Сонымен, заң қабылданды. 20 желтоқсанда Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерге Президент қол қойды. Енді онлайн төлемдер мен аударымдарға салық салына ма деген сұраққа долбармен емес, нақты жауап алуға болады. Өйткені күнделікті өмірімізге қарқынды енген мобильді ақша айналымын реттейтін уақыт жеткен болатын. Жаңа өзгерістер нені көксейді? Қатардағы адамдар зардап шекпей ме?
Жаңа норма наурызда күшіне енеді
Заңға өзгерістерді әзірлеуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, екінші деңгейлі банктер атсалысқан екен. Мұнда бастамашы болған Қаржы министрлігінің хабарлауынша, мобильді төлемдерді жеке тіркеу шарасы онлайн аударым жасайтын адамның бәріне бірдей салық жауапкершілігін жүктемейді. Тек бизнеске қолданыстағы заңнамада қарастырылған салық міндеттемелерін орындатуға бағытталған. «Жақында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) енгізілген өзгерістер салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға және адал бизнесті қолдауға бағытталған. Бұл нормалар кәсіпкерлік мақсаттағы мобильді төлемдерді жеке тұлғалардың жеке аударымдарынан ажыратуға мүмкіндік береді. Өйткені жеке тұлғалардың жеке аударымдарына салық салынбайды. Заңнамада «мобильді аударым» және «мобильді төлем» екі бөлек көрсетілген. Соңғысы тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу үшін жүзеге асырылады. Бұл салық декларацияларында кәсіпкерлердің кірістерін дұрыс көрсетуге септік етпек», – деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі. Мобильді төлемге қатысты салықтық нормалар 2022 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енбек. Ал жеке кәсіпкерлерге 2023 жылға дейін каникул жарияланғанын, яки салықтан босатылғанын ескерсек, жыл соңына дейін мұндағы жұмыстар тек ақпараттық сипатқа ие болатынын топшылауға болады. Ал 2024 жылы жеке кәсіпкерлер жалпыға бірдей декларацияға кіретінін ескерсек, кәсіпкерлік қызмет белгілері бар мобильді төлемдер бойынша деректермен алмасу тек 2025 жылдан бастап жоспарланып отыр.E-Salyq Business – кәсіпкердің көмекшісі
Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып және оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін e-Salyq Business мобильді қосымшасын іске қоспақ екен. Оны Play Market және App Gallery дүкенінен жүктеп алуға болады. «Мобильді қосымшаның функционалы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге, салық режимін таңдауға және өзгертуге, түбіртектер беруге, кірістер тізілімін автоматты түрде қалыптастыруға, қосымшада есептелген салық міндеттемелерін төлеуге, сондай-ақ алдын ала толтырылған оңайлатылған салық декларациясын ұсынуға және арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық есептілігін тапсырмауға мүмкіндік береді», – дейді ҚМ МКК-нің басқарма басшысы Гүлмира Смағұлова. Бұдан басқа қосымшада берешекті қарау және төлеу, мемлекеттік кірістер органдарынан хабарламалар алу, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте жеке кәсіпкердің қызметін тоқтату бойынша қызметтер де қолжетімді.Мәселенің шешімі – онлайн касса аппараты
Сонымен, Салық кодексіне енгізілген негізгі жаңашылдықтың басты мақсаты – кәсіпкерлердің ұялы телефон арқылы жасаған аударымдарын фискализациялау, яғни тіркеуді міндеттеу. Енді адам немесе жүк тасымалдап, такси болып табыс табуға болмайды. Ол үшін патент алып, арнайы салық режимін қолдануыңыз керек. Патент бойынша мөлшерлеме жалпы табыстың тек 1 пайызын құрайды. Егер айлық табысыңыз 300 мың теңгені құраса, онда мемлекетке небәрі 3 мың теңге салық төлейсіз. Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер бұрынғыдай мобильді төлемді алғаннан кейін тұтынушыға кассалық чек беруі керек.Шектік мөлшер енгізілуі мүмкін
Қазір Қаржы министрлігі мобильді аударымның шектік мөлшерін белгілеп жатыр. Мысалы, бір азамат бір айда әртүрлі жүз адамнан төлем қабылдаса және бұл үдеріс үш ай қатарынан қайталанса, яғни үш айда 300 әртүрлі адамнан төлем түссе, онда осындай жеке тұлғаларға қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. «Әзірге шектік мөлшер бекітілген жоқ, жобаны әлі банктер талқылап жатыр. Ол бір айда 80-100 мобильді төлем болуы мүмкін. Осындай шектік мөлшер бекітілген жағдайда оған төлем саны жетпесе, мұндай адамға қатысты сұрақ туындамайды. Сондықтан да кәсіпкерлер шотпен қазір қалай жұмыс істеп жатыр, cолай жалғастыруы керек. Кәсіпкерлер өзінің табысын жасырмауы тиіс. Өкінішке қарай, ондай адамдар кездеседі. Оларға ермеу керек. Өйткені мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үлкен қолдау бар», – дейді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. Маманның айтуынша, мұндағы басты мақсат үйден түрлі тағам мен торт пісіріп сататын кулинарларды, адам тасып табыс табатын таксистерді, той басқаратын асабаларды болмаса әншілерді, түрлі шарада аниматор және тағы да басқа қызмет көрсетіп ақша табатын өнер адамдарын көлеңкелі бизнестен шығару. Атқарып жүрген шаруалары жеке тұлғаға тән емес екенін және Қазақстан заңнамасы бойынша салық салуға жататынын түсіндіру. Осы тұрғыда жеке тұлғаның мобильді ақша аударымы туралы деректер салық органына берілмейді екен. Яғни, банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес, ақша аударымы туралы деректер қауіпсіз болады. Адамдар бұрынғыша жеке мақсаты үшін ақша аудара алады және қабылдай алады.Банк құпиясы ашыла ма?
Қанша жерден «Банк құпиясы сақталады, жеке тұлғалардың ақша аударымдары туралы ақпараты 2025 жылға дейін ешкімге жарияланбайды» деп хабарланып жатса да, бүгінде Салық кодексіне жаңа норма енгізілетіні туралы белгілі болып отыр. Оған сенсек, екінші деңгейлі банктер өз клиенттерінің жекелеген критерийлер бойынша кәсіпкерлік қызметті іске асырудан табыс алу белгілері анықталған операциялары жайындағы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер комитетіне жібереді екен. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарласқанымызда білдік. «Мұндай ақпарат Мемлекеттік кірістер комитетіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар бойынша беріледі. Жеке тұлғалардың банк шоттарында жүргізілген операцияларды кәсіпкерлік қызметті іске асырудан табыс алу белгілері бар операцияларға жатқызу критерийлері, мәліметтер ұсыну тәртібі, формасы мен мерзімдері Ұлттық банкпен мақұлдаған соң Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі. Қазір мұндай бұйрық Қаржы министрлігінде әзірленіп жатыр», – дейді «Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің басқарушы директоры Жеңіс Жанболатова. Бұйрық жобасы ҰКП-ға келісуге жіберілгеннен кейін «Атамекен» палатасы оны қарау барысында бизнес-қоғамдастықты тарта отырып қоғамдық тыңдау өткізбек ниетте екен. Ендеше банк құпиясын ашу қаншалықты заңды? Оны уақыт көрсетер.