2021 жылғы танымал есімдер: қазақстандықтар ұл-қызына қандай есімді жиі қойды?
2021 жылғы танымал есімдер: қазақстандықтар ұл-қызына қандай есімді жиі қойды?
Фото: Mazyr.by
2,799
оқылды

Биыл Қазақстан азаматтары ұл-қыздарына қандай есімді көп таңдады? Aikyn.kz Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша қандай есімдер танымал болғанын анықтады.

Ұлдар арасында биыл да Алихан, Айсұлтан, Нұрислам есімдері көш бастап тұр. Осы үшеуі 2016 жылдан бері жиі қойылып келеді. 2021 жылы Қазақстанда 4465 Алихан, 3230 Айсұлтан, 3209 Нұрислам дүниеге келген. Тек сәуір мен мамыр айларында ең көп қойылған ұл есімі – Рамазан. Оған 13 сәуір – 12 мамыр аралығында болған мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазан айы себеп болуы мүмкін. Рамазан айында 2 мыңға жуық Рамазан дүниеге келген. 2021 жылы қыздар арасында ең танымал болған есімдер – Медина (6026), Айлин (5415), Асылым (5007). Танымал есімдер бестігінде Айша және Раяна есімдері де кіреді. Раяна есімі, әсіресе, наурыз, сәуір, мамыр айларында жиі қойылған. Аталған бес есім де кейінгі бес жылда көш басында тұр. Бір қызығы – Медина 2018 жылдың басында танымал 10 есімнің қатарында болса, сәуірден бастап танымал үштікке кірген. Ал 2019 жылдан қазірге дейін бірінші орынды бермей келеді. Тек кей айларда ғана Раяна мен Айлинге жол берген. Мединаның танымал болуына қазақстандық рэпер Jah khalib-тің 2018 жылы сәуірде шыққан "Медина" әні себеп болуы мүмкін. Айта кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық статистика бюросы елімізде Казахстан, Қазақстан және Казакстан есімді 35 адам, Егемен есімді – алты, Тәуелсіздік есімді – бір және Елбасы есімді 65 адам тұратынан хабарлаған еді.