Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті қоғам қайраткері, танымал жазушы, белгілі журналист, ғалым Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған дәстүрлі «Ақселеу Сейдімбек оқулары» өтті.
Еске алу шарасына белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, дәстүрлі әнші Құмарбек Қақатаев және жазушының інісі, белгілі заңгер Асылхан Сейдімбек пен Ақселеудің немерелері, сондай-ақ шараны ұйымдастырған Журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты. Дәстүрлі кездесу онлайн және офлайн форматта өтті.
Қазақтың салт-дәстүрі мен тарихы және этнографиясын зерттеуде өлшеусіз еңбектер жазған ғалымды еске алуға арналған шарада Ақселеу Сланұлының өмір дерегінен сыр шертер фильм көрсетілді. Өмірде сырласы, ғылымда серігі, қиын-қыстау сәттерде жанашыры болған үзеңгілес тұлғалардың Ақселеу Сейдімбек туралы естеліктері шараға қатысушылар назарына ұсынылды.
Тағылымға толы кездесуде ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы журналистика мамандығының қыр-сырын әңгімелей келе, Ақселеу еңбектерінің тереңдігіне тоқталды. Сондай-ақ дәстүрлі әнші Құмарбек Қақатаевтың орындауындағы Ақселеу Сланұлының әндері тыңдалды.
Шара барысында «Ақселеу» оқуларын» ұйымдастыруға ұйытқы болған Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейтінін, керісінше уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеген жас ғалымдар үшін құны арта беретінін айрықша атап өтті.
Еске салар болсақ, «Ақселеу Сейдімбек оқулары» университетте 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ал ғалымның өзі 1999 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де қызмет еңбек еткен болатын.