Жылдағыдай биыл тағы да бюджеттің біршама қаражаты игерілмей қалды. Бұл өзі жыл сайын қайталанатын әдетке айналып бара жатқанға ұқсайды. Әлбетте қаржының не себепті игерілмей қалғаны жайлы уақыты келгенде тиісті құрылым жетекшілері мен әкімдер есеп беріп,өзуәждерін айтар. Біз бюджет қаражатын биыл қай салаға жауапты министрліктер мен облыстар игермегеніне назар аудардық. Жыл сайын қайталатантын «дәстүрдің» себебіне үңілуге тырыстық. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сөзіне сүйенсек, республикалық бюджеттің шығысы – 99,4 пайызға, жергілікті бюджеттің шығысы 95,8 пайызға атқарылған. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 13 трлн теңгені құрап, мұның 81 млрд теңгесі жаратылмаған. Бұл соманың 15 млрд теңгесі үнемделгені, сонда нақты игерілмегені – 66 млрд теңге. Қаржыны ұқсатпаған салалардың қатарында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Ауыл шаруашылығы мен Ішкi iстер министрліктері тұр. Жергілікті бюджеттің шығысы 8 трлн теңгенің үстінде, мұның 327 млрд теңгесі игерілмеген. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында көп қаржы игерілмей қалған. Бюджет қаржысының толық игерілмеуіне нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу, орындалған жұмыс актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қаржыландыру жоспарына өзгерістер енгізу қажеттілігі себеп болған.
Министрліктер қаржыны неге игере алмай жатыр?
Бір қызығы, «Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдырады» деп сенген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қаржыны игермегендердің көшбасында тұр. Жалпы, бұл мифтің шындыққа үйлеспейтінін жалпақ жұрт былтырдан бері біле бастаған. Пандемия кезінде білім жүйесінен бастап бірталай сала онлайн режиміне көшкенде «Цифрлық Қазақстан» туралы дақпырттың құр жай ғана «қызыл сөзден қуырдақ қуырған» далбаса екеніне көзіміз әбден жеткен. Оған біздің жүйе дайын болмай шықты. Оқушылар сабаққа онлайн қосыла алмай, сигнал аулап «тауға шығып, көл жағалап» кетті. Енді 2020 жылы онлайннан опық жесек те, биыл сол кемшіліктер түзеліп қалар деп үміттеніп едік, онымыз тағы ақталмады. Қазір республикада 1 200-ден астам ауылда интернет жоқ. Оны айтасыз, ірі қалалардың көптеген шағынауданның өзінде интернет желісі баяу жұмыс істейді. Сонда министрлік интернетке жалғанбаған немесе сигналы нашар елді мекендерді қалай цифрландырмақшы болған? Ал енді осы келеңсіздіктерді жойсын деп берген бюджет ақшасын ұқсата алмауын қалай түсінеміз?! Бір түсінгеніміз, министр Бағдат Мусиннің биылдыққа «Сберді» мақтаудан басқаға қолы тимеген сияқты. Бюджет қаржысын игермеген, басынан дау-дамай арылмаған тағы бір мекеме – Ербол Қарашөкеев басқарып отырған Ауыл шаруашылығы министрлігі. Жыл он екі ай бойы бір толас таппаған азық-түлік тапшылығы, жаз-күз айларындағы қуаңшылық, республика өңірлерін жайлаған жұт, мал басының қырылуы, жемшөп жетіспеушілігі елдің еңсесін басып, экономикамызды екі өкпеден қысып деміктіріп-ақ тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы келеңсіздіктердің бәрін ескерсе керек, биыл күзде өткен Үкіметтің екінші кеңейтілген отырысында ведомствоның бұрынғы басшысы Сапархан Омаровты жұмыстан босатқан болатын. Бірақ оның орнына келген Ербол Қарашөкеевтің де жарытып бірдеңе бітіргенін көре қойған жоқпыз. Ол аптыққан жұртты сабасына түсірудің орнына «агроөнімдерге қатысты азық-түлік бағасының өсуін тоқтата алмаймыз, өнім келер жылы да қымбаттай береді, себебі бүкіл әлемде бәрі қымбаттап жатыр» деп одан бетер дүрліктіріп қойды. Сондай-ақ 2021 жылға арналған бюджет бағдармаларын орындамағандардың «қара тізімінде» Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт, сосын Ішкі істер министрліктері бар екенін естірттік, ел арасында бұл ведомстволарға да айтылып жатқан сын аз емес. Былайғы кезде «біздің қолымыздан индустрияны, инновацияны дамыту емес, көл-көсір той-томалақтар, мәдени жиындар өткізу, ескерткіштер орнату ғана келеді» деп пұшайман болып жүр едік, енді қарасақ, сол жиын-тойдың өзін жетісіп ұйымдастыра алмаған екенбіз. Әйтпесе, қаржыны игермегендердің қатарында Мәдениет және спорт министрлігі жүрер ме еді?! Әлбетте, пандемияға байланысты жоспарланған көптеген халықаралық форум мен түрлі деңгейдегі жиналыс-жиын өтпей қалды. Бюджет қаржысының игерілмеуіне осы фактор да әсер еткені белгілі. Бірақ қазынаның ақшасы жиын-тойға шашу үшін емес, сала-сала бойынша нақты жобаларды жүзеге асыру үшін қарастырылатынын ескерген жөн.Үш жылдық бюджет тиімді ме?
Экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергенов бюджетті бекіткенде, ең алдымен сауатты жоспарлауға, қаржыны үнемдеуге басты назар аудару қажет екенін айтады. Оның ойынша, бүгінгідей экономиканың тұрақсыздық жағдайында үш жылдық бюджетті бекіту тиімсіз. – Бюджет үш жылдық мерзімге арналып жасалғанымен, жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын депутаттар тек индикативтік, яғни үлгі, нобай түрінде қабылдайды. Бұдан келер жылдың бюджеті алдында әзірленген жобамен сәйкес келмей жатады. Кейбір бағдарламалардың орындалу-орындалмауына қатысты күтпеген жағдай болып жатады. Бұл бағдарламалардың сапалы нәтиже беруіне кері әсерін тигізеді,– дейді Жаңабай Алдабергенов. Мынадай құбылмалы заманда үш жылдық экономиканы болжаудың өзі өте қиын. Былтыр мұнай бағасы толқып тұрған шақта, әсіресе тым құлдырап кеткен кездері ел бюджетін қалай жобаларымызды білмей дағдарғанымыз есте. Сол кездері атқарушы билік өкілдері «біз тоғыз айдың қорытындысы шыққаннан кейін ғана сатқан мұнайдың түсімнен қанша пайда, қанша шығын көретінімізді есептеп барып, нақты жауабын айта аламыз, бір айдың есебімен болжам жасау қиын» деген болатын. «Елдің экономикалық ахуалы тұрақсыз. Мұндай жағдайда бюджетті жоспарлауды қысқа мерзімге бағыттаған жөн, үш жылдық бюджетті бекіту өзін-өзі ақтамайды», – деп сөзін түйіндеді экономика ғылымының докторы Ж.Алдабергенов. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі, тағы басқа құзырлы органдар бюджеттің игерілмеуіне қатысты мәселеге өте-мөте назар аударуы тиіс. Жергілікті әкімдерден әлеуметтік-экономикалық даму болжамы талап етілуі тиіс. Аудан-аймақ әкімдері әр тоқсан сайын стратегиялық жоспармен жұмыс істеп, бюджеттің орындалуы нақты бақылауға алынуы қажет. Ол туралы қаржыгер Арман Мусин былай дейді: – Бюджеттен әр салаға қаржы бөлінеді. Кейде бұл ақша 10-15 жылға кепілдендірілген қайтарыммен беріледі. Бірақ нақтылық қажет болсын десек, бұл қаржыны тек жеке-жеке бір жылға есептеп беріп отыру керек. Бізде бюджеттің шығыс бөлігіне үнемі өзгерістер енгізіліп тұрады. Алдымен үш жылға есептеп аламыз да, кейін бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей қалады немесе орта жолда «желініп» кетеді. Сол себепті қандай да бір жоба бойынша бекітілген ақша сомасы кейін бірнеше рет өзгеріп, қосымша шығындарды көбейтіп жіберуі мүмкін,– дейді қаржыгер. Рас, бізде бір жылда бюджет екі-үш рет нақтыланып отырады. Кей жобаларға бөлінген қаржы тіпті еселеніп кетуі де ғажап емес. Ал 3 жылда қаншама өзгеріс болады, әлемдік нарықтағы баға құбылады, мұндай жағдайда үш жылдық бюджеттің қаржысын игере алмау, әйтпесе бөлінген соманың жетпей қалуы – заңды. Оның үстіне, бізде шенеуніктерді бюджет қаржысын тиімді пайдаланбағаны үшін емес, игере алмағаны үшін кінәлайды. Сол себепті «қаржыны қайтсек те игерсек болды» деп, орынды-орынсыз шашатын, арзанқол дүниеге жұмсап жіберетін әкімқаралар мен байбатша шенеуніктер көп. Бұл мәселені де назардан тыс қалдырмаған абзал.Қолды болған ақшаны қайдан іздеу керек?
Бюджет қаражатының игерілуіне қатысты біраз түйткілдің шетін шығардық, енді қазынаның қалтасы мен өзінің қалтасын шатастырып алатын шенді-шекпенділер туралы да бірер сөз арнай кеткен жөн шығар. Біздің халықтың санасында кез келген министр, кез келген әкім, бюджетке қарасты кез келген ірілі-ұсақты мекеме-ұжымның басшыларының бәрі ұрлайды деген күдік бар. Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Қарапайым жұрт министрлер мен әкімдердің үрлеп ішіп, шайқап төгіп жүретінін талай көрген. Мәселен, биыл қазан айында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметкерлердің шетелдегі тұрғын үйлерінің, ақша мен көліктерінің санын айтты. Осы ақпаратқа сүйенсек, әлемнің 26 елінде қазақстандықтардың 666 жылжымайтын мүлкі тіркелген. Оның 436 нысаны Ресейде, 44-і Біріккен Араб Әмірлігінде, 38-і Түркияда көрсетілген. 49 шет мемлекетте 1 030 жеке тұлғаға тиесілі 1 198 көлігі тіркелген. Сондай-ақ ел азаматтарының 691 млрд теңге ақшасы шетелдік банктерде жатыр. Әсіресе, АҚШ-та, Швейцарияда және Ресейде көптеген қазақстандықтың банк шоттары ашылған. Сонда бұл кімнің ақшасы? Әлбетте, халықтың қаржысы емес екені анық. Оның бәрі бірдей бизнес өкілдеріне тиесілі емес екені тағы белгілі. Бұл сән мен салтанаттың елеулі бөлігінде мемлекеттік қызметте жүрген шенді-шекпеннің де үлесі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан қолды болған бюджет қаржысының бір ұшын шетелдерден іздеген орынды.