Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимараты Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. Оны сол жағалаудағы Министрліктер үйіне көшіру үшін 3,5 миллиард теңге жұмсалмақ. Осы мақсатта Министрліктер үйінің бүтіндей бір бөлігі (3-кіреберіс - ред.) сатып алынған, – деп жазады sputnik.kz.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Карашөкеевтің айтуынша, көшіп-қонуға жұмсалатын 3,5 миллиард теңге қаржы қазынадан бөлінді. Министрлікті көшірудегі мақсат – Министрліктер үйінде орналасқан өзге министрліктерге жақын отыру.«Сол жағалауда орналасқан Министрліктер үйіне көшіруге жағдай жасаған Үкіметке рақмет! Министрліктер үйінің 3-кіреберісін сатып алдық. Енді біз өзге әріптестерімізге жақын отырамыз. Жұмыс барысында уақыт үнемдейміз», – деді Ербол Карашөкеев.
Оның айтуынша, министрлікті көшіру үшін биыл қуаңшылықтан малы қырылған Қызылорда, Маңғыстауға жем-шөп жеткізу, шаруалардың шығынын өтеу үшін бөлінген қаражат көлемі қысқармаған.