Ғылым мен білім – ел дамуының, өркендеуінің өзегі екенін әлем әлдеқашан мойындаған аксиома. Ғылым-қоғам дамуындағы үлкен қозғаушы күш екені белгілі. Ел ғылымын дамытудағы ғалымдардың ғылыми жетістіктері тәуелсіздіктің жемісі деп бағалауға әбден болады. Мемлекетіміздің ғылымы және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасында іргелі және қолданбалы ғылымның нәтижелерінің практикада тиімді пайдалануға арналған бағытты жасау және оны өмірге енгізу еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуының маңызды мәселесіне айналуы керек екені айтылғаны анық. Ғылымның, білім және өндіріс бірлігін нығайту арқылы дамыған елдердегідей іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектормен өзара байланысты арттыруды қолға ала бастауы көңіл қуантады. Ғалымдар мемлекет тарапынан қолдауды сезінуде. Қалай десек те, еліміздегі ғылым саласындағы оң өзгерістердің барлығы да тәуелсіздіктің жемісі екені анық. Елімізде қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған қуатты мемлекеттердің біріне айналу үшін білім мен ғылымға деген оң көзқарас қалыптасып отырғанын айтуға тиіспіз. Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел ешбір салада ешқашан бірінші орынға көтеріле алмайтыны туралы Елбасының айтқаны осыған дәлел. Білім үдерісіне озық әдістеме мен технологияларды енгізу арқылы әлемдік білім кеңестігіне еркін енуге болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сол үшін дүниежүзіндегі озық тәжірибелерді пайдаланудың пайдасы зор екенін, Қазақстанның шетел жоғары оқу орындарымен білім салаларындағы әріптестікті жоғары деңгейде орнықтыру орынды екеніне назар аударылып келеді. Елбасы «XXI ғасыр білім мен ғылым ғасыры болады» деп білім беруді өркениетті елдер деңгейінде өркендетуге ден қою керек екенін айтып қана қоймай, оның нақты өмірімізде көрініс табу үшін жасалып жатқан табанды тіршіліктер жеткілікті. Алдағы онжылдықта адамзат капиталының маңызы арта түсетінін алдын ала бағамдаған білікті басшы, білім беру кеңістігіндегі тәжірибе алмасу мен өзара серіктестік-интеграциялық үдерістерге ұласып, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының байланысын сапалы деңгейге жеткізу мақсатында Назарбаев университетін ашуын айтқанымыз абзал. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары елордада бой көтерген тағы бір адами капиталды дамытуды мақсат еткен ғылым ордасы – Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы (ҚазҰЖҒА) ғалымдары да үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада ғылым дамуына кедергілер ретінде ғылым, білім және өндіріс байланысы деңгейінің төмен болуы, ғылымды қаржыландырудың тетіктерін жүзеге асырудағы кемшіліктер, ғылыми жаңалықтарды өндіріске қолданудың мүмкіндіктерінің аздығы, ғалымдарды, әсіресе жас зерттеушілерді қолдау үдерістерінің замана талабына сай келмеуі сияқты бірнеше көкейкесті мәселелер ғылыми ортаны толғандыратыны және оны оң шешудегі қолға алынар міндеттер айқындалған болатын. Сондай-ақ заманауи зертханаларда ғылыми ашылымдардың тиімділігін, олардың өндіріске енгізгенде келтірер пайдасын тәжірибелік-конструкторлық бюрода талқылаудан өткізумен, ғылым және өндірістің арасы тым алшақтауына әкеліп соқтырғаны талданған. Ұлттық академия – университет – өндіріс үштік одағының тиімді ұйымдастырылу нәтижесінде жаңалық ашып жатқан ғалымдарымыз жетерлік. Жаңалық ашу бар да, оны өндіріске енгізу бар. Оларды ең алдымен сынақтан өткізу керек болатыны түсінікті ғой. Сынақ жасайтын өндіріс орындарының аздығы да көлденең кедергі болып тұрғаны бар. Соған қарамастан жанқиярлықпен өз идеяларын іске асырып жатқан ғалымдарымыз, әлбетте құрметке лайық. Қазақстанның әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның шешімімен Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы академиктерінің тарапынан ұсынылған жұмыстар 2015 және 2020 жылғы Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны, тек отандық ғалымдар ортасында емес, халықаралық ғылыми қауымдастықта бағаланғаны Қазақстанның мәртебесін көтерген және еліміздің инновациялық дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми жобалар санатында саналып отырғаны зор мақтаныш әрі жас ғалымдарға ғылым шыңына шығу жолын көрсеткен үлгі-өнеге екенін де айтсақ, артық болмас. Мұндай табыс ғалымдардың маңдай терімен, қажырлы еңбектің, үнемі ізденістің және зерттеудегі зерделіктің нәтижесінде қол жеткізілетіні де ғылыми ортаға түсінікті болар. ҚазҰЖҒА мен Қазақстанның минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орталық ғалымдары әзірлеген ғылыми жоба 2015 жылғы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы ғылымның ел дамуына қосқан үлесінің қомақты екенін көрсетсе керек. Ғылым және білім берудің ұзақмерзімді стратегиялық бағытымыздың басым бағыттарының бірі ретінде танылуы келешегі кемел елдің ғана мақсат-мұраты болып айқындалары анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілгендей, келешекте отандық ғалымдар ғылымның әлемдік бәсекелестік қабілетін арттыра отырып, ғылым мен технологияны терең меңгеріп, жоғары еңбек өнімділігін көрсетіп, ел дамуына үлесін қоса берері сөзсіз.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, академик