Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақтыгүл Хаменова тергеудің біткенін түрмеде күтетін болды, – деп хабарлады КТК телеарнасы. Прокурорлардың талабынан соң Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот шешімі қайта өзгерді. Атырау облысы әкімінің орынбасары он күн бұрын ғана үйқамаққа ауыстырылған болатын. Ал шешімнің өзгеруін соттағылар тағылған айыптың ауырлығымен түсіндірді. Оның үстіне Хаменова үйінде жүрсе қызметін, ықпалды тамыр-таныстарын пайдаланып тергеуге кедергі келтіруі ықтимал деп тауыпты. Егер тағылған айып бойынша шенеунік кінәлі деп танылса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атырау облысы әкімінің орынбасары Абай ескерткішіне бөлінген 145 миллион теңге үшін пара алды деген күдікпен екі апта бұрын ұсталған болатын. Онымен қоса Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы да ұсталған. Бірақ Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін бірден мойындап, тергеушілерге көмек бергені үшін қамауға алынбады. Ал Хаменова темір торға қайта қамалғанымен, қызметінен әлі ресми түрде босатылмапты.
– Өткен жолы айтқанымдай, қазір соттан ешқандай шешім келген жоқ. Қазір тергеу изоляторында жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан жұмыста болмауына байланысты жалақы жүрмейді. Оған қарасты басқармалар қазір әкімнің өзге орынбасарларына бөлініп берілді. Қазір сол кісілер жауапты, – дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ержан Төлек.Бұған дейін соттың Бақытгүл Хаменованы неге қайтадан қамауға алғанын түсіндіргенін жазған болатынбыз.