«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы аймақтық Экологиялық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысына «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Мәтен, облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айтақов, Жамбыл облысы Экология департаментінің бөлім басшысы С.Нұрбаев, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас экологі А.Қарағалиев және тағы басқалар қатысты. Күн тәртібінде «Өңірдегі қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға сәйкес келтіру» және «Өңірде өнеркәсіптік зауыттардың жұмысы барысында қоршаған ортаға химиялық және өнеркәсіптік қалдықтарының түсуі және автокөлік шығындыларының қоршаған ортаға кері әсері» мәселелері қаралды. Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары, тиісті бөлім басшылары, аумақтық филиалдар жанынан құрылған Экологиялық кеңестердің төрағалары аталған жиында өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар отырыста облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ж.Айтақов, Жамбыл облысы Экология департаментінің бөлім басшысы С.Нұрбаевтың және «Қазфосфат» ЖШС-ның бас экологі А.Қарағалиевтің баяндамалары тыңдалды. Өз кезегінде кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ф.Жүнісова және кеңес мүшелері Н.Ракишева, Р.Турегелдиевалар «жасыл желектер» құру мәселесін сөз етті. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге қарата өңірдегі қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға сай қылу, қоқыс полигондарындағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау секілді маңызды ұсыныс айтылды. Жиын соңында барлық ұсыныстар ескеріліп, кеңес мүшелері тарапынан бақылауға алынатыны хабарланды.
А.ЖАСАНҰЛЫ