Базардағы азық-түлік бағасы дес бермей барады. Оны ауыздықтау үшін Көтерме-тарату орталықтарын (КТО) салу қолға алынған еді. Орталық ортадағы делдалдарды ығыстыруға ықпал етуі тиіс. Өйткені нарықта алып сатарлардың рөлі шектен шығып барады. Ендеше жаңа бастама бағаны тұрақтандыруға көмегін тигізе ме?
МАҚСАТ ҚАНДАЙ, МҮДДЕ НЕ?
Жалпы, КТО керек пе деген пікірталас елімізде екі жылдан бері басылмай келеді. Қарсылардың да, жақтаушылардың да айтар өз уәжі бар. Басты дәйек – аграрилерге қолдау, ауылшаруашылық азық-түліктерін іріп-шіріп, ысырап болудан қорғау десек те, алпауыт орталық ұсақ бизнесті ығыстырып тастамай ма деген де пікір көп айтылып жүр. Әу баста «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында қарастырылған Ұлттық тауар өткізу жүйесін (ҰТAЖ) құру мақсатының бірі – Көтерме-тарату орталықтарының (КТО) құрылысын салу еді. Олардың функциясы үшке бөлінеді екен: сақтау, сату және тарату. Бүгінде елімізде екі КТО-ның құрылысы аяқталып келеді. Жоспар бойынша олар пайдалануға келер жылдың қаңтар айында берілмек. Ал қалғандары 2024 жылдың соңына дейін іске қосылуы тиіс екен. «Сақтау мақсатындағы КТО-лар фермерлерге жақын, егін алқаптарына таяу орналасатын болады. Олар қабылдау, сақтау және алғашқы өңдеу (жуу, іріктеу, орау және тағы басқа) қызметтерін көрсетіп, тауарды өткізуге дайындайды. Сату мақсатындағылар болса облыс орталықтарының және ірі қалалардың маңында орналаспақ. Олар фермерлерге, көтерме трейдерлерге, дистрибьютерлерге, импортерлерге, сондай-ақ сатып алушыларға (сауда желілері, дүкен, базар, тамақтану орындары, қонақүйлер, мейрамханалар және тағы басқалар) сауда жасау үшін жағдай тудырмақ. Ал тарату мақсатындағы КТО-лар қалалардың ішінде әлде маңында салынады. Олар тауарды 14 күнге дейін сақтап, көтерме партияны логистикалық қызмет ретінде сауда нысандарына таратады», – дейді Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Жанна Сисембаева. Биыл 9 шілдеде жеке инвесторлар мен министрлік арасында КТО жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған екен. Осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 7 Көтерме-тарату орталығы салынбақ. Павлодар, Алматы, Жамбыл облыстарында сақтау орталықтары, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында тарату орталықтары орналаспақ. Барлығы 20 мың өнім атауы сақталатын болады деп жоспарланған. Жеке инвесторлар – НТРС ЖШС, Continental Logistic ЖШС және Continental Logistic Shymkent ЖШС-нен тұратын компаниялар консорциумы. «КТО-ларға кластерлік принцип бойынша шаруа қожалықтарындағы өнімді сауда сөресіне жеткізудің барлық бунағы мен тетігі кіріктірілмек. Орталықтың базасында фермерлер форвардтық келісім-шарттар жасасып, агроконсалтинг қызметін пайдалана алатын болады. Сондай-ақ егуге қажетті тұқымды да бір орталықтан ала алмақ. ҰТAЖ – экожүйесінің негізгі бөлігі болып біртұтас ақпараттық жүйе. Ол барлық тауар ағымының ашықтығын, ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың балансын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.Ал бәрінен де маңыздысы, бүгінгі көлеңкелі логистиканы жойып, әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына (ӘМАТТ) бағаны төмендетуге жол ашпақ», – дейді Жанна Исламқызы. Маманның айтуынша, сауда-логистикалық тізбектің артық қатысушыларын алып тастауға сауда желілерін дамыту да ықпал етпек екен. Өйткені әлемдік тәжірибеде ритейлдің желілік сипатының артуы соңғы жылдардың тенденциясына айналып отыр. Өркениетті сауданың озық үлгісі саналатын мұндай сауда-ойын сауық кешендері мәселен Ресейдің ішкі нарығында 75%-ды құрайтын болса, біздің елімізде бұл әзірге тек қана – 30%.МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ БӨЛШЕК САУДАНЫ ТОЛЫҚ ҚАМТЫМАЙДЫ
Бүгінгі мемлекеттік реттеудің механизмдері бағаны ауыздықтауда қауқарсыз екеніне көзіміз жетіп отыр. Соңғы жылдардағы жағдай осының дәлелі. Әкім-қаралар күндегісін базар жағаласа да, баға тұрақтылығы қойылымдық сипатқа ие боп барады. Сонықтан да мамандар бұл бастама базардағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді деп сеніп отыр. «Баға қымбатшылығына негізінен олардың маусымдылығы мен экспорт әсер еткен болатын. Енді КТО-лар сақтау, логистика және өндірісті жоспарлау қызметін үйлестіретіндіктен, мұндай факторлардың ықпалын азайтуы тиіс деп ойлаймын. Болмаса, мемлекет әзірге ӘМАТТ бағасын 15% үстеме ақымен шектеу арқылы реттеп отыр. Бірақ бұл нарық талаптарына сай емес әрі еліміздегі сауданы дамытпайды. Оның үстіне, мемлекет өркениетті сауданы ғана реттеуге қауқарлы, ал базарлардағы, кішігірім дүңгіршіктер мен үй астындағы дүкендердің бағасын ешкім қадағалап жатқан жоқ. Бұл сектор бөлшек сауданың 65%-ын құрайды», – дейді Сауда және интеграция жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі, «Сауда желілері одағы» төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиев. Маманның айтуынша, мемлекеттің тағы бір реттеу тетігі – шектік баға бекіту. Бірақ бұл тек әлеуметтік тауарлардың 19 түріне ғана қатысты. Сондықтан да соншалықты тиімді әсер беріп отырған жоқ. Көп ретте агроөндірушілердің сауда сөресіне жолын жауып тастайды. Мәселен, экологиялық таза өнім саналатын жұмыртқаны 500 теңгеге өткізбек болған фермер, шектік баға 300 теңге болғандықтан, онысын сата алмай жататын кездер аз емес. Мемлекеттік реттеудің одан да өзге тағы бір тетігі – «айналымдағы ақшаны қаржыландыру схемасы». Яки, өндіруші мен сауда орындарының кейбір шығынын мемлекет қаржыландырады. Сондықтан да сауда орындары мұндай тауардың үстіне азғантай ғана баға қосады. «Бұл тәсіл өте тиімді екенін көрсетті. Әрине, ол көтерме бағаға ықпал ете алмаса да, бөлшек бағаны ұстап тұруда оң әсер берді. Енді осы тетікті КТО механизмінде қолданар болса, онда ол одан да екі есе тиімді болады деп ойлаймын. Өйткені фермер өнімін орталықта сақтайды, ал орталық оны іріктеп, сапасын тексеріп, логистиканы ұйымдастырып, сауда орындарына жеткізеді. Осылайша, ортадағы көтерме сауданы белгілейтін делдалдар бұл тізбектен түсіп қалмақ. Енді қазіргі ахуалды суреттеп салыстырар болсақ, фермер алқаптағы өнімін ешқандай құжатсыз, тиісінше сақталмаған күйінде ұсына салады. Ал сауда орындары оларды шот-фактураларсыз, жүк құжаттарысыз, сапа декларациясыз қабылдай алмайды. Өйткені біз алқаптағы өнімді сөреге жеткізетін логист емеспіз ғой», – дейді төраға орынбасары Эльбеги Нұрмұхамедұлы. Маманның сөзінің жаны бар. Өйткені қазір алқаптағы өнімін өткізу үшін нарық іздеп, жан-жақпен келісіп, логистика ұйымдастырып жүретіндей ала жаздай алқапта жүретін фермерлердің уақыты да, оның үстіне қаражаты да жоқ. Сондықтан да олар қымбат баға ұсынып, келіп алып кетем деген қай делдалдың да ығына жығылуға мәжбүр. Осы мәжбүрлі жағдайды елімізде көп ретте ресейліктер пайдаланып кетеді екен. Ал экспорттың орнын импорт басады немесе жергілікті азайған өнім қымбаттайды. «Қазақстанда өндірістік мақсатта өндіріліп жатқан агроөнім өте көп. Еліміздің қай өңіріне бармасаңыз да, шаруа мен фермердің қарасы басым. Енді ол өнімді өткізуге келгенде басқа облыс тұрмақ көрші қаланың нарығына апарып сату да қиямет-қайым болып тұр. Осыны пайдаланған ресейліктер: «Мен он КамАЗ-бен келіп барлық өніміңді алып кетемін» дейді де, қымбат баға, мәселен келісіне 130 теңге ұсынады. Әрине, мұндай жағдайда қай шаруа болмасын бірден келіседі. Олар тіпті солармен біржолата келесімшартқа отырып алғанды жөн көреді. Өйткені өзі көлік жалдап, тиеп, түсіріп дегендей, астанаға әкеліп 90-110 теңгеден өткізгеннен гөрі оған сол тиімді. Павлодар, Тараз, тіпті Нарынқол жақтағы шаруалар да осындай схемамен жұмыс істеп жатқанына көп жыл болды», – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Дамир Аспан. Ауыл шаруашылығы өнімін нарыққа шығарумен бізде Сауда және интеграция министрлігі айналысады. Ал оған дейінгі шаруаның бейнетіне көмектесетін Ауыл шаруашылығы министрлігі. Субсидиясын бөледі, несиесін береді, заңнамасын реттейді, агроресурстармен қамтиды, тағы да басқа ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Енді осыдан соң шаруалар өнімдерін өткізуге келгенде қиындыққа кездесетіні оларды да алаңдатады екен. Мал шаруашылығының қиындығы өз алдына, диқанның жер жырту, тұқым себу, күтіп-баптау, суару, жәндіктер мен жан-жануарлардан қорғау, өрт қауіпсіздігі, табиғи құбылыстар сияқты азаптардан әупірімдеп өтіп, егінін жинап, ол өнімді өткізуге келгенде оны шіртіп алмауы үшін бірінші кездескен делдалға бере салуы бүгінгі нарықтағы ахуалға алып келіп отыр. Сондықтан да АШМ өкілі бұл жұмыстарды да «кластерлік принцип» бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне берсе деген ұсынысын жеткізді.