Өскеменнің дәл іргесіндегі Лесхоз ауылының «Красинец» бау-бақша серіктестігі аумағында 6 жасар қыз баланы айдың-күннің аманында өз үйінің ауласында ит талап өлтіргені көпшілікті алаңдатты. 17 желтоқсан күні болған қайғылы жағдайды ең әуелі сол ауылдың тұрғындары жергілікті әлеуметтік желілердің біріне жазып, дабыл қаққан болатын. «Біз, Лесхоз ауылы, «Надежда», «Эдельвейс» бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары жоғары органдардың назар аударуын сұраймыз. Қаңғыған ит жап-жас баланы талап, ажал құштырды. Біз қауіпті аймақта (қоқыс полигоны жанында) тұрамыз, бұл жақта қаңғыбас ит көп. Ветеринария қызметі неге иттерді ауламайды? Неге өз жұмыстарына салғырт қарайды?» деп шағымданған-ды тұрғындар. Оқыс оқиғаның қалай болғанын нақты ешкім білмейді. Қапыда қаза тапқан қыздың көршілері овчарка мен алабай тұқымды иттерді көргенін айтады. Ал көз жұмған қыздың анасы Дарья Орлованың сөзіне сенсек, оқиға бар-жоғы жарты сағаттың көлемінде болған. Анасы сол кезде үйде бала қарап отырыпты. «Қызым далаға шығуға сұранды. «Сыртта жел соғып тұр» деп едім, тыңдамай шығып кетті. 15 минуттан соң келіп, қолғабын ауыстырып, далаға қайта шықты. Ол кезде үй тазалап жатқанмын. Терезеден қарағанымда ойнап отыр екен. Үйдегі кішкентайым жылаған соң ойнатып отырғанмын. 20 минуттан кейін далаға қарасам, ит жүр екен. Қызым жерде жатыр, қайдан білейін, ойнап жатқан шығар деп ойладым. 2 минуттай түк түсінбей тұрып қалдым да далаға жүгіріп шығып, «Маша, Маша» деп айқайлай бастадым. Жанына келсем аяғы жоқ, қардың беті қан жоса. Киімдерінің барлығы жыртылған. Бетіне тиіспепті, тек аяғын жұлып тастапты» деген ол полиция қызметкерлері қыздың өліміне өздерінің итін кінәлағанын жеткізді. Алты жастағы Маша Орлованың анасы Дарья қызына не қасқыр, не асылтұқымды ірі иттердің бірі шабуылдаған деп топшылайды. Олардың тағы бір болжамы, сол маңдағы ит төбелесіне қатысатын алабай тұқымды ит. Алайда «қаршадай қызға өздерінің Саманта және Шерхан есімді неміс овчаркалары да тап беруі мүмкін» деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені Маша сол күні ауырғанына байланысты уақытша байлаудан босатылған Шерханмен ойнаған. «Мен әпкеме алып ұшып жеткенде ең әуелі иттерге қарадым. Овчарканың ізін байқамадым. Шерхан ауырып, аяғын әрең басып жүрген, адамға шабуыл жасайтындай шамасы болған жоқ», – дейді Дарья Орлованың сіңлісі Олеся Венцель. Мамандардың пайымынша, қыздың өліміне алабай секілді асылтұқымды немесе көшеде қаңғыған иттердің қатысы болуы мүмкін. «Қызға қасқыр шабуылдады дегенге өз басым сенбеймін. Мұны қасқыр аулаумен 40 жылдан бері шұғылданып келе жатқан аңшы ретінде сеніммен айта аламын. Қаланың сыртында жылқы мен қой толып жүргенде қасқыр ауылдың ішіне кіре ме? Әрі кетсе, итті жеп кетуі мүмкін. Менің ойымша, қызға шабуыл жасаған сол маңдағы алабай секілді төбелеске қатыстырылатын ірі ит немесе көшеде қаңғыған иттер. Құдай сақтасын, баланың аяғын жұлып алуға жай иттердің шамасы жетпейді. Өз үйінің иттері қызға шабуыл жасады деу де қисынға келмейді», – дейді Орман және аң шаруашылығы жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Василий Ткаченко. Айта кетейік, аталған факті бойынша Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің Өскемен қалалық Ертіс полиция бөлімі тергеу амалдарын бастады.
Ветеринарлар не дейді?
«Өскеменде 6 жастағы қызды ит талап өлтірді» деген ақпар шыққанда «ветеринарлар не қарап жүр? Бұл солардың міндеті ғой» деген пікірлер қарша борады. Шын мәнінде, олар кінәлі ме? Мәселенің мән-жайын білейік деп «Өскемен-Вет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жұмағазы Оразалинмен сөйлестік. Арадағы аз-кем әңгімеден түйгеніміз, бұл салада қордаланған мәселе көп. «Біздің негізгі міндетіміз – ауылшаруашылық жануарларын жұқпалы ауруларға қарсы егу, қан алу, тексеру, ауру малдарды арнаулы санитарлық мал сою алаңына апару, ветеринарлық анықтамалар беру. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау – қосымша міндетіміз. Өскемен қаласы бойынша 11 аумақтық басқару орталығы бар. Қала тұрғындарының қаңғыған иттер туралы жазбаша өтініштері осы орталықтарға келіп түседі. Өтініш түскеннен кейін 1 маман, 1 учаскелік полиция инспекторы, 1 мал дәрігері иттерді аулауға шығамыз. Бірақ қолымызды жіпсіз байлап отырған түйткілдер де аз емес. Түйткілдің ең үлкені – мамандардың жетіспеушілігі, кадр тапшылығы, айлықтың төмендігі. Ветеринар мамандардың еңбек өтілі 25-30 жыл болса да, 1,2,3 санаттары (категория) берілмейді. Бір жыл жұмыс істеген адам мен 30 жыл еңбек еткен адамның алатын жалақысы бірдей. Жұқпалы аурулармен жұмыс істесек те 1 реттік сауықтыру жәрдемақысы бізге берілмейді. Мал дәрігерлері не мемлекеттік, не азаматтық қызметшілерге жатпайды. Ветеринар жас мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілмеген. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі мүлде ойластырылмаған. Содан да болар, бұл салада жастар аз. Бүгінде өзім жұмыс істейтін коммуналдық кәсіпорындағы мамандардың орташа жасы 55-63 аралығында» деген мекеме басшысы астарындағы автокөліктерінің де ескіргенін, 2012-2013 жылғы техникалармен тепеңдеп жүргенін тілге тиек етті. Осы саладағы көптеген жанды толғандырып жүрген мәселелерді жіпке тізген Жұмағазы Оразалин «Қаңғыбас иттерді аулауды басқа мекемеге жүктесе дұрыс болар еді. Сосын әрбір аумақтық басқару орталығында иттерді аулау бригадасы құрылса. Ең маңыздысы, елді мекеннен оңаша жерлерде қаңғыбас иттерді суық қару көмегімен аулауға рұқсат берілсе. Себебі қазір қолданып жүрген Увыш 651 шприцімен иттерді 5-10 метр жерден ғана ата аламыз» деп өз ұсыныстарын алға тартты. Ит атудың бейнетті, «ит жұмыс» екенін ауылдағы мал дәрігерлері де жасырмайды. «Ауыл әкімдерінен көшедегі итті атыңдар деген хат келіп тұрады. Түз тағысы емес, ит даладан келмейді ғой. Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жүргізсе, жұрт итін байлап ұстап, мұндай әңгіме шықпас еді. Негізі, ауыл ішінде, халық, бала-шаға жүрген жерде ит атуға болмайды. Итті ататын құрылғы қауіпті. Итті атқанда ине шаншылады. Ит құлағанда ине түсіп қалады. Артынан инені іздеп жүргенің. Құдай сақтасын, әлгі инені бір бала ұстайтын болса, ешқандай дәрігер көмектесе алмайды. Дұрысы, итті ататын арнайы ұйым болуы керек», – дейді Катонқарағай ауылдық округінің мал дәрігері Қайнар Қсекин. Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовпен сөйлескенімізде Шығыс Қазақстан тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне ит атуды өзге мекемелерге тапсыру, бәсекелі ортаға беру жөнінде ұсыныс айтылып, қолдау тапқанын жеткізді. «Бұл шаруамен арнайы ұйым айналысқаны дұрыс. Ветеринарлар өз жұмысын атқарсын, вакцинасын салып берсін, сырғасын тақсын. Әркім өз міндетін білуі керек қой. Жасыратыны жоқ, ветеринария саласында мәселе көп. Бірақ біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, біздің өңірде 2020 жылдан бастап ветеринария саласын қаржыландыру облыстық бюджетке көшті, мал дәрігерлерінің жалақысы 40 пайызға көтерілді. 2018-2019 жылдары олардың жалақысы 60-80 мың болса, қазір 120-150 мың теңге аралығында алады. Алайда мұның өзі аз деп санаймыз. Сондықтан биыл облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі мал дәрігерлерінің жалақысын тағы да 30 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма басшысы.Шығыс Қазақстан облысы