Оралда бокстан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ұлттық біріншілікке еліміздің 17 аймағынан 212 боксшы қатысты. Чемпионат аясында ұлттық құрамаға үміткер спортшылар анықталды. Биылғы біріншілік сенсацияларға толы болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінген спортшылар ұлттық құрама қатарына еніп, 2022 жылы өтетін басты жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болатын болған соң жарыс қыза түсті. Шаршы алаңда жүлдеге таласушы талантты жастар мен ұлттық құрамада жүрген тісқаққан боксшылар жолықты. Көптеген әлем және Азия чемпионатында атой салған тәжірибелі спортшылардың өздері маңызды сәтте ұпай жоғалтып, жеңіске жете алмай жатты. Ең жеңіл салмақта (48 келі) жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай чемпион атанды. Финалдық кездесуде Нұр-Сұлтан қаласының боксшысы Санжар Тәшкенбай ринг қожайыны, 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Даниял Сәбитті жеңді. Санжар ересектер сапында алғаш рет ел біріншілігінде топ жарып отыр. Бірақ ол биыл жастар арасында Азия және әлем чемпионатын бірдей бағындырғанын айта кеткен жөн. 51 келі салмақ дәрежесінде Батыс Қазақстан облысының атынан сынға түскен Нұрсұлтан Нуриденов әскерилер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алматы облысының өкілі Дамир Әбдіқадірге жол берді. Келесі салмақ дәрежесінде (54 келі) Атырау облысының өкілі, тәжірибелі боксшы Олжас Байниязов қарағандылық Талғат Сырымбетовтен айласын асыра алмады. 57 келі салмақта сынға түскен былғары қолғап шеберлерінің финалында қостанайлық Айдос Араповпен 2016 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Оразбек Асылқұлов кездесті. Тартысты өткен айқаста 3:2 есебімен Ақмола облысынан келген боксшы ел чемпионы атанды. 60 келіде қарағандылық 2016 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Василий Самчук Шығыс Қазақстаннан келген Әділет Құрметовтен айласын асырып кетті. Келесі салмақ дәрежесінде (63,5 келі) алматылық боксшы Ділмұрат Мижитов 3:2 есебімен 2021 жылғы Азия біріншілігінің алтын жүлдегері Абзал Серікті (Шымкент) жеңді. Абылайхан Жүсіпов өнер көрсететін салмақта (67 келі) Дулат Бекбауов ел чемпионы атанды. Финалдық бәсекеде Жамбыл облысының өкілі Алматы облысынан келген Дархан Дүйсебайды қапы қалдырды. 71 келі салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысынан келген Ермахан Жақпеков павлодарлық Қуан Қуатовқа жол берді. Әлем чемпионатының қатысушысы Нұрқанат Райыс 75 келі салмақ дәрежесінде павлодарлық Аятулла Тәкежановты жеңіп, Қазақстан чемпионы атанды. Елордалық ағайынды Оралбайлар өздерінің мықты екенін осы чемпионат барысында тағы бір рет дәлелдеді. Айбек және Нұрбек 80 және 92 келіде қарсылас шақ келтірмеді. Нұрбек Ақтөбе облысының өкілі Жәнібек Қартбайдан басым түссе, Айбек Абзал Құттыбековті жеңді. 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының алтын жүлдегері Айбек Оралбай қатарынан 3 рет республикалық турнирде топ жарды. 86 келі салмақ дәрежесінде түркістандық Сағындық Тоғамбай ақтық сында Алматы қаласынан келген Мәди Әміровті сан соқтырды. Ал ең ауыр салмақ дәрежесінде (+92 келі) Белградта өткен әлем чемпионатының қатысушысы Нұрлан Сапарбай атыраулық Аманат Сабырғалиды жеңіп, 2021 жылғы Қазақстан чемпионы болды. Негізі, бокстан бұған дейінгі өткен ел чемпионаттарында төрешілерге немесе басқа да ықпалды адамдардың тарапына қатысты сыни пікірлер ара-гідік айтылып жүргенімен, бұл жолғы Орал қаласында өткен жарысты көпшілігі жоғары бағалады. Оған бапкерлер мен боксшылардың пікірлері анық дәлел. Биылғы Қазақстан чемпионатынан шәкірттері үш алтын еншілеген Нұр-Сұлтан қаласының аға жаттықтырушысы Асқарбек Еркебаев боксшыларының аталған чемпионатқа тыңғылықты дайындалғанын, жеңіске жету үшін біраз тер төккенін айтты. – Бұл Қазақстан чемпионатына біз бір мақсатпен келдік. Ол – жеңімпаз атану. Шәкірттерім өздеріне артылған сенімді толықтай ақтады. Төрешілер мен ұйымдастырушыларға айтар ешқандай өкпе-назымыз жоқ. БҚО бокс федерациясының президенті Бауыржан Каримов биылғы чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Жекпе-жектер барынша әділ өтті. Осы жарыстан соң құрамаға өтетін жігіттер анықталады. Жаңа құрама келесі Олимпиадаға дейін шыңдалып, небір сынақтардан өтеді. Жігіттердің алар асуы алда. Олар бұл жеңістен соң босаңсымай, алдағы сайыстарға дайындықтарын жалғастыра береді, – дейді А.Еркебаев. Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең жас чемпион Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері Нұржан Нышанов турнирде әділетсіз шешім шығарған төрешілерді байқамағанын, қайта фавориттердің өздері маңызды кездесулерде есе жібергенін, боксшылар арасындағы бәсекелестің жоғары болғанын жасырмады. – Төрешілер тарапынан кеткен бұратартушылық не қателіктерді байқамадым. Үздіктер өздерінің мықтылығын дәлелдеген турнир болды деп сеніммен айта аламын. Бұл шәкіртім 48 келі салмақта өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбайдың ересектер арасындағы бірінші чемпионаты болса да, ол біздің тапсырмамызды толық орындап, үмітімізді ақтады. Финалда ол осы салмақта фаворит саналған жергілікті боксшымен жұдырықтасты. Былайша айтқанда, біз бұл финалға дайын болдық. Соның арқасында Санжар сенімді түрде жеңіске жетті. Сонымен қатар ол турнирдің үздік боксшысы атанды, – дейді ол. Айта кетейік, алғаш рет ел чемпионаты Орал қаласында әрі 13 салмақ дәрежесінде өтті. Алайда алаң қожайындары сапынан ешбір боксшы алтын жүлдеге іліге алмады. Жалпыкомандалық есепте Нұр-Сұлтан құрамасы көш бастады. Екінші орынға Түркістан облысының құрамасы жайғасты. Олар 4 медаль еншіледі, оның екеуі – алтын. Үздік үштікті екі алтын жүлдемен қарағандылықтар түйіндеді.