы» тіршілікпен ерте қоштасқысы келетіндерге қызмет көрсетпек. Sarco деп аталатын бұл капсуладағы жанкешті тып-тыныш қана оттегінің тапшылығынан көз жұмады. Эвтаназия сырт көзге өзін-өзі өлтірудің бір әдісі болып көрінгенімен, гуманистік көзқарастағылардың «өлім екпесіне» қатысты ұстанымдары мүлде бөлек. Олар азапты өлімді жеңілдетудің жасанды әдісін кәдімгі тіс ауруын бәсеңдетудің жолы ретінде қарастырады. Ал қай кезде де кісінің обал-сауабын ескеретін қазақ қоғамында әзірге шыбын жаны мұрнының ұшында тұрған жанға зәредей кесірін тигізуді құптамайды.