Сенаторлар Қазақстанда өлім жазасын толық жою туралы заң қабылдады
Сенаторлар Қазақстанда өлім жазасын толық жою туралы заң қабылдады
©А.Ахметқазы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар кәсіпкерлікті қолдауға, жануарларға жауапкершілікпен қарауға, өлім жазасын жоюға және тағы басқа мәселелерге қатысты заң жобаларын қарады.

Отырыс барысында депутаттар бизнесті қолдауды күшейтуге арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты ендіру және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Соған сәйкес енді мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтіргені үшін заң жүзінде дербес жауапты болады. Сондай-ақ заң бойынша «1 in 2 out» қағидатын енгізу көзделіп отыр. Сол арқылы бизнеске қатысты жаңа талап енгізу немесе реттеуді қатаңдату кезінде кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттейтін сол саладағы бұрынғы екі талаптың күші жойылады.
«Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Құжатта бизнесті қолдайтын жаңа заңнамалық шаралар ұсынылған. Соған сәйкес, бизнесті реттейтін құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау тәртібі кәсіпкерлердің заңды мүдделерін ескере отырып жетілдіріледі. Бұл заң бизнесті дамыту үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етуді және мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкердің қызметіне негізсіз араласуды болдырмауды көздейді», – Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар бүгін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңды және оған ілеспе екі заңды, нақты айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады. өлім жазасы Бұл құжаттар жануарларды қатігездіктен қорғаудың құқықтық тетіктерін қалыптастырады. Сондай-ақ осы заң арқылы жануарларға қатігездік жасағаны үшін жауапкершілік белгіленеді.
«Мемлекет басшысы Жолдауда жануарларды қорғауға қатысты құқықтық қатынастарды заңнамалық тұрғыдан реттеу қажеттігін айтқаны белгілі. Осы орайда, бүгін қабылданған заңдар өте маңызды. Онда жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары, олардың иелерінің міндеттері, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың осы бағыттағы құзыреттері бекітілген», – деді Сенат Төрағасы.
Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметі, биржалық сауданы дамыту және дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралып, қабылданды. Одан бөлек, сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қабылдады. Отырыс кезінде бұл заң елімізде өлім жазасын қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқартуға бағытталған жұмыстың лайықты жалғасы екені атап өтілді. Мемлекет басшысы қараша айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертпесіз жойылуға тиіс екені айтқан еді. Сондықтан бұл заңның қабылдануын сенаторлардың ел Президентінің тапсырмасын орындаудың нақты нәтижесі және қоғамды алаңдатқан сауалға берілген жауап ретінде қабылдауға болады.
«Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салған елдер тобына қосылды. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға арналған халықаралық қозғалысты қолдайтынын заң арқылы дәлелдеп отыр», – деді Сенат Спикері.
Бүгін сенаторлар қараған тағы бір заң жобасы банктер мен берешектер арасындағы қатынастарды реттеуге қатысты болды. Жаңа нормаларға сәйкес банктер мен сот орындаушылары борышкерге кепілге салынған тұрғын үйді өз бетінше сатуға мүмкіндік беруге тиіс. Сондай-ақ қалған борыш кепілге қойылған тұрғын үй құнының 15 пайызынан кем болса, оны өндіріп алуға болмайды. Осы және басқа да нормалар бүгін қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару, екінші деңгейдегі банктердің кепілдік саясатын, бағалау қызметін реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылды. Депутаттар бұл нормалардың бәріне қолдау білдірді. Алайда, құжатты қарау барысында сенаторлар оған бюджет процесінің жекелеген кезеңдерін нақтылайтын бірқатар түзету енгізді. Осыған байланысты, отырыста заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады. Құжаттың басты міндеті – кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, монополияға қарсы реттеу тетіктерін дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары мен мемлекеттік органдардың сатып алуларына бизнестің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Талқылау барысында сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, құжатқа мемлекеттік кәсіпорындар құру кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының келісімін алу жөніндегі талапты алып тастау туралы түзету енгізді және оны Мәжіліске қайтарды.