Шымкентте 5-қабаттан секіріп кеткен 11-сынып оқушысына қатысты тың мәліметтер шықты
Шымкентте 5-қабаттан секіріп кеткен 11-сынып оқушысына қатысты тың мәліметтер шықты
© Foto : Prokazan.ru
321
оқылды

Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатынан  секіріп кеткен 16 жастағы оқушы қыз жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен жансақтау бөлімінде көз жұмды, – деп хабарлады otyrar.kz.

20 қараша күні түнгі 23:00 шамасында Асар-2 шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде 5 қабаттан жасөспірімнің құлап кеткені хабарланған еді. 16 жасар қыз түрлі дене жарақатымен ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Бойжеткеннің көршілері «мұндай жағдайға не түрткі болғанын білмейміз, себебі үлгілі отбасылардың бірі еді» дейді.
«Оқиға енді кеше кешкісін сағат 23:00 қарай болды. Болғанда бәріміз шок болдық. Ешқайсымыз есімізді жинай алмай отырмыз. Бәріміз уайымдап отырмыз. Бұл отбасын мен өзім үлгілі отбасы ретінде білемін, танимын. Әке-шешесі өте тәртіпті-тәрбиелі, жақсы отбасы. Қазір шыны керек үйдің бәрі уайымдап отырмыз. Өзі намаз оқиды, хиджабта жүретін, әке-шешесі де жақсы, ішпейді, шекпейді», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Кораласбаева. «Осы жерде көрші боп тұрамын. Осы маған қарама-қарсы 5-қабат қой. Кеше кешкісін естідік. Енді танысып жатырмыз ғой, бірақ жақсы ата-анасы, көпбалалы адамдар», – дейді Шымкент қаласының тағы бір  тұрғыны Нұржамал Телегенова.
Медицина мамандарының көмегіне қарамастан, 16 жастағы қыз күндіз қайтыс болған. Дәрігерлер жасөспірімде бас-ми жарақаты, ішкі жарақаттар, кеуде қуыс жарақаты және ауыр дәрежедегі травматикалық шок болғанын айтады.
«20 желтоқсан күні сағат түнгі 22:50-де Асар шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен жедел жәрдем қызметіне қоңырау келіп түскен. Қоңырауда 2005 жылғы жасөспірімнің жоғарғы қабаттан құлап кеткені айтылған. Оқиға орнына барған жедел жәрдем қызметкерлері ауыр халде жасөспірімді Асардағы қалалық клиникалық балалар ауруханасына жеткізді. Бірақ медициналық көмекке қарамастан жасөспірім бүгін сағат 11:15-те қайтыс болды», –дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нахыпқызы.
Оқиға Қылмыстық Кодекстің 105-бабының 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тіркеліп отыр.
«Аталған жайтты Қаратау ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК 105-бабының 3-бөлігі, яғни кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде сәйкес жария етуге жатпайды», – деді Шымкент қаласы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Мөлдір Бекеева.
Қалалық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ оқиғаның себебі анықталып жатыр. Ал кейбір бейресми мәліметтерге сүйенсек, қыздың мұндай қадамға баруына отбасындағы кикілжің себеп болуы мүмкін. Бұған дейін Түркістан облысында із-түзсіз жоғалған 8-сынып оқушысы өз үйінің маңынан өлі күйінде табылғанын хабарлаған болатынбыз.