Суицидтің себебі не?
Суицидтің себебі не?
© коллаж: Елдар Қаба
Жуырда  Алматы қаласында көпқабатты тұрғын үйдің 9-қабатынан алдымен үш баласын лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен жас келіншектің тірлігі қоғамды  дүр сілкіндіргені бар.  Одан кейін араға бес күн салып, іле-шала 8-қабаттан секірген 13 жасар  қыздың қадамы тағы алаңдатты.  Оның алдында  Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының да өз-өзіне қол салуы біраз адамға «бұл қалай болды?» дегізгені рас.  Ал қалалық  Полиция департаментінің мәліметінше, соңғы 6 айда суицидтің 38 дерегі тіркелген. Бұл  орта есеппен алғанда, ай сайын  6-7 алматылық  суицид құрбанына айналады деген сөз. Себеп неде?

Арманына жете алмағандар депрессияға түседі

Осы саланы біраз жылдан бері зерттеп жүрген маман Жұлдыз Төлеу мұндай  жағдай ауылдан қалаға келгенімен, сіңісіп кете алмаған жастарда көп болатынын айтады. Оның сөзіне қарағанда, адамның өзіне қол салуының себебі өте көп.  Әрі «неге көп?» дейтін сұраққа келетін болсақ, оның әлеуметтік, экономикалық, психологиялық және тарихи жақтары бар екенін айтады. Сарапшы соңғы жылдары ауыл мен қала өмірінің арасы айтарлықтай алшақтап кеткенін,  ауылдан арман қуып, жұмыс іздеп, қалаға баратын адамдарда депрессия көп болатынын алға тартты. Оның себебі  ретінде  қала мен ауылдың өмірі жер мен көктей екенін атады. Яғни,  қалаға келген жастардың қызығушылығы да, арбайтын, арбалатын дүниесі де өте көп. Соның бәріне ұмтылғысы келеді. Бірақ оған қаржысы, білімі, білігі жете бермейді. Сөйтіп, депрессияға түседі. «Бұл адамның «менін» жоғалтуға алып келеді. Жалпы, қазір тек Қазақстанда емес, әлемде адамдарда өз «менін» іздеу процесі жүріп жатқан тәрізді. Мұны ғылыми тілде  Идентичность  дейді. «Мен кіммін? Менің қызығушылығым не? Нені қалаймын? Қазір сүріп жатқан өмірім өзімдікі ме, жоқ па?». Осы сауалдар көбін ойландыра бастады. Себебі қазір рухани дүниеден гөрі тұтынушылық басым. Рухани дүниелердің өзі саудаға салынып жатыр. Мұның бәрі адамның күйзеліске түсуіне әкеледі. Отбасында үлкен буын мен жас буынның қақтығысы, құндылықтардың сәйкес келмеуі, бұл да түбі адамды депрессияға апарады. Оның үстіне, біздің қоғам қатал сыншы. Қоғам дегеніміз көпшілік қой. Көпшілік әдетте консервативті келеді. Жаңашылдыққа шошына қарайды. Егер жеке адамның ойы, көзқарасы көпшілікпен сәйкес келмесе, ол адам қоғамда «жазаланады». Жеке тұлғалыққа ұмтылу жалғыз адамға қиынға соғады», – дейді Ж.Төлеу. Оның айтуынша, одан кейін ішкі «мені» өспей қалған инфантильді адамдар да көбіне қоғамға өкпелі келеді екен. «Олар «Әлем маған беруі тиіс» деген қағидамен өмір сүреді. Мұндай топтар да өзіне қол жұмсауға бейім келеді. Қазір суицидке мына жастағылар барады деп кесіп шешім шығару қиын. Себебі барлық топтағы адамдардың психикасы әлсіз болуы мүмкін. Негізінен, жасөспірімдерге аса көңіл бөлуі керек. Өйткені бұл өтпелі кезеңде мінез-құлық тез өзгеріп тұрады. Сынды қабылдауы әлсіз болады. Өз «менін» қалыптастырып, іздейтін кез», – дейді сарапшы  Ж. Төлеу.

«Балалар  жиі «сынып» кетеді»

Ал психолог Нұргүл Қонарбаева суицидке барудың нақты себебін анықтау қиын деген пікірде. «Соңғы кездері суицидтің жиілеп кетуіне себептерді жіктеп, нақты айту мүмкін емес. Қанша адам болса, сонша себеп бар. Мысалы, үйдегі зорлық-зомбылыққа байланысты басын өлімге тіккен әйелді тек ұрып-соғатын күйеуі осындай қадамға жеткізді деп кесіп айту мүмкін емес. Бұл жерде «осы әйел өз өмірін зорлық-зомбылыққа жығып бергенде өзінің, денсау­лығының, жүрек қалауының құндылығы болды ма екен, өз өмірін қиғанда өмірдің құндылығын сезінді ме екен?» деген сұрақ туындауы қажет. Өмірден баз кешкен адамның тіршілігін тоқтатуға бел байлауы өз басындағы жағдай­ларда «өмір сүруді жалғастыру мүмкін емес» деп қабылдаған шешімімен байланысты. Мұндай шешімге тек адамның психоэмоционал­ды жағдайы, адамның жанында болып жатқан түрлі қайғы, сонымен бірге сыртқы себептер де  әкеледі. Суицид болғанда себепті анықтау, әрине дұрыс, алайда жасалатын, жасалған суицидтің «үнін» есту маңызды», – дейді психолог. Психологтің айтуынша, қазір осы құбылыстың жасөспірімдер арасында жиілеп кетуі – алаңдатарлық жағдай. «Жасөспірімдердің қазіргі жағдайы тіпті мүшкіл деп айтуға болады.Оған себеп балаларда жүктеме көп. Мектептегі жүктемеден бөлек түрлі нәубетті басынан кешірген халқымыздың бойындағы үрейі де балалардың арқасына жүк. 90-жылдардың тұрақсыздығын көрген ата-ана баласын, үйін көрместен  күндіз-түні дүниенің  соңында жүргені жасырын емес. Одан бөлек баладан бұрын баланың жетістігін көргісі келетін ата-аналар да бар. Табиғи түрде қарым-қатынасқа, жан жылулығына, мына әлеммен байланыста әке-шешенің асқар таулығы мен мөлдір бұлақтығына зәру балалар рухани эмоционалдық  тұрғыдан аш.  Осындай аштық пен бұғанасы қатпаған кездегі ауыртпалық  баланың онсыз да әлсіз болмысын сынап жатыр. Сол сынаққа төзе алмаған көп балалар  осылай «сынып» кетіп жатады», – дейді Нұргүл Қонарбаева.

Көп себептің бірі – әлеуметтік теңсіздік

Ал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова суицидтің бірден-бір себебі әлеуметтік теңсіздіктен деп есептейтінін айтады. «Өз-өзіне қол салу – бұл бір адамның немесе оның айналасындағылардың ғана психологиялық проблемасы емес. Бұл – микрокөзқарас және мәселенің тек салдары. Негізгі себептерін тереңірек іздеу керек. Өзін-өзі өлтіру жағдайы – қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының барометрі. АҚШ әлеуметтанушысы Питирим Сорокин қоғамның әл-ауқатының деңгейін адамның әлеуметтік мәртебесімен анықтайды. Әлеу­меттік мәртебе оның мамандығы, беделі, білім деңгейі, табыс көлемі, билікке қол жеткізуінен тұрады. Бұл тұжырым бүгінде көптеген зерт­теумен дәлелденген. Өзіне қол салған әлеу­меттік-демографиялық топтар арасында білім деңгейі, әлеуметтік мәртебесі мен жағдайы төмен адамдар басым.  Әлеуметтік зерттеулер бойынша кәмелетке толмағандар арасында өзіне қол салу оқиғаларының шама­мен 70 пайызында олардың ата-аналарымен қарым-қатынасында қиындықтардың  бары анық­талған», – дейді әлеуметтанушы. Маманның айтуынша,  адамның өз-өзіне қол салуына көп жағдайда жұмыссыз қалудан қорқу әсер етеді. Осы орайда ол  арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесін алға тартты.  Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін әлеуметтік «сау» орта қалыптастыру керек дегенді айтты. «Цюрих университетінің зерттеушілері 2000 жылдан 2011 жылға дейін 11 жыл бойы әлемнің 63 елінде суицид  туралы жиналған деректерге талдау жүргізді. Осы уақыт ішінде жыл сайын 233 мың адам  өз-өзіне қол салса, оның 45 мыңы тікелей жұмыссыздық әсерінен болған көрінеді», – дейді А. Молдабекова. Қалай айтсақ та, себебін қай жағынан қарастырсақ та, бұл мәселемен бүгінгі таңда әлем, оның ішінде қазақ жұрты бетпе-бет келіп отырғаны шындық.  Мамандардың зерттеуі бойынша,  әлемде бір жылда бір миллионға жуық адам өзіне қол жұмсайды екен. Әрине, жағымсыз статистика. Бірақ ащы да болса шындық.

Алматы