Қуаңшылық қайталануы мүмкін бе?
Қуаңшылық қайталануы мүмкін бе?
© коллаж: Елдар Қаба
767
оқылды

Биыл Маңғыстау облысы мен Аралда болған қуаңшылықтың зардабын толық жеңдік деп айта алмасымыз анық. Егер алдағы қыста қар түсіп, көктем жаңбырлы болмаса, қуаңшылық тағы қайталануы мүмкін. Бірақ «көктен нұр жауар» деген үмітпен қол қусырып отырамыз ба? Басқа қандай амал қарастырған жөн?

Жер құрғап кеткен

Биыл «Қазақстан ғарыш са­пары» ұлттық компаниясы өңір­лердегі жер динамикасына ғарыш­тық шолу жасаған болатын. Көп ұзамай есебін көпшілікке ұсынды. Соның нәтижесіне қарайтын болсақ, Маңғыстау облысындағы жайылымдық жерлердің үлесі 36,03 пайызды құраған. Бірақ ол жерлердің де жағдайы өте нашар дең­гейде екен. Ал облыс аумағы­ның 63,9 пайызында мүлде өсімдік шықпаған. «Шөп түгілі шөңге жоқ» дегендей, қуаңшылықтың зар­дабы оңай болмағанын осы­дан-ақ аңғаруға болады. Енді бұл тұста бір мәселе бар. Биылғысын өткер­дік, ал келесі жылы қуаңшы­лық қайталануы мүмкін бе? Өңірде әкім ауысты, жаңадан тағайын­дал­ған Ауыл шаруашы­лы­ғы министрі ат сабылтып, аймақты аралады. Бірақ оның бәрі жағдай ушықпайтынына кепіл болмас. Мәселен, синоптик­тер де алдағы уақытта қар түсіп, жаңбыр жау­маса, биылғы күрделі жағдай тағы қайталанатынын болжап отыр. Алдын алмақ түгілі зардабын жоя алдық па?

Мал әлі қырылып жатыр

Жуырда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов өңірде қуаңшылықтың салдарынан қырылған мал санын айтқан болатын. Ресми дерек де­месеңіз, сену қиын. Себебі өлген малдың санын 1,2 мыңның ғана айналасында деп көрсеткен. Ал өңірдегі қоғам белсендісі Жәнібек Қожық халық өлген малы жайлы деректі бергісі келмейтінін айтады.
– Әрине, күз басталғалы да қы­рылып жатқан мал бар. Әлсі­ре­гені, құлыны бар биелер жығылып жатыр. Олар есепке бермейді. Себебі өлген малды әкімдікке ай­тып, мал дәрігерін шақырып, кө­зінше көміп, тіркету қажет. Бірақ өлген мал үшін ештеңе төленбейді. Мал тірі десең, аздаған ақша бе­реді. Бір рет жылқыға 9 мыңнан, қойға 1 900 теңгеден төленді. Осын­дай ақыдан қағыламын ба де­гендер қырылған малын көрсет­пей тастайды. Қазір жылқының 90 пайызы, түйе мен ірі қараның 70-80 пайызы көтерем. Егер де қараша мен желтоқсанда шығыстан жел тұрып, жаңбыр жауып, арты қар аралас жаңбырға ұласар болса, мал қалмайды. Кеш қалғанымыз анық. Әкімдік пен Ауыл шаруашылығы министріне ескерттік, құлақ ас­пады. Алайда осы күмәнім 90 па­йызға орындалады-ау деп қор­қа­мын, – дейді ол.
Осы тұста белсенді әкімдіктің бөлінген қаржыны жөнді игермей отырғанын ашық айтты.
– Соңғы санақ бойынша Маң­ғыс­тауда 800 мың мал бар екені ай­тыл­ған. Әрқайсысы бір күнде 1 түк шөп жейді дейік. Сонда облыс бойынша 1 күндегі қажеттілік шамамен 800 мың түк. 10 күнде 8 миллион. Мұндай азықты қайдан табады? Әкімдіктер бөлінген ақшаға жем­шөп әкеледі. Бағасы кәсіпкер­лер қойған бағадан төмен емес. Яғни, халықтан гөрі кәсіпкерлердің де мүддесін ойлап отырған топ бар ма деймін. 100 жылқыдан артық ма­лы бар, жағдайы жеткендер Ақ­төбе мен Оралға айдап апарып жатыр. Олардың тасымалдауы, мал азы­ғын алуы және жайылымды табуы бар, бәрі шығын. Оларға да әкімдік септесіп отырған жоқ. Жолда барымтамшыға тап бола ма, бел­гі­сіз. Бірақ әкімдік «көрші облыспен келістік, осынша жер бөлді» деп жариялайды. Есепті қатырады, – дейді Жәнібек Қожық.

Қайтпек керек?

Бұл тұрғыда түрлі ұсыныс айтылып-ақ жатыр. Соның ең бір көңілге қонымдысы – «Nur Otan» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтқан ұсынысы. Депутат жасанды жолмен жаңбыр жаудыру әдісі қолға алынып, шетелдік компаниялармен келіссөз жүргізгенін мәлім еткен. Бірақ осы күзден немесе ерте көк­темде іске асырыла бастаса құп. Ал қазір не істеген жөн? Өзі ауыл­ға қоныстанған, елдің арасында жүрген қоғам белсенділері бірауыздан мынандай пікір айтыпты: әр ауданның орталығынан мал борда­қылайтын жер ашып, халық малын тиімді бағада сонда жіберуі тиіс. Не үшін? Бір қызықты қараңыз, Маң­ғыстауда 50 мың мұнайшы бар. Мұнай компаниялары сиыр етін Беларусь мемлекетінен, ал тауық етін АҚШ-тан тасымалдайды екен. Қай жағынан да тиімсіз. Дәл жа­нындағы елдің малы қырылып жатыр. Жаңағыдай мал бордақылайтын орындар ашылса, семіртіп, мұнай компанияларына тиімді бағада беруге болады екен.
– Дәл осындай жұт Маңғыстауда соң­ғы рет 1910 жылы болған. Шежіреде «жұт ит» деп айтылады. «Шөп түгілі шөңге болмай қалды» делінеді. Сол кездегі байлар әр малшыға 100 жылқыдан беріп, «өсімі сенікі, қуаңшылық біткен соң осы 100-ін алып келсең жетеді» дейтін көрінеді. 15 қазаннан кейін жаңбыр жауғаннан пайда жоқ. Қазір жылқының еріні ойылып кеткен. Шөп шыға ма деп топырақты қаза береді. Былтыр Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған Сапархан Омаровқа өтініш жаздық. Каспий­дің 2-3 шақырымдық жағасында табиғи ыза су бар. Мал ішіп, егін егуге болады. Жоңышқа егуге жарайды. Егіп, шыққанын көрсеттік. Қажетсінбеді. Осы қарқынмен қала берсек, қуаңшылық сөзсіз қайта­ланады. Құдай да қарекет еткенге береді, – дейді Жәнібек Қожық.
Дәл осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәсе­ле­нің маңызын ескеріпті. Маңғы­с­тау облысына іссапармен барған Пре­зидент су тапшылығы жайын қоз­­­ғады. Әсіресе, өңірдегі құдық­тар­ды қайта ашқан жөн екен. Өзегі бі­теліп жатқан осы шыңы­рау­лар да малы бар елге біршама көмек болары даусыз. Қорыта айтқанда, сөздің шынына көшсек, қуаңшылықтың зардабын толық жеңбегеніміз айқын. Бұл жаңадан барған өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа да құлаққағыс болса керек. Әйтпесе, бір мәселені шеше алмай отырып, бұдан да қиын түйткілге тап болып жүрмейік…

Мадияр ТӨЛЕУ