Пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мансабын қалай бастаған?
Пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мансабын қалай бастаған?
© azh.kz
346
оқылды
4,5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова еңбек жолын көпшілік секілді қарапайым оқытушы, компания редакторы, диктор болып бастаған. 2020 жылдың 13 наурызында  облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.  Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы 1981 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Білімі – жоғары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі», Атырау мұнай және газ институтын «Мұнай және газ инженері», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика және бизнес бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты және саясаттану бейіні бойынша доктор.

Еңбек жолын 1999 жылы Атырау облыстық телерадио-ақпараттық компаниясының редакторы қызметінен бастаған. 2001-2003 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, элитарлық мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

2002-2004 жылдары Атырау мұнай және газ институтының қазақ тілі кафедрасының оқытушысы, 2004-2005 жылдары «Рахат ТВ» Атырау телерадио хабарларын тарату филиалы қазақ редакциясының корреспонденті. 2004-2009 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті мен журналистика кафедрасының оқытушысы, 2005-2016 жылдары Атырау Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры қызметтерін атқарған. 2016 жылғы 24 наурыздан бері алтыншы рет сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі қызметінде өзін ісін жетік білетін маман, ұйымдастырушы және тәжірибесі шыңдалған басшы екенін көрсете білді. Еңбектегі жетістіктері үшін 2010 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 2013 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2014 жылы «Қазақстан мәслихатының 20 жылдығы» медалімен, 2014 жылы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, «KAZENERGY» медалімен, 2015 жылы «Экономика Мақтанышы» орденімен, 2017 жылы «Құрмет» орденімен наградталған. Бүгін Атырау мамандандырылған тергеу соты жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы 2 баласы мен кәрі анасын асырап отырған жалғызбасты әйел екенін ескеріп, үйқамаққа ауыстырғанын мәлімдеді.