ЖҰМЫСШЫҒА ЖАЛПЫ ПӘНДЕР ҚАЖЕТ ПЕ?
Алайда бүгінде жұмысшы мамандарға жалпы пәндерді білу қажет емес деген пікір де бар көрінеді. Әсіресе, кәсіпкерлер жұмысшы мамандар әдебиетші болуы немесе математиканы жақсы білуі міндетті емес деп санайды. Оларға жұмысқа қабылдаған адамы белгіленген міндеттерін атқарса, тар бейінді маман болса жетеді. Сондықтан маман даярлау бағдарламасынан жалпы пәндерді алып тастау туралы ұсыныс жасап жүргендер де баршылық. «Бұл тұрғыда қазір белгілі бір шайқас жүріп жатыр. Біз, білім беру саласының мамандары, бұл пікірмен мүлдем келіспейміз. Бүгінде бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуде. Жастар білімді болуы керек деп санаймын» деген пікірін білдірді Владимир Сергеевич. «Өрлеу» АҚ облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Мырзалинова білімі төмен жастар ертең колледжді тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсе алмайды деп алаңдаушылық білдіреді. «Республикалық көрсеткіштен де төмен нәтиже көрсеткен студенттер ертең қалайша жоғары білім алмақшы? Жалпы пәндерді олар бірінші курста өтеді. Жоғары оқу орнына түсерде сол алған білімі талап етіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын аяқтаған соң жастар жоғары оқу орнына түсіп, білімді де білікті маман болып шыққанын қолдаймын. Алайда мынадай білім көрсеткішімен олар жоғары оқу орнында оқи алатынына күмәнім бар», – деді Алма Жәкімқызы. Алайда Владимир Ткаченко «Біздің басты міндет – жұмысшы кадрлар даярлау. Ал оларды жоғары оқу орнына түсуге даярлау мақсатын көздеп отырған жоқпыз», – дейді. Оның айтуынша, маман даярлауда еңбек нарығының сұранысы ескеріледі. Кәсіпорындар мен салалық басқармалардың өтініштері ескеріліп, тапсырыстары қабылданады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, басқару және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, қайта өңдеу және құрылыс, қызмет көрсету салаларына қажеттілік көп екен. Биыл колледж түлектерінің 70 пайызы жұмысқа орналасыпты. Владимир Ткаченко бұл республикалық көрсеткіштен жоғары екенін айтады.МАМАН ТАПШЫ
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагог мамандардың жетіспеушілігі – өткір тұрған мәселе. Тәжірибелі профессорлық-педагогикалық құрам қартайып, зейнет демалысына шығып жатыр, ал жас мамандар жоқтың қасы. Колледж оқытушыларын даярлаудың да түйткілі көп.Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында сабақ беру үшін мұғалімнің арнайы және педагогикалық жоғары білімі болуы керек. Ондайлар саусақпен санарлық. Солтүстік Қазақстан облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша, заң бойынша педагогикалық қызметке алғаш кіріскен және тиісті бейіні бойынша кәсіптік білімі бар тұлға педагогикалық қайта даярлаудан өтуі, яғни мамандық бойынша бұрыннан бар білімдерін толықтыруы, педагогика, психология, оқыту әдістемесі бойынша білім алуы тиіс. Тіпті, шаштараз даярлайтын маманнан да жоғары педагогикалық білім талап етіледі. Мұндай қайта даярлау курстары жоғары оқу орнында ғана жүргізіледі. Ал жоғары оқу орны белгілеген мерзім мен төлемақы олардың көңілінен шыға бермейді. біріншіден, колледж оқытушыларының еңбекақысы аз, екіншіден, сабақтан қол үзіп, 500 мың теңгеге дейін төлемақы төлеп, 6-8 ай оқитын мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен бірлесіп, осы мәселені шешу жолдарын қарастыру ұсынылды. Атап айтқанда, колледждерде арнайы пәндерден сабақ беретін оқытушыларға арналған жеделдетілген факультативтік курс ашу қажет. Алайда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Жанар Таласпаеваның айтуынша, жоғары оқу орнындағы біліктілікті арттыру курстары сабақ жүргізуге құқық бермейді. Тек қайта даярлау курстарын тәмамдағандардың оқытушылық қызметпен айналысуға құқығы бар. Ал әртүрлі мамандық иелерінің басын бір аралық топқа енгізіп, педагог етіп шығаруға біліктілік талаптары мен бекітілген стандарттар мүмкіндік бермейді. Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко «бұл мәселеде, әсіресе ауылдық аймақтардағы жергілікті атқарушы органдар да мүдделі болуы керек» деген пікірде. Мәселен, жоғары білімді мамандарды көтермелеп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек деген ұсыныс жасады. Әрі колледждер де материалдық-техникалық базасы, оқулықтармен қамтылуы, зертханасының болуы сияқты барлық талапқа сай болуы тиіс. Өкінішке қарай, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету облыстық департаменті жүргізген профилактикалық бақылау нәтижесінде үш колледжде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының бұзылғаны анықталды. Яғни, бақылаумен қамтылған Аққайың ауданының аграрлық колледжінде, Новоишим ауылшаруашылық-техникалық колледжінде және Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде оқу-жұмыс жоспары үлгілік оқу жоспарына және техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес келмейтін болып шықты. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова нормативтік-құқықтық актілер үнемі жаңартылып отыратындықтан, облыстық Білім басқармасы оқу жоспарларын әзірлеуге орталықтандырылған көмек көрсетуі тиіс деген пікір білдірді. Өз бейініне сай келмейтін мамандықтар ашып, «Әлін білмеген әлектің» кейпін киіп отырған колледждер де баршылық. Қолданыстағы заң бойынша мұндай мамандықтар бойынша екі жыл бойы білім бермеген колледждер лицензиясын қайтаруы тиіс. Айнагүл Ағыбайқызының мәліметінше, соңғы екі жыл ішінде 80-нен астам біліктілік бойынша лицензия қайтарылған. Соның ішінде, мәселен агротехникалық колледждердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тігінші, шаштараз, іс жүргізуші, педагогикалық колледждегі аудармашы, суретші-модельер, визажист, бармен сияқты мамандықтар бар. Жуырда ашылған ландшафттық дизайн, аңшылық сияқты мамандықтардың да болашағы бұлыңғыр деген пікір бар. Қалай болғанымен де, еңбек нарығы жылдам өзгеріп отыратындықтан, мектептер де бейіндік жұмысын жетілдіре түсуі керек.Солтүстік Қазақстан облысы