«Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтті
«Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтті
447
оқылды
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Мемлекеттік сыйлығының лауре­аты, көрнекті қоғам қайраткері, танымал жазушы, белгілі журналист, ғалым Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі «Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтті. Еске алу шарасына  белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, дәс­түрлі әнші Құмарбек Қақатаев және жазушының інісі, белгілі заңгер Асылхан Сейдімбек пен Ақселеудің немерелері, сондай-ақ шараны ұйымдастырған Журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Дәстүрлі кездесу онлайн және офлайн форматта өтті. Қазақтың салт-дәстүрі мен тарихы және этнографиясын зерттеуде өлшеусіз еңбектер жазған ғалымды еске алуға арналған шарада Ақселеу Слан­ұлының өмір дерегінен сыр шертер фильм көрсетілді. Өмір­де сырласы, ғылымда серігі, қиын-қыстау сәттерде жанашыры болған үзеңгілес тұлғалардың Ақселеу Сейдімбек туралы естеліктері шараға қатысушылар назарына ұсынылды. Тағылымға толы кездесуде ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы журналистика мамандығының қыр-сырын әңгімелей келе, Ақселеу еңбектерінің терең­дігіне тоқталды. Сондай-ақ дәстүрлі әнші Құмарбек Қақатаевтың орындауындағы Ақселеу Сланұлының әндері тыңдалды. Шара барысында «Ақселеу» оқуларын» ұйымдастыруға ұйыт­қы болған Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейтінін, керісінше уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеген жас ғалымдар үшін құны арта беретінін айрықша атап өтті. Еске салар болсақ, «Ақселеу Сейдімбек оқулары» университетте 2010 жылдан бері ұйым­дастырылып келеді. Ал ғалым­ның өзі 1999 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де қызмет еңбек еткен болатын.