Аудандық ветеринарлар не дейді?
Мән-жайды ауылдағы мал дәрігерлері де анықтаған. Шет аудандық ветеринариялық станса директоры Ж.Түсіпов «Бұл жұқпалы ауру көрші Ресейден әкелінген малдан таралып отыр. Бұл вирус бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Аталмыш ауру ірі қара және қой малдарына жұғатын көрінеді. Күнкөрісі қолындағы азын-аулақ малына қараған ағайынның алаңдайтын жөні бар. Ауруды анықтап, алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз», – дейді. Мамандардың айтуынша, әзірге мал шығыны жоқ. Алайда уақытылы емдеу жұмыстары қолға алынбаса, мал шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Ауырған мал үшін облыс орталығынан 11 615 вакцина жеткізіліп, аталған елді мекендерге арнайы мамандар барып, егу жұмыстары жүргізілген екен. Сондай-ақ мамандар малдан ауру белгісі байқалған кезде өзге малдан оқшаулап, жылы жерде ұстап, жылы сумен суарып, жұмсақ шөп беріп, тұзды суға марганцовка қосып немесе спреймен аузын шайып отыру керек екенін айтады. – Кейбір адамдар қымбат дәрілер алып, өз бетінше емдеп жатыр. Алайда ол еш нәтиже бермейді. Сондықтан арнайы протоколмен белгіленген дәрілермен емдеген дұрыс, – дейді ветеринарлар. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Шет ауданы аумағы бойынша инспекция басшысы Д.Әшкербеков ауру адамға жұғатынын мәлімдеді. – Бұл кесел адамға да қауіпті. Сондықтан бірреттік арнайы қолғап киіп, сақ болу керек, – дейді. Індет шыққан елді мекендерге аудан орталығынан мал дәрігерлерінен құралған арнайы бригада шығып, егу жұмыстарын жүргізіп, қазір жағдай тұрақталған.Қайдан келген кесел?
«Қайдан келген кесел?» деген сұрақты ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Марат Базарбайұлына қойған едік. – Шетелден әкелінген асылтұқымды мал облыс аумағында көптеген жұқпалы індеттің аумақтық, популяциялық таралуына ықпал етіп, эпизоотиялық жағдайдың күрделенуіне әкеліп соқтырды. Мысалы, облыс аумағындағы кейбір агроқұрылымдарда ірі қараның вирустық диареясы, ринотрахеиті, нодулярды дерматиті тіркелді. Қазір аталған індеттерге қарсы жоспарлы профилактикалық іс-шаралар арқылы аталған індеттердің аумақтық және популяциялық таралуы бақылауға алынып, мониторинг жүргізіліп жатыр, – дейді Марат Базарбайұлы. Шетел асып келген малдағы кеселді уақытында неге анықтай алмайды? Өйткені ветеринария саласының бүгінгі материалдық-техникалық базасы ескірген әрі ауылдарда маман қат. – Бұдан 8 жыл бұрын, яғни 2013 жылы мемлекеттік тапсырысқа сәйкес эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен тікелей айналысатын облыс аумағындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорын Ветеринария стансаларына 100-ден аса «Нива» маркалы жеңіл көлік және де залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін ДУК қондырғылары, қолданыс құрал-жабдықтары берілген болатын. Сол 2013 жылы берілген автокөліктер паркі тозығы жетіп, жаңартуды қажет етсе, сол кезде берілген құрал-жабдықтар да сын көтермейтін жағдайда, – дейді профессор Марат Базарбайұлы. Қарағанды облысында малдың қырылуы бірінші рет емес. Бұдан төрт жыл бұрын Нұра ауданындағы Мыңбаев, Заречный және Тассуат ауылдарында 319 бас мал ауырып, оның 95-і қырылды. Ал оның алдындағы жылы бұл ауру Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында тіркелген болатын.Қарағанды облысы