«Ұлт ұстазы»: Ахмет жайлы бірер сөз
«Ұлт ұстазы»: Ахмет жайлы бірер сөз
4,024
оқылды
«Ахмет. Ұлт ұстазы»  – Ахмет Байтұрсынов туралы түсірілген тұңғыш сериал. Тұңғыш деуіміздің де жөні бар.  Бұған дейін Ахаң бейнесі көгілдір экранда көрініс таппаған. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақстан» ұлттық арнасы сериал түсірсе, Мәдениет және спорт министрлігі  «Соңғы үкім» атты толықметражды көркем фильмді  түсіруді қолға алды. «Соңғы үкім» туралы әңгіме соңыра айтыла жатар, бүгінгі мәселе – сериал хақында. «Ахмет. Ұлт ұстазы» Тәуелсіздік мерекесі күндері көрермен назарына ұсынылған. Алты сериалдан тұратын телехикаяның режиссері – Мұрат Есжан. Сценарийін Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым жазса, көркемдік кеңесшісі – ғалым Ұшқын Сайдырахман.  Бұған дейін «Абай» сериалын түсіріп, көпшіліктің ықыласына бөленген топтың бұл – екінші ірі жобасы. Ірі дейтін себебіміз – Абай да, Ахмет Байтұрсынов та үлкен тұлғалар. Тарихи тұлғаны түсіру де оңай емес. Жұртшылық мұндай тарихи жобаларға сыни көзбен қарайтыны тағы белгілі.  Бұл бір. Екіншіден, сериалда Ахмет Байтұрсыновтың ғана тұлғасы көрсетілмеген. Тарихта болған талай тұлғаларымыз туралы айтылады. Сол замандағы азаматтардың арасындағы саяси көзқарастар әралуандығы, талас-тартыстар да телехикаяға арқау болып отыр. Дегенмен бұл сериалдың ұтымды тұсы не дегенге келсек, актерлердің сәтті таңдалуы дер едік.

Портреттік ұқсастыққа мән берген дұрыс

Мұны көрермендер де жасырмайды. Жазушы Арман Әлменбет телехикая туралы: «Ахмет. Ұлт ұстазы» бірнеше мақ­сатқа жеткен деп ойлаймын. Алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының байыпты мінезі, мықты ішкі тегеуріні, ауыр тағдыры – өте сәтті ашылған. Атқарып кеткен жұмыс­тарын көрсетуден бөлек, Әлихан мен Міржақыптың Ахаңа деген құрметінен бастап, ең ақыр аяғында тергеушінің өзі ол кісіні қалай сыйлап кеткенін сәтімен бейнелеген. Әйелі екеуінің арасындағы тра­гедия, қосымша еріп отыратын кейіп­кер Нұрилә, осы үшеуінің арасындағы сөзі аз, тебіренісі мол эпизодтар – фильм­­нің басынан аяғына дейін тартыл­ған», – дейді. Телехикаяның жүгін көтеріп отырған бейне – ұлт ұстазының бейнесі. Актер Байғали Есенәлиевтің Ахметі қалай болар екен деп қауіптенгеніміз рас. Тіпті, алғаш­қы сериясында көңіліміз толмады. Өзін-өзі ойнап жүргендей кө­рін­ген. Тіпті, «сериал бойы бір бейнеде қалып қоя ма?» деп қорықтық. Соңына қарай, Байғали-Ахмет образы бірігіп, ірі тұлғаға айналып шыға келгенін байқамай да қал­дық. Бұл да актердің шеберлігін байқатса керек. Режиссер Мұрат Есжанның өзі «таңдау неге Байғали Есенәлиевке түсті?» деген сауалымызға: «Түр-тұлғасы белгілі, фотосуреттері сақталған тұлғалар туралы фильм түсіргенде портреттік ұқсастық маңызды деп ойлаймын. Ол көрерменді оқиғаның шынайылығына сендірудің алғашқы қадамы. Екіншіден, менің режиссер ретіндегі негізгі ұстанымымның бірі – тарихи кейіпкердің тілі мен үні өте қазақы болуы керек. Ал ол кейіпкеріңіз Ахмет болса, онда бұл талап еселене түсері анық. Үшіншіден, біздегі көп тарихи фильмдерде екі нәрсе ескерілмейді. Замандас тұлғалардың жасындағы айырмалар. Мәселен, Ахмет Міржақыптан 13 жас үлкен, Әлиханнан 6 жас кіші. Ал Әуезов пен Ахаңның арасы – 25 жас. Сондай-ақ ол дәуірдің 20-дағы жігіттері қазіргі 40-тағы ағалардан гөрі ересек көрінеді. Төртіншіден, біздегі хикая екі түрлі уақыт желісінде алмасып отырып қатар өрбиді. Екі желіге екі түрлі актер табу (түрлері, бойлары, дауыстары, мінездері бір-бірінен аумайтын әрі екеуі де Ахаңа ұқсайтын) тіпті мүмкін емес. Сондықтан жас шамасы қартайтуға да, жасартуға да ең оптималды бір актерді таңдау керек болды. Актерлік шеберлікті былай қой­ғанда, басты рөлге осыншама шарт­тардың үдесінен шығатын адам табу керек болды. Осылайша, таңдау Байғали ағамызға түсті. Ол кісіні рөлге бекітуіме тағы бір қосымша факторды айта кетейін. Б.Есенәлі – қалам ұстаған актер. Бірқатар драмасы театр сахнасында қойылған. Көптеген әннің авторы. Әншілігі, қазақы әңгіменің майын тамызып айтатын шешендігі тағы бар. Міне, осы себептерді саралай келе, Ахаңды осы кісі ойнағаны дұрыс деген шешімге келдім», – дейді.

Міржақып қандай болған?

Телехикаяда екіұдай күйге түсіретін тағы бір тұлғаның бейнесі бар. Ол – Міржақып Дулатов. Міржақып бейнесіне қатысты жазылып жатқан сын-пікірлер де көп. Соның бірін Батырлан Сағынтаев жазды. Ол: «Телехикаяның тағы бір ұнамаған тұсы – Міржақып атамызға қатысты жерлері. Тарихта Міржақыптың қызба мінезді болғаны рас. Бірақ Әлібидің қолын қайырып, Мұхамедиярдың «басын кесіп алу керек» деп жүрген Жақаң қазақ тарихында ерекше із қалдырған кең ойлы кемеңгерге қарағанда тыз етпе, ұрда-жық қалыпта көрініп қалған» , – деп жазады. Режиссерге қойған сауалымыз да осы болды. «Сәбит Мұқановтың «Өмір мек­тебінде» Дулатов бейнесі мүлдем басқаша суреттеледі. Міржақып бейнесін шы­ғарарда неге сүйендіңіздер?» дегенбіз. «Сын болуы заңды, бірақ бірен-саран болмаса, Міржақыпқа қатысты өте көп сын айтылды деп ойламаймын. Керісінше, Ахаңның сенімді серігі ретіндегі тұлғасы жақсы ашылыпты деген мәндегі пікірлерді көп көзіміз шалды. Енді сұрағыңызға келейін. Жалпы, «Өмір мектебі» секілді шығармаларды тарихи негіз етуге бол­майды. Ол таза кеңестік призмамен жа­зыл­ған дүние. Міржақып тұлғасын ашудағы ең негізгі сүйенгеніміз – Гүлнәр Міржақыпқызының «Шындық шырағы» кітабы. Сондай-ақ Жақаңның өзінің өлеңдері мен мақалаларындағы жалаң қылыштай өткір, тік мінез. Көркемдік тұрғыдан алғанда да, Ахаңның сабыры, байсалдылығы һәм Міржақыптың тік, өр­шіл келбеті бір-бірін толықтырып, бірінің фонында бірі ашыла түсіп тұру керек деген концепцияны негізге алдық»,– дейді режиссер Мұрат Есжан. Кинотанушы Нәзира Рахманқызы бұл сериал­дың Ахмет Байтұрсыновтың тағ­ды­ры мен шығармашылығына арналған ең алғашқы экрандық туынды екенін айтады. «Әрине, осындай ірі тарихи тұлғалардың бейнесін экранға алып шығу, олар өмір сүрген кезеңнің атмосферасын шынайы бере алу оңай емес, жауапкершілігі өте зор. Осы ретте сериал авторларының осынау жауап­кершілікті бар жан-тәнімен сезінге­нін аңғаруға болады», – дейді. Кино сын­шы әр кейіпкерге актерді дұрыс таңдап ал­ғанын айтып отыр. «Әрине, рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Дегенмен басты кейіпкер болған соң негізгі үлкен салмақ Ахмет Байтұрсыновты сомдайтын актерге түсетіні белгілі. Егер бас кейіпкердің бей­несі солғын шығып, қалған кейіпкерлер қаншалықты нанымды болса да, сериал шығармашылық тұрғыдан ұтылар ма еді. Сондықтан бұл сериалдың үлкен олжасы – жоғарыда айтып өткен кейіпкерлермен қатар, Байтұрсынов бейнесінің сәтті шық­қанын айтуымыз керек деп ойлаймын. Дегенмен бір айта кететін тұсы – Ахмет Бай­тұрсыновтың әр кезеңдегі жас айырма­шылығы байқалмайды. Оқиғалар негізінен 1909-1937 жылдар аралығын қамтиды. 1937 жылғы көріністердегі Ахмет Байтұр­сы­новтың келбетін 20 жыл бұрынғы оқи­ға­лардан да көреміз. Бұл болашақта тү­сі­ріле­тін сериалдарда, фильмдерде ескерілуі керек дүние деп ойлаймын», – дейді.

Актерлердің қаламақысы – коммерциялық құпия

Сериалдың бюджетіне қатысты да көп дүние айтылды. Мұны жұпыны сахна­лардан, жарық пен локациялардан, киім­дерінен, декорациядан байқауға болады. Телехикаяны түсіруші топтың қолда барды ұқсатуға тырысқаны бай­қалады. Осы орайда телехикаяға қанша қаржы бөлін­генін, актерлердің қалам­ақысы туралы біл­гі­міз келіп, «Ахмет. Ұлт ұстазы» се­риалы­ның продюсері Айсәуле Әбілдаева­дан сұраған едік. – Телесериалдың қаржылық қоры қомақты емес, оған қоса былтырғы панде­мия, одан кейінгі көп дүниенің қымбат­тауы, бәрі-бәрі киноөндірісіне, оның ішінде бізге тікелей әсер етті. Жақсы, сце­нарийі толымды, кейіпкері көп зама­науи сериал түсірудің өзіне бір сериясына 9-10 млн керек, ал тарихи киноның шы­ғыны одан кемі 2-3 есе көп. Бұл енді жобамен айтып отырғаным ғой, себебі бюджет тікелей сценарийге байланысты есептеледі. Егер фильм бірнеше желіден тұратын, қозғалысы мен арнайы эффектісі көп, кейіпкерге бай, локациясы көрнекі болса, ондай жобаға қатардағы тарихи сериалдарға кететін орта есеппен алғандағы сомадан көбірек керек. Режиссер, мысалы көбіне локацияның, қозғалыстың көп болғанын қалайды, оның бәрі ақша. Арнайы техника керек болады, түсірілім уақыты және оған сай мамандардың айлығы ұзарады дегендей. Негізі, тәжірибе жүзінде продюсер мен сценарист, режиссер көп жағдайда келісе бермейді, себебі олардың қиялында шек болмауы мүмкін. Алайда продюсер ретінде көрпеңнің қай жерге дейін көсілетінін біліп тұрған соң қарсы шығуыңа тура келеді. Салыстыру үшін айтсақ, біздегі тұтас жобаға берілетін қаржы өзіміз жиі үлгі ететін Ресей, Түркия, Корея се­риал­дары­ның бір сериясының ақшасынан жүздеген есе аз болады. Бізді көрермен, тіпті фактіні фактіге ұрып, саралап, мате­риал дайын­дай­тын журналис­тердің өзі, отандық сериал­дарды Ресейдің телехикая­ларымен салыс­тырып жатады. Ол дегеніңіз – 500 адамдық ресторанда өткен той және ондағы аура мен 30 адам­дық кафеде өткен отырысты са­лыстыр­ғанмен тең. «Біткен іске сыншы көп» десек те, «Ахмет. Ұлт ұстазына» қатысты да жа­ғымды-жағымсыз пікірдің болуы – заңды­лық. Хронологиялық оқиғаларды аралас­тырып беруі, бір актердің басынан аяғына дейін «қартаймай», бір бейнеде ойнауы кемшін түсіп жатты. Бұған түсірушілер тобының да айтар өз уәжі болар. Соңғы жылдары тарихи тұлғалар туралы біраз сериал түсірілді. Олардың барлығы сәтті шықты деп айта алмаймыз. «Әттеген-ай» дейтін де кездер болды. Көпшілік драматургияға сын айтып жа­тады. Кейбірінде актерлер дұрыс таңдал­майтын. Бұрын сериал көргенде тақпақтап сөй­лейтін театр әртістерін көретін едік. Бұл жолы эмоция бар, әр актер өз кейіпкерін дәл тапқандай. Телехикаядан мұн­дай кемшіліктер байқамадық. Мәселен, Жұмағали Махановтың Тұңғаншинін алайықшы. Актер тура өз рөлін ойнап жүр­гендей. Нартай Сауданбекұлы-Саңғытов образы ерекше есте қалды. Адам болмы­сының әрқилы кезеңін әдемі ашып берген. Қатал, сұсты, қатыгез адамның жүрегінің түкпірінде бір нәзік сезім жылт етті. Сол сезім адами қасиеттің ешқашан жоғал­майтынын көрсеткендей. Жек көріп отыр­ған адамыңа бір сәт экранның бер жағында отырып, сенің де ішің жылып қалады. Ашылмай қалған рөлдің бірі – Бәдрисафа. «Кәсіби актрисаны таңдауы керек пе еді?» деген ойға қалдық. Телехикаядағы тағы бір ерекше бейне – Бірімжанов. Сериалдың жүгін көтерген бейненің бірі. Түрмедегі сәтін көрсеткенде жүрек шыдай алмады. Төбеден тамған бір тамшы… Тырс-тырс тамған сайын… Кейіпкермен бірге қиналасың. Шеберлік деген – осы. Кадр сыртындағы мәтінді тым көбейтіп жіберген. Кей сәттерде мұның керегі де бар шығар. Дегенмен деректі фильм емес, көркем хикаят түсірілгеннен кейін мәтіннің аз болғаны дұрыс еді. Қалай десек те, «Ұлт ұстазы» өз кө­рер­менімен қауышты. Азын-аулақ кем­шіліктерін ысырып қойғанда, телехикая «айналасы жұп-жұмыр», тілі көркем, жинақы шыққанын мойындауымыз керек.

Айым БЕКТҰР